Фото: Ассамблея Қызылорда
Көктемнің шуақты күнінде, достық пен берекенің символына айналған Сабантой мерекесі Қызылорда төрінде 20-шы рет жоғары деңгейде аталып өтті.
Сабантой – бұл татар этносының терең тамыры мен рухани байлығын танытатын ерекше мереке. Бұл – еңбек пен бірліктің, дәстүр мен татулықтың мейрамы.
«Бүгін Қызылорда төрінде өтіп жатқан бұл игі шара – ел ішіндегі достық пен ынтымақтың айғағы. Осындай жарқын мерекеге бірге куә болу – біз үшін үлкен қуаныш. Баршаңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! Сабантой құтты болсын!»,- деді алғы сөзінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов.
Мереке аясында облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Галия Гизатуллина да сөз сөйлеп, Сабантойдың ғасырлар қойнауынан сыр тартқан тарихына шолу жасады. Ол бұл мейрамның тек еңбек мерекесі ғана емес, сонымен қатар ұлттың рухани болмысын, бай мәдениетін, татулық пен өзара сыйластықты паш ететін ерекше күн екенін атап өтті.
«Сабантой – ата-бабаларымыздан мирас болған салт-дәстүріміздің жарқын көрінісі. Осы арқылы біз тарихымызды дәріптеп, жастарға өнеге көрсетеміз», – деді ол жүрекжарды лебізінде.
Мерекелік думан Достық үйі алдындағы алаңда өтті. Татулық пен мәдени көптүрлілікті дәріптеген бұл шарада ұлттық әндер шырқалып, дәстүрлі билер биленіп, халық ойындары мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Сахна төрінде көрермендердің көңілін көтерген – вокалдық топ «Сарман», бишілер тобы «Жасмин», сондай-ақ Татарстаннан арнайы келген қонақтар – Ильнур Еникеев пен Алина Ахметшина өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.
Сабантой – бұл еңбек пен бірліктің, достық пен шаттықтың мерекесі!Ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтап, ұрпаққа өнеге болған бұл керемет күн баршаға ерекше әсер сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!