Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөз қадірі – өз қадірің

06.10.2023, 16:15 346

HALYQLINE.KZ

Әйгілі аңыздағы Абыл мен Қабылдың оқиғасында ниеті түзу Абылды арам пиғылды Қабыл өлтіріп, қасіретке ұшырайтын еді ғой. Қара басын ғана емес, тұтас ұрпақты, қала берді ұлтты қасіретке ұшырататын сөзді бүгін тағы Қабылдың аузынан естідім. Қазақтың сөздік қорындағы жеті жүз мыңға тарта сөздің әрқайсысының өзінің орны бар және ол көрінген көк аттының қанжығасына байланып, бөктеріне өңгерілмейді. Себебі, оның иесі – Қазақ! Сол сөздердің ішінде қасиет пен киеге оранғандары өз алдына бір бөлек. Сондай қасиетті сөздің бірі – «Шеше» сөзі.

Біздің қоғам ұстаз деп дәріптеп жүрген уағызшымыз осы «Шеше» сөзінің мағынасын өзінің топшылауында: «Шеше – қанасынан жарып шыққан баласына қарамай, үй-жайына көңіл бөлмей, кіндігімен алысқан жезөкше сыңайлы, жайдақ күрең» дейді. Айналайын-ау, өзің де шешеңнің құрсағында жетіліп, тоғыз ай, тоғыз күнде жарық дүниеге келген шығарсың. Ана мен Шеше сөздерінің еш айырмашылығы жоқ, мәндес сөздер екенін мектепте жүргенде оқымадың ба?

Өткен жылдарда Әбдіғаппар деген сәләфит уағызшы «Кредит алсаңдар анаңмен алты рет ойнас жасаған боласыңдар» деп, қазақ қоғамын бір дүрліктіріп еді. Енді, кезінде сол сәләфтан дәріс алған Қабылбектің тантып тұрғаны мынау. Қазақ «Әкені көріп ұл өсер, шешені көріп қыз өсер; Әке тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар, шеше тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар; Әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетім; Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалдарды баласына қарамай кеткен шешелерге қарата айтқан ба?

Дәстүрлі дінімізді келімсек ағымдардың аяғына жығып бергендерің аздай, енді талай ғасырдан бері қанымызға сіңген сөзімізге, оның ішінде шешеден туған әр қазақ қастер тұтатын қасиетті сөзімізге ауыз сала бастадыңдар ма?

Дінге қарсы қазақты ашындырып, ұлттық құндылықтары мен дәстүрін, салтын, тілін, аруағын теріске шығарғаннан не ұтасыңдар?

Әлде, сендердің көксегендерің басқа дүние ме? Бүгінгінің ұстазсымақтары елдің бүтіндігіне емес, өзінің топас ойын алдындағы тобырға сіңіруге жұмыстанып жүр. Мұны сорақылықтың шегі деуге болады. Қазақстанның діни басқармасы «Мүфтиятты» қайта құрылымдайтын уақыт келді. Дін ортақ дейтін болсақ, ол жерде барлық өңірдің қақысы бар. Айтылатын уағыздарға қазақ сахарасында өткен ғұламаларымыз бен би-шешендеріміз түгел қамтылу керек. Айтылатын уағыздардан бастап, барлық мешіттердегі имамдарға дейін лупамен қарау керек. Жұма намаздың уағызына барған әр адам, мәдениет пен әдебиет, шешендік сөздердің барлығы арабқа ғана тән деп ойлайтынына күмәнім жоқ. Кезінде үлкендеріміз «Ұстаз деген – ұлық есім, оны Алланың адамзатқа жіберген төрт ілімін (шариғат, тарихат, мағрифат, ақиқат) игерген адам ғана иемдене алады» деп отыратын. Осы тұрғыдан келгенде Қабылбекке ұстаздан садаға кет деуге толық құқымыз бар.

Шешені қазақтан айырып, ағаш керегелі Алаш баласынан жетім ұлт жасағысы келетіндердің бір ұрты арам екенін құзырлы мекемелердің құлағына салғым келеді.

Б.Саймағанбетов,

жыршы, ҚР мәдениет қайраткері.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: