Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көзден өшіп, көңілде кеткен суреттер

07.09.2023, 10:40 230

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ

ТІКАША   «ТУННЕЛІ»

(Қытайдың  бамбук  нуына  бергісіз  нарлық қамыс  туралы)

Қай өзен де ирек-ирек жол сыза, өзінің аңсаулы-ұмтылысты айдынына жетіп, оған қауыша құяр жерінде сан-сала тармақтарға бөлініп, атырау рәсімін жасайды. Аралға құятын Сырдың да өзіне тән айтулы атырауы бар еді. Дария сан-тараудан жиып әкелген суын сол, тоғыс алабында теңізге сан-тараумен қайта таратып құятын. Сырдарияның атырауындағы оң жағалық Тікаша өзегі сондай тарау судың бір мәнді тармағы еді. Бір жағынан, осы арна Сырдарияның Аралға сұғына жайылған құм қайырын (авандельта) айнала жүзіп жол ұзартпау үшін, теңіз сейістері Кіші Аралдан дарияға тіке тартып салған су жолы десе де болар еді. Кезінде ірі тоннажды кемелер де онымен жүріп, дария-теңіз арасын қысқамойын қатынаспен жалғаған деседі. Ал мен көрген уақытта, ол өзекпен «реечка» деп аталатын шағын ағаш корпусты кемешелер ғана жүзе алатын, тайыздап қалған шағын ғана арна түрінде еді.

Тікашаның теңіз беттегі кіреберісі, кәдімгі, жасыл жарлауытқа ойылып салынған туннельдің аузындай болып, қарауыта үңірейіп, алыстан көзге ұрып тұратын. Іші де кәдімгі жер астындағы туннель сияқты, қақтап тұрған аптап ыстықта салқын самал ескен қоңыржай, күңгірт бір қызық әлем еді. Ересен биік қамыстар бастарын иіп, бір-бірімен үпелектерін араластыра, жоғарыдан биік күмбез жасай төніп тұратын. Сондай қалың күмбез-төбенің ар жағындағы аспан көрінбейтін. Кеме капитандары «үңгірдегі» мамыражай тыныштықты бұзғысы келмей ме, думандатқан аң-құсты үркітпеу үшін бе, көбіне, ағыс бағытымен жүргенде, кеме моторын сөндіртіп тастайтын. Сондайда кемелердің биік діңгегіне орнатылған жайтартқыш істік темір (штык-молниеотвод) тымық ағыста үнсіз жылжыған қайыққа төне иілген қамыс-күбез төбені сызып, ызыңдап ән салғандай бір үн шығарушы еді…

Сондай бір өткелекте біз мінген балықшы қайығы Тікаша-«туннель» ортасына тоқтап, маған сол бір «гулливер» қамыстар арасына бойлап барудың сәті түсе қалды. Бұл әуестік дегенді қойсайшы, қайықтан ала шыққан орақпен ең ұзын деген бір қамысты түбінен орып алдым. Ең жуан дегенінің түбінен бір-екі буындық кесіндісін тағы алдым. Қайық тола заттардың үстіне ерепейсіз ұзын қамысты жатқызу ыңғайсыз болып, әрі біреу үстіне отырып, басып сындырар деген сақтықпен, әлгі олжамды шыжым жіппен қайық артына тіркеп байладым. Және дағы, ондай ұзын қамыс сол бүтін қалпында, сол кездегі біздей бала үшін қармақсапқа да таптырмайтын аса қолайлы дүние еді! Сол қамыстың қауылдырықтары (жапырағы) күректей ірі, бойы соншалық ұзын болғаны сондай, ол біздің теңіз-көлік қайықтан біржарым еседей ұзына созылып жатты. Тікашадан Бөген ауылына жеткенше 30 шақырымдай теңіз бар еді. Сол жолда әлгі олжамды, желқабаз толқынды теңіздің жұлып алып қалғанын бүгін де өкінішпен еске аламын. Мазасыз теңіздің қай толқыны жұлып әкеткенін кім білген, әйтеуір, бір қарасам, қайыққа тіркеулі қамыс жоқ, шолтиған шыжым-жіп қана қалыпты.

Үйге жеткесін, қолымда қалған екі буын қамыстың диаметрін өлшеп көрдім. Әлгінің жуандығы 8 сантиметрден асып тұрды. Бұл да мен көрген джунглидегі гулливер-қамыстың үлкені емес-ау деп ойладым. Сірә, діңі 10 сантиметр, онан да жуан қамыстар болуы мүмкін ғой! Ал ұзындығы… өкінішке қарай, оны тек жобалап қана айта аламын: сол алып қамыстың ұзыны 10 метрден кем емес.

Ол кезде мен мектеп жасындағы бала едім…

Сонау ертегі іспетті «туннель» Тікашаның сол ғажайып табиғаты менің тұңғыш қанатқақты дүнием «Алыстағы аралдар» повесіне бір сәтті эпизод болып дарып та кетті.

Онан кейінгі тарих енді тым көңілсіз…

Сырдария тоқсан тоғыз жерінен буындырылып, күріш деген сусамыр дақыл көп алапқа экспансия орнатып, дария суының құрамында пестицид-гербицид заһарлар көбейген сайын, Сыр аяғының сол ғажайып жунглиі азып-тоза бастады. Кешегі 60-жылдардың ортасы еді. Бұл жайтқа Сыр суының азайғандығы тағы қосылды… Бәрі Аралдың сұмдық қасіреті түрінде бүгінгідей көрініс тапты ғой… Енді біздің осы күні қамыс деп көріп жүргеніміз шайлап қалған сол кереметтердің әбден азғындаған түрі. Сыр бойындағы заңғар нарлықтар аң-құсымен қоса азып, әбден майдаланып, кей жерлерде мүлдем жойылып кетті. Сыр аяғы осы күні көсенің иегіндей жалаңаш… сұрқай… Бүгін енді ұзына-бойы 3-5 метрлік құрақ көрсе, «мынау нарлық екен» деп, жұрт соған тамсанып жатады. Қайтерсің! Сол байлықтың ендігі қалған жұқана кескіні сондай. Ойсыз іс-әрекеттің  жеткен  жетістігі қай бір оңған сыбаға  болушы еді?..

Дүниеге мәлім Қытай, Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік Азия бамбугі деп аталатын бунақты құрақтардың (бәрінің тегі – сол қамыс болар?) кезіндегі біздің сол алып нарлықтардан артық жері шамалы-ау деп ойлаймын. Ол дүниелер осы күні сол елдердің баға жетпес бір байлықтары болып табылады. Біз ондай байлықтан, «аса көреген, аса ақылды» қытымыр есеп-саясаттың арқасында, солай айырылып қалғанбыз.

Сонау Арал джунглиі деген «ертегіні» көру бақытына біз үлгеріп едік…

ТҮНГІ   АРАЛДЫҢ   «ҚОНАҒЫ»

Бұл хикаятты Қызылорда маңындағы Тоған шаруашылығы ауылы (ауызекіде «Бектұрсын Жүгінісов» ауылы атайды бұл елді мекенді сол азаматқа алғысты жұртшылық) тұрғыны Шамшырақ Сағынаев айтты маған. Ол азамат Арал айдынының толымды уағында теңізде біраз балықшылық, кеме матросы жұмыстарын атқарған. Енді дария бойындағы осы  ауыл  тұрғыны…

Ашық теңізге ау-құралын намаздыгер мен намазшам арасында төгетін балықшы, күн райы дұрыс болып, су беті тыншу рай танытқандай болса, қайығын сол ау шетіндегі көшкіге байлап, сол жерде – су үстінде түнегенді мақұл көреді. Бүйтетін себеп, біріншіден, ашық теңіз айдынына жиектің жаудай масасы жете алмайды; екіншіден, таң бозынан тұрып, балығын шағалаға шоқытпай, ауға түскен нәпақаны тезірек жинап алуға сол қолай.

Балықшы ағайын «пластмасса» деп атап кеткен қайықтағы екі жігіт сондай тірліктің бір ретінде, ашық теңізде қонуға ұйғарған ғой. Ауларын төгіп болғасын, күннің қызылы семе, кешкі тамақтарын ішіп алған екеу ұйқыға бас қояды. Шырадай тымықтағы теңіз-бесік үстіндегі ұйқы қандай! Бірақ бір тосын жайт сол тыныштықтың шырқын бұзып, түннің бір уағында, шырт ұйқыдағы екеуді оятып жібереді. Төңірек – сол тынық ауанды теңіз. Бірақ сүйегі ауыр қайық, әлденеге, толқын соққандай аудаңдап, мазасызданып тұр екен. Бұл не болғаны деп аңдап қараса, сырттан (теңізден) қайық ернеуіне асылған әлдекім жоғары көтеріліп, қайыққа мінуге тырмысып жатқан сияқты. Ұйқылы-ояу екі жігіт бұл істің арғы барысын үнсіз күтіп жата береді. Сәлден соң, ашық каюта есігінен, түн бозамығында тұрқы сұлбаланып, қайық үстіне бір еңгезердей алып тұлғаның көтерілгені байқалады. Әлгінің ауыр дем тартқаны, үстінен сорғалаған судың шорылы – бәрі құлаққа ап-анық естіліп тұрады. Өн-бойларын қорқыныш билеген екеу сол үнсіз қалыптарында қала берген. Түнгі теңіз қонағы, сәлден соң, бері жылжып, каюта ішіндегілерге назар аудармастан, каюта-үйшік қапталындағы жиекшемен (фальшборт) қайықтың бас жағына, көшкі-арқан салынатын бакке қарай өтеді. Енді бір шамадан соң, баспана төбесін сықырлатып, каютаға құйрық баса отырғаны байқалады.

Бұл үнсіз отырыс ұзаққа созылар ма еді, бірақ, сол жерде, каютадағы екеудің бірінің батылы жетіп, «үйшік» төбесін жұдырықпен дүңкілдетіп ұрады. Сол-ақ екен, әлгі қонақ каютадан лез тұрып, күмп беріп суға қайта сүңгіп кеткендей болады… Ертеңіне қараса, қайықта түнгі қонақтан қалған ешқандай із-белгі жоқ. Алысырақ төңіректе өздері сияқты теңізде түнеп шығып, ау суырған жігіттерден сұрастырып көрсе, олар да ештеңе айта алмайды. «Сонша теңіз түбінен бейнет қылып, өздеріңді іздеп келген қонақты бір шәйнек шайға шақырмай, сендердікі дұрыс болмаған, шамасы, қонақ сендерге ренжіп кеткен» деп, құрдастары қалжыңға басады бұл жайтты. Сол жұмбақ солай шешусіз кеткен.

Сол «Тоған шаруашылығы» ауылындағы Текебай қария ертеректе айтатын: жастау кезімде Аралда көп теңізшілік құрдым. Сонда мен қасында қосшылықта жүрген көнекөз шалдар айтатын көп әңгіме арасында, «бұл теңіздің үстінде бір бөлек қара мұнар көшіп жүреді» деген бір гәптер де естіліп қалатын. Бір күні, Көкаралдың түстік бетінде кемеміз рейдте тұрғанда, Өндір-тау мен Балуаншыңның арасында ұйысып тұрған бір бөлек тұмандай қара-қошқыл мұнарды өзім де көрдім. Оны бірінші байқап, кемедегілерге жариялап, «мынау не нәрсе?» деп сұрағанымда, топтың үлкендері: «Бұл теңізде аруақ бар, балам, анау көрінген – мұнар болып көтерілген теңіздің сол аруағы болар, ол өзі, жарықтық, теңіз үстінде, күн ашықта да бір бөлек күңгірт бұлт, қою тұман болып көшіп жүреді деуші еді, адамның көзіне көп түсе бермейді екен, бүгін бір біздің көзімізге түскен сәті болды ғой» деп біраз қауқылдасып басылған…

Текебай қарттың осы сөзінен кейін, маған 2001 жылдың жазында, Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің мұғалім-студенттері тобынан құралған археологиялық экспедиция құрамында, Арал ұлтанынан ашылған бір мешіт пен көне қорымның орнына барудың сәті түскен. Сол қабірстан басындағы бейіттердің тығыз орналасуы мені таңғалдырды. Және анау-мынау емес, ол жерде кәдімгі ежел, сән-салтанатты тарихи жәдігерлердің белгісі деп танылған  мавзолейлер   үлгісінің    нышандары – керамикалар мен жөргем оюлы қыш кірпіштер аса көп мөлшерде шашылып жатты. Ғылым ұйғарымы кейін ол жерді «Кердері-1» деп атапты. Кейінірек, Барсакелмес аралына жақынырақтан ашылған «Кердері-2» мекен-жұртына да жол түсті. Бұл екіншісі – қабірстан емес, адамдар өмір сүрген елді мекен екені сол жұртта қалған тұрмыс заттарынан, ерекше үлкен диірмен тастарынан байқалып тұрды…

Осы тұсқа тағы бір халықтық мәліметті қоса кеткен дұрыс болар. Ғалым Т.Мәмиевтің айтуынша, 1897 жылы Санкт-Петербордан келген Орыс императорлық академиясының қызметкері Розен деген кісі Қазалы оязының 78 жастағы тұрғыны Жайлаубай деген адамнан жазып алған: Арал теңізі күшті дұғамен пайда болған су. Оның ұлтанында отырған бір жұрттарды аса ғұлама, оқымысты бір діндар адам (ишан) қарғаған…

Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Арал теңізінің астында қырық қаланың орны жатыр деп мәлімдегені белгілі. Сол «қырықты» Арал бізге түгел аршып бермесе де, терең түбінде жасырып келген бірер жұмбақ шетін байқатқаны анық еді. Көз алдыма бір қызық сурет келеді. Кең көсілген ұлан-байтақ массагет даласы. Гүлденген өлке. Осы күнгі Еуропаның екі-үш мемлекеті сиып кетердей даңғайыр кеңістік. Қалалар, сол кездегі кәсіп орындары, егістік алқаптары… Сол өркендеу өлкесін табан астынан топансу қаптай басты. Осы күнгі ғылым сөзі айтып жүргендей, ол – Әму-дария арнасының бері аунауынан көтерілген жай су қозғалысы емес, жергілікті жұрт аңызында аса мән беріліп айтылатын, бір түнде ел-жұртты набыт қылған күрт, апатты, тұтқиыл тасқын. «Жөңкілген су шапқан аттың тілерсегін қаба қуып отырған… Артта шулап қалған адамдардың үндері құлақта кеткен… Тасқын су жартас жағалауларға үш рет ұрып барып басылған… Апатты судан бір аралда жалғыз қасқа құлын аман қалып, сол жер кейін Қасқақұлан атауы аталған…». Аңыз сөздері осылай дейді. Ал, енді, осыны Аралдың өз үстінде болған топансу, сол тасқын астында қалған жұрттарды Арал Атлантидасы демеске уәжің бар ма? Бұл қайдан келген сонша күдірей тасқын?.. Әрине, тарих айтса, Арал теңізінде бірнеше рет судың тасу-қайту құбылысы болған. Бұл жағдай Әму-дарияның биік «құндақты» арнасының ары (Каспийге), бері (Аралға) аунауымен түсіндіріледі. Солардың бәрінен Арал жұртшылығы аңызында сақталып қалған, осы күні де ара-тұра екпін сала айтылатын, теңіздің кешегі  күнгі  жағалауын қапқан «бір түнде тасу» оқиғасы мүлдем басқа сарын. Бұл – бір. Тағы бірі, сондай тұрақсыз теңіз табанына іргелі қала салып, мешіт тұрғызып сол халық қалайша шолақ пайым жұрты болған?.. Мысалы, бүгінгі Аралдың 60 жылға жуық қайту жағдайында, ең заманауи мықты технологиялармен теңіз ұлтанына шөп егу, сексеуіл өсіру машақаты оңайға түсіп жатқан жоқ. Ал ел қоныстанып, қала салынуы үшін «массагет даласы» қанша ғасыр теңіз суынан ашық жатуы керек еді? Және десе, осыдан мың жыл шамасы бұрын Аралды көріп, біршама зерделеп, хатқа түсірген араб ғұламалары ибн-Рушди, әл-Истахри, Идриси, Әбіл-Фида, олардан берігерек Әбілғазы хан  (ХV-ХVІ ғасыр) «кешегі» ғана кезеңдегі Аралдың толымды жағдайы, судың кей кезеңде тасу-қайту үдерістері болмаса, апатты тасқын туралы еш мәлімет айтпаған сияқты. Ал «Кердері» жәдігерлерінің жас шамасын ХІV ғасырдан арыға асыра алмаған ғалым Карл Байпақов теңіз өмірі мен оның табанынан табылған өркениет жәдігерлерінің қалай сәйкестенетіні туралы сұрақтарыма, «в этих вопросах пока и я затрудняюсьтан» артық мардымды жауап айта алмады. Ол кісі орта ғасырлардың ХІV жүзжылдығын тереңірек зерттеген ғалым болғасын ба, керамика өрнектерін негізге ала отырып, бәрін сол ортағасырлық кезеңге сая берді. Жергілікті ғалым Тәңірберген Мәмиев қана батылдық танытып, бұл артефактылар кезеңін ақ ғұндар (эфталиттер) дәуірі – ІХ ғасырға қарай ығыстырып, 500 жыл арыға «кеңітіп» айта алды. Яғни, «Арал Атлантидасы» – дерегі әлі нақты тұғырын таппаған феномен деуге болады. Дегенмен, осыдан 2 мың жылдан арғы массагет даласы (Тұмар ханым заманы), 1 мың жыл шамасы бұрынғы араб жазбалары мәліметтері және кешегі орта ғасыр жазбалары арасында қиысуы қиын көптеген алшақтық жатыр. Иә, Арал тағдыры – сан-қилы қайшылық, құбылыстарға тола тарих. Түбегейлі зерттеу күтіп жатқан қызық та, қалың қорда.

Әңгімеміз түнгі теңіз «қонағынан» басталып еді. Арғы сөз Арал үстін кезген «аруақтар тұманына» ұласып кетті. Және бұл бізді аз-кем тарихи экскурс жасауға да шақырды. Тоқетер сөз, Арал тегін су емес. Ол мыңжылдықтар құпияларын тереңінде бұқтырған ерекше айдын болған. «Түнгі теңіз қонағы» бола ма, әлде, теңіз үстін кезген бір бөлек «мәлімсіз тұман» бола ма (мұндай және басқа да құбылысты Барсакелмес аралында ғалымдар да байқағанын айтады) сондай нышаналы жайттардың бір себебі сол ұшан тереңінде сақтаған тылсым тарихтан болуы әбден мүмкін ғой… Аруақтар белгі береді деседі… Кім білген?..

ТОҚЫМДАЙ   БҰЛТТЫҢ  «ТОПАЛАҢЫ»

Ертегілерден естуші едік, «тоқымдай ғана бұлт шығады, сол бұлт ішіне баспалап, жасырынып келген айдаһар, жер-дүниені үйіре тартып, деміне іліккендерді аспанға көтеріп әкетеді…». Ертегі дегенің көп қызық айтады ғой. Ал бүгіннің жертабан түсінігінде «торнадо», «алапат құйын» деген мәлім құбылыстар енді жұртқа пәлендей таңсық та емес. Әйтсе де, сонау ертегі мен шындықтың екі арасынан келген сияқты бір жайтты мен өзім бастан кешемін деп ойламап едім.

1967 жылдың жазында, мектеп бітіргеннен бір жыл өте, Алматыдағы журналистика оқуына барар талап алдында, балықшылықта еңбек өтілін жинау мақсатында жұмыста жүрдім. Теңіз әлі де өз қуатында, Аралдың қайта қоймаған кезі. Солтүстік Аралдың Кіші Қаратүп деп аталатын басаты мен өзегінде балық та, балықшы талап та көп. Күн тымық болып, күн райы қолай берсе, өзектен Берден-қайыр жағадағы ашық суға шығып, түнгі теңізде де жылым тартамыз. Сол күні, сәске әлетінде неге ашық теңізде келе жатқанымыз есімде жоқ. Әбдіраман Әбішев ағаның жылымында, Жұмқал аға («Абыржы» романымдағы Құлжұмыр прототипі), Зәру апа («Алыстағы аралдар» повесіндегі аспаз Зура апай прототипі), Құдайберген Серікбаев, Әміре, Өтеумағамбет атты ағалар (зейнетке шығар алдында, айлығы көп деп балықшылық жұмысқа келген үлкендер), Шәшкел, Сергей Махамбетов ағалар бар – осылардың біразы сол қайық үстінде келе жаттық. Жылымдағы портал қайық деген азбырайдың «алты селілік»   тырқылдақ моторы сенімді, жағалаудан 300 метрдей қашықтықта, басат өзегіне кіруге қамсыз келе жатқан бетіміз еді. Күн шырадай тымық. Тымық ауа астында беті жібектей сусып жатқан мамыражай теңіз… Маусымның шілдеге ұласар тұсы. Құбыла беттегі Көкарал үстінде бір шөкім бұлт бой көтергендей болып, әлденеге «едірейіп» тұрғанын байқадым. Көрмей жүрген бұлт па, соған мән берген тобымызда ешкім болмады-ау…

Кіші Қаратүп өзегі алқаракөк тартып, адам қорқытардай түксие түнеріп жатушы еді. Кейін ойласам, Арал жарықтықтың бақи әлеміне ұзар алдындағы бір аруақтанған салтанатты бой жасауы сияқты екен сол атойлы да әсем көрініс. Әлгі өзекке кіруге бір шақырымдай жер қалғанда, бағанағы Көкарал беттегі тоқымдай бұлт етек-жеңі салбырап, төбемізге төніп келе берді. Бұлт астында – аспан мен теңіз шекарасын білдірмей жіберген сұрғылт шаңыт па, әлде, қалың перде ме – сондай бір түсініксіз, мұнарлы жағдай бар екен. «Апыр-ай!..» деп, үлкендер сонда ғана қауіп айта бастап еді…

Сол бұлт күннің көзін тез жапты да, төбемізден бір зұлмат келіп басқандай сұмдық жағдай кенет орнай қалды. Аспандағы бұлттың толассыз күркірінен төбеде мың-сан трактор ойқастап, ойнақ салып жүргендей бір әсер байқадым. Кенет жауып  берген  жаңбыр – жаңбыр емес, төбеден ақтарылып құйылған дария суы секілденіп көрінді. Қапелімде қайық іші тола су болды. Портал қайықтың сенімді, «алты селілік» тырқылдақ моторының үні тез өшті. Қол созым жерде көрініп келе жатқан жағалау көзден бұл-бұл ұшып, жер қайда, су қайда – адам түсініп болмастай бір жағдай орнады. Бұлттың асты – жан-жағыңнан жұлмалап ұрғылаған әлденедей бір түсініксіз қатқыл ексім еді. Бұл – бір бағыттан соққан жел не дауыл емес. Сонан ба, су бетінде көтерілген толқындар әдеттегіше бір бағытқа жөңкіле көшпей, теңіз үсті сақырлап қайнаған қазан секілденіп, айналада көтеріліп-басылған мазасыз су  бұрқақтар  әлдебір  күшпен  аспанға атылып-құлап жатқандай болды. Тал түсте күн батқандай қараңғылық орнады.

Мен топтың ішіндегі бала болған соң, үстімде өзгедей киімім жоқ, жалғыз ғана лыпамен, «загар алып», күнге күйіп жүретін едім. Төбеден құйылған қара мұз тасқыннан жанұшырып, портал қайықтың белазына деп аталатын ағаш сәкісінің астына кіріп кеткенімді білемін. Адамдар екі-үштен, бастарын қорғап ұйлыға бұғысып қалған екен. Тосыннан келіп ұрған зұлматқа қарсы бір әрекет ету деген ешкімнің ойына келе қоймаған сияқты. 

Тоқымдай деген бұлтыңның шет-шегі, артының шекарасы жоқ сияқты еді. Ұйытқып соққан қара мұз ексімінен қалшылдап тоңа бастадым. Әйтсе де, енді бір сәт, таң атып келе жатқандай айнала сәл жарық тартты. Енді сәлден соң, лақ етіп құйып басталған жаңбыр, кәдімгі пышақпен кескендей, кенет сап тыйылды. Қапелімде жылтырап күннің көзі көрінді. Арасында мың-сан «трактор» ойнақтаған қара бұлт аспанда жалт та жұлт бишік үйіріп, қырға қарай ұзап бара жатты. Сөйтсек… теңіз беті – төңірек сол баяғы мамыражай тыныш қалпы. Берден қайыр сол 300 метр шамасында, қасымызда көлбеп жатыр. Теңіз суы саумал сүттей  жып-жылы… Төңірек – бейбіт дүние!..

Енді бір сәт, теңіз бетін шолп-шолп еткізіп, әлдебір майда шабақтар, әлде, торталар ойнай бастағандай болды. «Әлгі алапаттан кейін су астындағы балықтар да қуанып, мерекелеп жатыр екен-ау!» деген ой келді маған. Сөйтіп отырғанда, кенет әлдене қайықтың азына-сәкісіне тарс етіп соғылып, оның сынған жарықшақтары денеме қатқыл тиді. Әлгіні анықтап қарасам, бір көсек мұз сынықтары. Сол сәт, шолп етіп дәл қайық жанында тағы бір балық ойнағандай болды. «Балық ойнаған» жерге қарап, су бетінде үлкендігі грек жаңғағындай домалақ мұздың жүзіп жүргенін байқадым. Бұршақ! Сондай үлкен мұз түйірі. Қара бұлттың соңын ала, сирек бұршақ жауып бара жатыр екен. Теңізде балық боп «ойнаған» сол сирек бұршақ жауынының шолпылы болып шықты. Абырой болғанда, бізді жарақаттап, басымызды жармай, осылай, әредік түсіп, «сыпайылап» қана өтіп бара жатыпты сол қатерлі бұршақ… Әлгілердің бір-екі түйірін судан сүзіп алып, аузыма салып, шілдедегі айдалада мұздай «балмұздақ» жеп, бір рақаттанып қалғанымды несіне жасырайын!..

Бұл аласапыран қаншаға созылды? Қолда сағат жоқ еді, оны айту қиын… (Шамасы, 15-20 минут арасы болар…) Абырой болғанда, қайығымыз не аударылып, не суға батып кеткен жоқ.

«Абыржы» романының үшінші кітабындағы алапат дауылдың «прототипі» осы құбылыс болды – ол оқиға сонан алынды.

Қайран Арал! Төсің тола ғажайыптар мен кереметтер еді-ау!..

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: