Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ШЕРУДЕГІ ШЕР мен У: «ЖАТЫРЫМА БАР ӘРКIМНIҢ ТАЛАСЫ»

11.03.2021, 12:00 478

Аңыз ба, ақиқат па белгісіз. Бірақ, адам сенгісіз емес, шындыққа бергісіз бір әңгімемен мақаламызды бастағымыз келіп отыр. Ертеде бір ер кісі көрші ауылдан өзі ұнатқан қызды ат артына мінгізіп, болашақ ханшасы етпек оймен жолға шығады. Әрі-беріден соң жан серігі саналған тұлпарының тұяғы тасқа тиіп, сүріне кетіпті. Иесі «ым» деп зілді үнмен жануарға ескерту жасайды да, қамшы баса жөнеледі. Бір терең сайдан өте бергенде аты тағы сүрінеді. Бұл жолы иесінің «ым» деген дауысы қаттырақ шығады да, пышағын алып, тамағына тақайды. Мұндай жайтты бірінші рет көрген болашақ келіншегі шошып кетіп, қарсы сөз айта бастайды. Ері әйеліне де әлгіндей ескерту жасайды. Бірнеше жылдан соң осы әңгімені келіншегі үлкен жиын-тойда «Содан бері күйеуіме «ым» дегізген жоқпын ғой» деп айтып отыр дейді. Иә, бұл көрініс бүгінгілерге қаншалықты сабақ болатынын біз білмейміз. Білеріміз адамдардың бір-біріне деген сый-құрметі болуы керек. Ер мен әйелдің әңгімесі таусылмауы тиіс…

Апта басында Алматыда гендер теңдігі бойынша жүз­деген адам қатысқан шеру болды. Жергілікті әкімдік келісім берген митингте Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық және әйел теңдігі мәселелері қозғалды. Қыз-келіншектердің, сексуалдық азшылықтың құқық­тары қорғалмайтыны туралы түрлі пікір айтылды. «Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!» деген талаптар қойылды. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі әдет­тегідей қақ жарылды. Бірі қолдады, екіншісі…

Жалпы, кез келген жағдайда мақтау мен даттаудың қатар жүретіні рас. Дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Уақыт өте келе өзгеруі, дамуы, өз құндылығын жоюы мүмкін. Елімізде ер мен әйелдің теңсіздігі жоқ дей алмаспыз. Бірақ, басшылық қызметте отырған қыз-келіншектердің саны да аз емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының көп екенін ресми статистика растап отыр. Полиция бақылауында ұстаған, шерумен басталып, митингпен аяқталған жиында жалпы ұран «Әр әйел – жалғызым» тақырыбында өрбігенімен, келгендердің талабы түр-түрлі болды. Тек осының артында үлкен күш тұрған секілді. Яғни, ұйымдастырушылар кейбір қыз-келіншектердің жанды жерін дөп басып, өз мақсатына пайдалануы да бек мүмкін.

«Не қыз екені, не ұл екені белгісіз, жүрісі еркек, дыбы­сы әйел, ұраны ұғынықсыз, талабы қисынсыз, әлемдік құбылыстарды алға тартып, феминистік үрдістің артына тығылған әлдекімдер» десе, «Біз қыз абыройы мен ана қасиет­ін,  әйел  орны  мен жар мәртебесін  төмендеткен халық  емеспіз. Біз әлдебір елдердей әйелдерді күңдей жұмсап, жезөкшенің  салығын  санап, қыздарға қырын  қараған­ ел емеспіз» деп жазды ақын Мұхамеджан Тазабек өз  парақшасында.

– Қазақстанда әйел құқығы заңмен қорғалған. Жоғары қызметте отырған әйелдер де бар. Отбасындағы ұрыс-керістің барлығын зорлық-зомбылық деп санау да дұрыс болмауы мүмкін. Өйткені, әрбір жайттың астарына жеке үңілу  керек. Әйел  құқығы деген желеумен ЛГБТ сияқты топтар шығып жатыр. Олар өз құқықтарын қорғау үшін түрлі қоғамдастықтарға біріге берсін. Бірақ олар жас ұрпақты еліктірмеуі керек, жастар оны норма деп қабылдауы мүмкін. Олар – қоғамға үлгі болатын топ емес. Біз мұсылман, Шығыс мемлекетіміз. Біз ұлттық құндылықтарымызды насихаттауымыз керек. Сондықтан кешегі жиындағы ұрандарды жұрттың бәрі бірдей қабылдай қоймауы заңды, – дейді жазушы, журналист Марат Тоқашбаев.

Иә, бұған дейін қазақ қоғамы «жиіркеніштілер» деп қабылда­йтын топ өкілдері митинг өткізіп көрген еді. Онда кейбіріне жұдырық тиіп, мұндай жиынды ашықтан-ашық жасай алмайтынына көз жеткізген-ді. Бірақ, уақыт өте келе «көп қорқытады, терең батырады» дегенді басты назар­ға алып, осы мақсатта жұмыс істегенге ұқсайды.

«Бұл «Қазақстанда адам құқығы жиі шектеледі, бейбіт жиынға шығу құқығы бұзылады» деп жүргендерге көрсету үшін жасалған митинг болды» деп ойлайтындар бар. Тіпті, «дәл осындай ой-пікір қалыптасуы үшін билік әдейі ұйымд­астырып отыр» дегендер де табылады.

– Менің ойымша феминизм, қызтеке, ұлтеке, трансгендер, олардың құқықтары, талаптары атты тақырыптар алдағы 40-50 жыл біздің қоғамда тұрақты талқыланатын болады. Күн тәртібінен түспейтін жаңа тақырыптар. Батыст­ан қаржы алатын мемлекеттік емес ұйымдар, біздің кейбір қарсы топтар қаржыны ақтау үшін бұл мәселені тұрақты көтеріп отырады. Себебі, қаржыны игерудегі талаптардың бірі – осы. Оның ішінде елге белгілі журналис­тер, халыққа танымал азаматтар да бар. Өздері тікелей айтпаса да, жанамалап жеткізеді. Аңғарған адамға білінеді. Қазірдің өзінде байқауға болады, – дейді саясаттанушы Бауыржан  Серікбай.

Шеруге қатысушылар «Әр әйел – жалғызым!», «Жатыры­мды не істесем де өзім білемін!», «Феминизм Қазақстанды құтқарады!», «Жол мұраты – жету, қыз мұраты кету емес!», «Ел болам десең әйеліңді сыйла!», «Келін сіздің құлыңыз емес!», «Әйеліңді ұрдың ба, үйден кет!», «Қызға 40 үйден бостандық!», «Ұрады, өйткені заң соның жағында!», т.б. сөздер жазылған плакат ұстап шыққан. Сондай-ақ, ол плакаттарда отбасындағы және қоғамдағы әйелдерге зорлық-зомбылықты тыю, әйелдердің еркін еңбек етуі мен білім алуына құқықтық қамқорлық жасау, т.б. туралы талаптар жазылған. Шерушілердің арасында лесби, гей, бисексуалдар мен трансгендерлер (ЛГБТ) туын көтеріп  шыққандардың да болғанын интернеттегі фотолар  дәлелдейді.

«Жүсіпбек «Ақбілекті» жазды, Әуезов «Қорғансыздың күнін» жазды, Мағжан «Шолпанның күнәсін» жазды. Абай да, Шәкәрім де өз теңіне қосылғысы келген қарындастың жағында болды. Қорланған, зорланған, ар-намысы аяққа тапталған, өлтірілген қыздың тағдыры 100 жыл бұрынғы ойшылдардың жүрегін ауыртты, араша түсірді. Бұлар совет­тің айдауымен ғана осыған барды деп айта алмассыз…

Бүгінде отбасындағы қорлықтың кесірінен жүздеген әйел  құрбан болса, тіпті бір қарындас жапа шексе Абай айтпақшы «замандасының бәрі виноват». Кешегі шеру – сол, түрлі теңсіздік пен қорлықтан соң, үйінде шешесін әкесі шаштан сүйреп сабағанын көргеннен соң, тіпті таксист ағайдың қаршадай қызға қылмыңдаған, жан жаралаған дөрекілігінен соң лықсып туған қарсылық рефлексі. Рас, неше түрлі қайшылықтары мен сіз қабылдауға ауыр қисындары да кездесуі мүмкін. Алайда қоғамымызда әйелді қорлайтын соңғы еркек бар кезде феминистік шеруді жалпы айыптап, «ұлттық дәстүрдің» артына тығылып, көлгірсу орынсыз», – деп жазады журналист Қасым Аманжол.

Әркім өз пікірін өзіне қалдырсын. Айтылған сөз – атылған оқ десек те, түрлі-түрлі пікір үшінші адамның ойлау жүйесіне әсер ететіні белгілі. «Өз пікірі жоқ адамнан қорқу керек» деп жатамыз. Ендеше, ешкім еріккеннен бұлай жасап жатқан жоқ. Өзгелердің пікірімен санасқан дұрыс, бірақ еріп кету – бұрыс шешім! Тап осы уақытта ел алдында сөзі өтімді жандардың «бизнесі» жүріп тұрған секілді. Егер де, қыз-келіншектердің бәрі «Жатырымды не істесем де өзім білемін!» дейтін һәм деп ойлайтын болса, ер-азаматтардың ендігі ісін елестету мүмкін бе? Қорқынышты!

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: