Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мигуля минадан қалай аман қалды?

28.10.2022, 17:15 493

HALYQLINE.KZ

Владимир Мигуля дегенде, елең етпейтін адам жоқ шығар сірә. Оның атақты «Трава у дома» әнін «Земляне» тобының орындауында әлі де жиі естіп жүрміз, тіпті қазақ тілінде де айтылып жүр. Осы ән 2009 жылы «Ресей космонавтарының гимні» деген «Роскосмостың» сертификатына қол қойды.

В.Мигуля 1945 жылдың 18 тамызында Сталинград қаласында дүниеге келді. Н.С.Хрущев Сталинград қаласын Волгоград деп өзгертіп, қалада «хрущевка» деп аталып кеткен көпқабатты үйлер салынып жатқан 1959 жылы Володя 8-сыныпта оқып жүргенде мынадай оқиға болды. Құрылыста тегістелген жерде ауладағы балалармен футбол ойнап жатқанда доп қашыққа кетіп қалғанда, Володя мен Вася оған бірдей ұмтылады. Алайда бұрын жетіп допты ала бергенде күшті жарылыс болып, Васяның денесі бөлшектеніп кетеді, бұл соғыс кезінде көмілген немістердің минасы еді, сөйтіп бір өлімнен аман қалған болатын. Володя мектепті музыка мектебімен қатар оқып бітірді, мектептегі қойылатын концерттің ажары болды. Алайда соғыс кезінде медицина қызметінің лейтенанты болған анасы Людмиланың айтуы бойынша Волгоград мединститутына түсті, ол кезде ата-ананың айтқаны – заң, қарсы шыға алмайды. 1963-1968 жылдары оны қызыл дипломмен бітіріп, мамандығы бойынша бір жыл істеп, анасына шуба мен үлкен кілем алып берді. 1969 жылы Ленинград консерваториясына оқуға түсті. Сол кезден бастап ұнаған өлеңге ән жаза бастады. Алғашқы әнін анасына арнады, себебі еңбек демалысына шыққасын консервторияға түсетінін айтпай Ленинградқа кетіп қалған еді. Ол ән «Поговори со мною мама» деп аталды. Әнді Людмила Зыкинаға апарып көрсетпекші болғанда, ол шетелде ұзақ гастрольдік сапарда екен. Сол кездегі жас әнші Валентина Толкунованың үйіне барады. Ол туралы В.Толкунова былай деп еске алды: «Жас жігіт әнін кібіртіктеп айтып көріңізші деді. Ән мәтінін оқып болғасын, ол пианинода сүйемелдеді, мен әнді бірінші рет орындағанда үйде тек анам ғана болған, ол екі көзінен жасы сорғалап жылап тұр екен. Валя, бұл ән, тек ол жігіттің анасына ғана емес, бүкіл аналарға арналған ән» дегені рас болып шықты». Ән бірінші рет бүкілодақтық радиодан айтылған соң, В.Толкунова танымал әнші болды. Бүл әнді басхатшы Л.Брежнев да жақсы көріп кеткен көрінеді, ыңылдап айтып жүріпті.

В.Мигуля 1970-1995 жылдары 25 жыл бойы шығармашылық өрлеуде болды, оның әндерін И.Кабзон, Э.Хилль, Л.Зыкина, В.Ободзинский, М.Боярский, С.Ротару, В.Трошин, Я.Иолла, т.б. әншілер мен «Земляне», «Пламя», Самоцветы» ансамбльдері орындады, «А мне не надо от тебя», «Песня о солдате», «Аты-баты», «Аленский цветок», «Созвездие любви», «Листопад», «В саду играет музыка», «Каскадеры», т.б. әндерін ешкім ұмыта қойған жоқ. Ал, «Аве-Мария» әнін орындаған Роза Рымбаева «Гран-при» және «Галла-83» халықаралық фестивальдың бас жүлдесін жеңіп алған болатын.

Сосын 1985 жылдан бастап қоғамды дағдарысқа ұшыратқан демократияландыру мен қайта құру басталды. СССР-да тыйым салынған рок топтар сахнаға шығып, стадионда 100 мыңдаған жасты жинайтын болды. Эстрада жанрындағы әншілер мен композиторлар екінші орынға түсті. Бірақ Мигуля өзінің тобымен елді аралап көрерменнен кенде болған жоқ. Оның тобында клавиште қазіргі Ресей эстрадасының мэтрі Игорь Крутой, әнші А.Серов, т.б. болып, өнердегі қадамын бастады. Алайда шоу-бизнесте бәсекелес күшті болғасын ол жеткіліксіз еді. Сондықтан Мигуля Москваның қақ ортасындағы Арбаттан ғимаратты жалға алып, продюссерлік орталық ашып, нарыққа байланысты сахнаға шыға алмай қалған белгілі және жас әншілердің бағын ашу үшін жұмыс істегісі келді. Ол Володяның қолынан келетін еді, 80-жылдардың басында И.Кобзон екеуі қайырымдылық концерттер арқылы қаржы жинап, ауруға шалдықандарды шетелде тегін емдеу үшін «Мегаполис» және қызмет барысында қаза тапқан милиция отбасыларына көмек көрсететін «Щит и Лира» қорларын құрған болатын. Алайда, Мигуляны шоу-бизнеске жібергісі келмей жасырын қарсыластары қарсы әрекетке көшті, себебі, атақты әншіні қолдайтындар өте көп еді, өздерінен озып кеткенді кім жақсы көрсін. Бастапқыда телефон арқылы қоқан-лоқы көрсете бастады, сосын үйінің сыртқы есігіне бензин шашып өртеп жіберді. Ең соңында қарсыластырының МВД-да тіректері күшті болғасын, Арбаттағы ғимаратты ОМОН-дықтар басып алды. В.Мигуля шарасыздықтан президент Б.Н.Ельцинге «Ашық хат» жазды, бірақ бақталастары, оны президент көмекшілері арқылы жоқ қылған болуы керек, жауап болған жоқ.

Алайда, Мигуля қол қусырып қарап отырмай, басқа ғимаратты жалға алып, шетелден аппаратура сатып алды. Қарсыластары басқа тәсілге көшіп, телефон арқылы «бизнесіне біз крыша боламыз» дегенде, «маған күзетшілер керек емес» – деді. Володя мектепте оқып жүргенде бокспен айналысып, Москваға келгенде каратэ секциясына қатысып арнаулы куәлік те алған болатын және жеке күзетшісі, әрі жүргізушісі, әрі досы Здуард Попенков болды. Бұл, әрин,е «Лихие 90-ые» деп аталып кеткен, ашық бандитизм заманында жеткіліксіз еді.

Қастандық 1994 жылдың 7 сәуірінде жасалынды. Эдуард жеке жұмыстарымен сұранып кеткенін білген болуы керек, Мигуляның машинасының руль жақтағы орындығына пультпен басқарылатын мина қойылды. Бірақ Эдуард жұмыстарын ерте бітіріп келіп, сол күні рульге өзі отырды. «Мерседес» іші қапырық болғасын, артында отырған Мигуля ауа кірсін деп, төбедегі люкті ашып қойды, орнынан он метрдей қозғалған кезде күшті жарылыс болды. Сол кезде қасынан өтіп бара жатқан каскадер көршісі Александр Никулин артқы орындықтағы Володяны бірінші шығарды, екінші екі аяғын жұлып кеткен Эдуардты шығарды, ол жедел жәрдем келгенше қансырап өліп кетті. Мигуляның аман қалған себебі, төбедегі люкті ашқаны себеп болды, жарылыс толқыны сол арқылы шығып, төбесін жұлып кеткен болатын, егер оны ашпағанда бензин бак жарылып, екеуі де тірілей жанып кететін еді. Бұл қастандықты шетел баспасөзі жарысып жазғандықтан, кей шетелдер дарынды композиторды өз еліне шақырып, баспана беретінін жазғанда Мигуля олардан бас тартты.

Володя ауруханадан жазылып шыққанмен көп ұзамай өкшесін баса алмай, аяғының ұшымен жүретін болды, сөйлеу ырғағы бұзылып, құлағы естімей қалды. Сосын тросикке таянып жүретін болды, сосын арбаға танылды, арбаға да отыра алмағасын төсек тартып жатып қалды. Әйелі Марина мен достары көрсетпеген жері қалмады, диагнозы рак ауруынан да қатерлі болып шықты, «боковой амиотрофический склороз» қарапайым тілмен айтқанда нерв жүйесі мен қозғалыс-тірек буындары бірте-бірте істен шығуы, дәрігерлер бірден ол емделуге келмейтінін айтты. Бұның барлығы машинадағы мина жарылысынан контузия алғандығынан болған еді. Марина Германиядағы таныстарынан операция жасауға болатынын, бірақ жазылуына кепілдік бермейтінін білсе де, операция жасатып келді. Ол Володияның өмірін тек 3 жылға ұзартты.

Осы 3 жыл ішінде қарап жатпай, ол синезаторды тізесіне қойып 20-ға жуық ән жазды, оң қолы істемей қалғанда, сол қолының үш саусағымен ғана клавиштерде ойнады. (не деген еңбекқорлық). Соның ішіндегі ең атақты әні, дәрменсіздік күйден түңіліп жазған  «Құдай-ау, менің көзімді ашшы» (Открой мне Господи глаза).

Владимир Мигуляның 50 жылдығы мен шығармашылығының 25 жылдығын атап өту үшін, барлық достары жиналып ГЦКЗ (мемлекеттік орталық концерт залында) 1995 жылдың 17 қаңтарда үлкен концерт қойды. Орталық телевидениеде тікелей көрсетілсе деген өтініші орындалған жоқ. Концертте бүкіл эстрада жұлдыздары Мигуляның әндерін орындады, әйелі Марина да Володяның әнін орындады. Радиодан үйде қалып, тікелей естіп жатқан Мигуля үш жыл ішінде бірінші және соңғы рет көз жасына ерік беріп жылап жатты. Осы концерттен соң, бір айдан соң 18 ақпанда 50 жасында көз жұмды. Үш жыл бойы ауырғасын, қаражат жетпегесін саяжайын, автокөлігін сатты. Москваның орталығындағы үлкен пәтерін жалға беріп, өздері шет жақтағы бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрды. Қайтыс болғасын, жерлеуге де ақшасы болмағасын телефон арқылы таныс әншілер мен музыканттарға хабар бергізеді. Үкіметке хабарлағанмен, олардан хабар болмады. Көңіл айтып келушілерден түскен қаражат жерлеуге, 9 және 40 күндігіне жетті. Ал, меңіреу үкімет есін жиып Мигуляның кім екені есіне түскен болуы керек, жылын жасар кезде, Ваганьков зиратындағы қорым басына мүсін ескерткішін орнатты. Ол ескеркішті 2009 жылы вандалдар ма, әлде бұрынғы бәсекелестері ме ұрлап кетті.

Володияның әкесі Григорий Мигуля соғысқа қатысқан әскери ұшқыш еді, 2020 жылы 101 жасында қайтыс болды. Ал анасы Людмила баласы қайтыс болғаннан кейін «мен үшін өмір сүрудің еш мағынасы жоқ» деп жиі айтатын, ұлы қайтыс болғаннан кейін 10 жыл өткенде 2006 жылы дәл Володя қайтыс болған күні, 19 ақпанда көз жұмды.

В.Мигуля 3 рет үйленген, алғашқы екі әйелі дарынды адамды түсінгісі келмеді ме, әлде мінездері сәйкес келмей ажырасып кетіп, 40 жасқа дейін бойдақ жүріп қалды. 1986 жылы Таллинге гострольге барғанда жергілікті телевидиененің дикторы Марина Симонияға ғашық болады, күйеуі мен қызы бар екеніне қарамай, қолы мен жүрегін ұсынады. Сөйтсе, мектеп бітіретін жаңа жылдың түнінде Мигуляны түсінде көрген екен, ол да көзін жұмып Москваға қызымен еріп кетеді. Володядан да қыз туып алады, бірінші әйелі Аннадан да қызы бар еді, үшеуінің фамилиясы Мигуля. Мария адал болып шықты, қанша қиындық көрсе де, әлсіздік көрсетпеді, бәрін де көтерді, әсіресе төсек тартып жатқанда Володяны күніне 2 рет ысқылтым ваннада ұстайтын, себебі қозғалмаған адам үшін, ол өте қажет еді. Ең бастысы, қорымға жерлеуге апара жатқанда, қатты аяз күні аспанда найзағай ойнап күн күркіреді. Христиан дінінің сенімі бойынша әулие адамды жерлер кезде, Жаратушы осылай белгі береді екен. Ол шынымен әулие болған еді…

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: