Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жыр жалауын жағада желбіреттім…

15.07.2021, 11:00 434

БІЗДІҢ  АУЫЛ

(толғау)

Өткен шақтың көкейде жүр сұрағы,

Әлі күнге ерсілеу атау жағы.

«Жалаңаш» деп қалайша айдар таққан?

Ауылымның сөз таныр дана қарты.

Шынымен қонысымыз қу тақырлық,

Маңдайда теңіз жатты толқып-шалқып.

«Байшора»-«Терістүбек» ендігінде,

Су маржаны шоршитын өрнек салып.

Теңіздің бұл қолтығы қазаншұңқыр,

Ұшаннан басталады ұлы дүбір.

Жылымның шонтайында шүпірлеген,

Алтын, күміс қабыршақ балықты көр!

Әуелде қауымдастық жетегімен,

«Бірлестік» аталыпты ауқымы кең.

Ұзамай оза шауып өзгеріпті,

Жыр алыбы Жамбылдың есімімен.

Қос орденді Жанғали, Қожабайлар,

Майлатып мекенімнің даңқын жалғар.

«Кәрседе» тау көтерген Толағайдай,

Жұмаштың мұзқаласы шотқа салар.

Әмел көке ауылды нарлы қылған,

Тасқұдығы ұрпаққа мұра болған.

Шәріп, Қисық, Мұңайтпас, Әбжан аға,

Халықтың қалауы мен мұңын ұққан.

Орынбике апайға мәлім бәрі,

Зердемізде көктеді білім дәні.

Әбдірейім, Әнес пен Әлдірзадай,

Сұңғыла ұстаз самғатты көктен әрі.

Сонадайдан «Үшшоқы» қол бұлғайды,

Аңыз белгі «Қыземшек» жымыңдайды.

Қабірстан қақпасы «Наушабайдан»,

Желеп-жебеп баба рухы қолпаштайды.

«Ақсуат» пен «Сарықұм» – жайлау сәні,

Бұйратты құлпыртады шүйгін нәрі.

«Манақтың» үйтамына тәу еткенде,

Ғайыптан дүр сілкінтер дұға демі.

«Тассайда» тіл үйірген қауын-қарбыз,

Бақшалық төңіректе осы жалғыз.

«Батпақкөлде» шығырмен тары егіп,

Диқаншылық молайтқан дәннен табыс.

«Ақкөл» жақта «Тастүбек» тосырқайды,

Бекіресін жеген жан таңырқайды.

Тор шыдатпас теңіздің көкжалына,

Маңғал бас жайын ғана маңайлайды.

Ауылды қақ бөлетін терең сайға,

Түлектер сағынышпен қол бұлғай ма?!

Еріген қар, ақ жауын аймаласып,

Баяғыдай селдетіп оралсайшы?!

Кебірлікте илан мен қаракеней,

Домаланып сүт татыр таңдай теспей.

Бұта сайын итсигек, адыраспан,

Ұшпа гүлдер ойнақтар көбелектей.

Сәбізден де тәтті еді сарғыш көсік,

Қазатынбыз көк жуа дала кезіп.

Бала біткен «Аққұмға» базарлайтын,

Бақалшақ, жылан тілі, сағыз теріп.

Жағада желаяқтай жарысқанбыз,

Тереңде шағаламен табысқанбыз.

Айнадай айдын бетін дөңгелектеп,

Зымырата малта тас жалатқанбыз.

Шалқалап, құлаш ұрып жүзу рақат,

Мөп-мөлдір су астында сүңгу ғажап!

«Ақжардан» жүректілер секіретін,

Кәнігі теңізшідей тауып ләззат.

Бақ тайған түсініксіз шегіністе,

Еріксіз «Мергенсайдан» ел көшкенде.

«Жалаңаш» жоталанып құшақ ашты,

Көршісі жұбау көңіл төрлеткенде.

Бұғаздай шеттелгенін түсінгесін,

«Сарышығанақ» күтуде толқын ізін.

Төрт мекеннің тілегін түгендеген,

Туған жер өңімде де түсімдесің!

«Бессай» жақтан еседі салқар самал,

Құс көңіл сүйіншілеп дабыл қағар.

Сораң жапқан жағалау төңбекшиді,

Табиғатқа керегі – толық Арал!

Бұрынғыны іздей ме кейінгілер,

Батасымен адаспас бағыт сілтер.

Дарқандығы даладай еміренген,

Абыздарды елжіреп кім түгендер?!

ҚИМАС  КЕЗЕҢ

(толғау)

Қазіргі балғын қауым сауалы көп,

Күтеді ата-әжеден жауабын дөп.

Балалық шағымыздан сыр шертеміз,

Бұлақтан сусынғандай бек шөліркеп.

***

Бұрын көше болмайтын ауылдарда,

Қораш тамдар жалғасар қораларға.

Есіктерге құлыпсыз шыжым байлап,

Сенетінбіз қам кесек дуалдарға.

Күлдікте аунайтұғын ойсылқара,

Желіде бұлқынатын бота, тана.

Көгенделген қозы-лақ мүйіздесіп,

Төлмен бірге ойнақтар бала-шаға.

Жылқыға бас білдірмей жүген салмас,

Түйелер мұрын теспей бұйдаланбас.

Тоқым мен жабудың да сиқыры бар,

Сиырлар бас жібінсіз ноқталанбас.

Ел іші баяғыдан тұнған кәсіп,

Тұтынған қай нәрсең де кәдеге асып

Маңдай тер өтеледі еселеніп,

Бұйырар ниетке сай қайыр, нәсіп.

Қыстайғы төрт түліктің қамын ойлап,

Кетпен, айыр, орақ пен шалғы сайлап.

Түйеге теңдеп артып таситынбыз,

Жаз бойы әр төбеден шөпті тайлап.

Қамбада жалаңаяқ балшық илеп,

Бұлшық ет пен жігерің қатар билеп.

Текшеленген кірпішке көз түскенде,

Өткен-кеткен сүйсінер көңіл бірлеп.

Ұбап-шұбап өрістен мал келгенде

Тас құдыққа кезекпен тізілгенде.

Қауға тынбас, науа да шүпілдеген,

Бас көтермей бие, інген шөлдегенде.

Ертеңгі, кешкі сауым тоғайтады,

Нәзік қауым отбасын тыңайтады.

Қаймақ, май, құрт-ірімшік дәмі қандай?!

Қараша үй дастарқаны ортаймайды.

Желбас жусан, көк бұта, жыңғыл, шағыр,

Жапа мен қи ошақта маздап жатыр.

Күнде ет аса бермей аракідік,

Быламық пен үзбенсіз қазан қақсыр.

Нарттай қызыл таба нан қоламтада,

Қазанжаппа май сіңген ортамызда.

Қолмен үзіп жегенде бармақ жалап,

Сол хош иіс атойлар санамызда.

Уәжіне халықтың ден қоясың,

Қойдың сүті қоюланған қорғасын.

Тұяқтыда құс тектес ешкі сүті,

Дәріптелер бар дертке ем болғасын.

Тамсандырған саумалдан бой балқиды.

Шұбатты сіміргенде бал татиды.

Күбінің ернеуі – май, түбі – айран,

Мес толы ағарғаннан күш тасиды.

Соғым сою басталса мол қуырдақ,

Сүрленген өркеш, қазы толы табақ.

Қаншама қарбытқанмен қалар сарқыт,

Асатуды күткен топ жағаламақ.

Көркемдеген бұрымын күміс шолпы,

Тербетілген жүрісі сыңғыр күлкі.

Иінағашпен шелектеп су тасыған,

Ерке назын арудың тыңдап көрші.

Түйе жүндеп, қой-ешкі қырыққанда,

Тулақта түтілгенше сабалғанда.

Ұршықпен жұқалақтап иірген сәт,

Шүйке жіп өрмек іздеп шұбалғанда.

Тоқудың тәсілі де, түрі де көп,

Нығыздап киіз басу білекке жүк.

Терме мен тақта алаша таласатын,

Кілемнің сыр-сипаты бөлегірек.

Өзгертілді кейіннен бөлме сәні,

Кілеммен бағаланды төрдің мәні.

Қабырға арқалығын шытпен сипап,

Сыз еденді жұмсартар кебіс, мәсі.

Аластайтын пәледен адыраспан,

Құпиясын іздейсің ғажайыптан.

Қандала, бүрге, піте жоламайды,

Кекіренің иісінен тұра қашқан.

Көз ұялтар домбыра, қамшы қорған,

Тергемей-ақ іштегі мұңыңды ұққан.

Үлескер ғой жазы мен ер-тұрман да,

Кебежеде сақталған сыбағадан.

Үкінің қауырсыны үлпілдеген,

Тіл-көзден арашалар қырын келген.

Төрдегі атамұра ішік, тымақ,

Көне дәуір көзіндей күлімдеген.

***

Жастардың өткенге еш күмәні жоқ,

Тілі бай, дәстүрі озық, көңілі тоқ.

Қасиетін ұлтының пір тұтады,

Әлемдегі бейбіт ел қазағым деп!

ӨЗІМДЕГІ  ӨЗГЕРІС

Өмір жайлы өндірте өлең жазамын,

Жетпегендей сұр тағдырда алаңым.

Көбі  кетіп,  азы  қалған  тірлікте,

Өзімді-өзім бір тексеріп аламын.

Жырларыма жайбарақат таң қалмас,

Кеш оянған көлеңкемен жарыспас.

Жоқ іздеген жолаушыдай күйзелем,

Шолғыншымын күзетшімен маңайлас.

Құйма сөзге қазығымды қағамын,

Ой алауын ынтық леппен жағамын.

Естеліктер мекеніне тұрақтап,

Қара өлеңнен қалауымды табамын.

Шимайыммен талайларды жібітем,

Қауырсынмен тіл масағын үгітем.

Даналықтың мәйегінен нәрленіп,

Жүрегімнің әміріне жүгінем.

Қара жаяу шегініске көнемін,

Дамылдасам қиялыма еремін.

Оқшауламай қорғаштайтын серігім,

Шабытыма Шалқұйрықтай сенемін.

Табиғат құдіретіне иланамын,

Туған жер топырағын сипаладым.

Суретші көзімен кескіндесем,

Сәйкес бояу таба алмай қиналамын.

Татымсыз таластардан тартынамын,

Алдамшы аламанда алқынамын.

Теңізге еркелеген шағаладай,

Аспандап қалықтасам жарасамын.

Жалғыздықтан жалығып жабығамын,

Беймәлім аңсарыма асығамын.

Жан жұмбағын тұспалдап сездіретін,

Сөз патшасы өлеңге табынамын.

Жалғанда мұғадарсыз пенде болмас,

Дос емес дау іздеген мүлдем оңбас.

Қара бастың қамынан аса алмаған,

Ұлт үшін қаны қызып шырылдамас.

Кеше десек кеш қалған сияқтымыз,

Бүгінге берешек көп, ұяттымыз.

Масылдан асылдарға айналайық,

Келешек бағаласа бақыттымыз!

АРДАГЕРДІ  БАҒАЛА

Балалық шақ қоштасқан жоқ зерігіп,

Қыз-жігіт кез қылтыңдадық желігіп.

Арман қуып талап қылдық әрнеге,

Қол жетпесті тізгіндедік емініп.

Мамандықтың араладық әлемін,

Несібенің бағаладық бал дәмін.

Кәсібилік бәйгесінде топ жарып

Жалаулаттық әріптестер сенімін.

Бүгінгі ардагерлер сол шоғырдан,

Ақыл да, абырой да ортаймаған.

Пысықайлар қазіргі сүрінеді,

Өнеге өтілінен алшақтаған!

Есіл-дерті – ұрпақтың амандығы,

Әулет жүгі, шаңырақ ынтымағы.

Жанұялық кірістің кепіліндей,

Ата-әжелер алатын зейнетақы.

Ағайын мен жекжаттың дәнекері,

Жөн ісіңе қолдауы бәрекелді.

Қақпайлайды қауымды ерегістен,

Сыйлық емес тек сәлем дәметері.

Бас ауырып балтырлары сыздаса,

Тілеулестер бәйек болып тұрмаса.

Жақындықтың шеңбері тарылса егер,

Кешіккен өкінішің құр далбаса!

Алысқа да, жақынға да шапқылар,

Елшідейін татулықты бақылар.

Аға-апалар сапардағы сейістей,

Сұсымен-ақ сәйгүлігін қамшылар.

Ұлт ұяты оның да көздегені,

Тілді тірек, дәстүрді ем көреді.

Ағаласа кішілер мәз болатын,

Ардагерге сүйеу сөз дем береді.

Әр саланың ақтаңгері әлі тың,

Болашаққа одан асқан сыншы кім?

Ас пен тойда бата күтіп олардан,

Марапатта ізделмеуі неліктен?!

Мансап қуған, қалталы озған заманда,

Ел мінезін сақтап қалған әмәнда.

Жайсаңдардың тұғырына көз салғын,

Әділдіктің сарапшысы араңда!

Қарт қадірін заманалар екшеген,

Ол да тарих өзгертілмес еппенен.

Қара да бір, хан да бір хақ алдында,

Тірлік артық үлде менен бүлдеден.

БАС  ИЕМІН

Түсімде туған жерде аунақтаймын,

Кепкен теңіз табанын шаңдатпаймын.

Құт бесік кепиеті кешірер ме?!

Себеп іздеп тұрамыз аттандайтын.

Ой қауғам ауырлайды тартқан сайын,

Тіретпейді табанды сарыуайым.

Жел айдаған қаңбақтай қорғалақтап,

Үміт қорған ығында паналаймын.

Тас бүркеніп алған-ау «Терістүбек»,

«Үшшоқы» баяғыдан жүр өкпелеп.

Қарлығашқа қонақүй болған «Ақжар»,

Бақалшақ төбешіктің күйін кешпек.

Ау салғыш шолақ айдын қуалайды,

Сүңгіттей қу қайықтар қылтыңдайды.

Шонтайын сары сазан кергілейтін

Жылым қайық жағадан жылжымайды.

Табиғат жаратушы мүсіншісі,

«Қыземшек» кейуанадай мүжіліпті.

Құдық біткен көміліп жермен-жексен,

Терең сай ылғал күтіп күрсініпті.

Біреу қаза болмаса жоламайды,

«Наушабай» зиратына дұға қайғы.

«Табияның» белгісі күзетіп тұр,

«Тастүбекке» именіп сығалайды.

«Жылыбұлақ», «Қарабұлақ» нәрі балдай,

Мал-жанның таңдайына май жаққандай.

«Сарықұм»-«Дәкі» арасын шиырлаған,

Жылқы, түйе табыны аңсатқандай.

Жалаңаш, Сарышығанақ, Мергенсайым,

Қарашыңым – мен үшін Қаратауым.

Шұғыласын шашатын шарайнадай,

Сағынышпен сыңсиды жағалауым.

Өзгермейді тек аспан, ғажап әлем,

Тастөбеден жолдайды Үркер сәлем.

Адастырмас сақшыдай Темірқазық,

Таңнан бұрын назданар Шолпан сәулем.

Парыз атты кітапты парақтаймыз,

Желеп-жебер бабаға жалтақтаймыз.

Меккеге бару үшін ең алдымен

Атамекен ауылға бұрылғайсыз!

МАХАББАТ  МУЗАСЫ

Тамшылар төніп кеудені жуып жатқанда,

Қозы-лақ, сәби ықпана іздеп қашқанда.

Аспанға налу күпірлік және қателік,

Құдірет нұрын қалайды әркез Жер-ана!

Жаурамас ешкім ақ жауын шашу шашқанда,

Ұялшақ сезім пердесін еппен ашқанда.

Шымылдық шатыр қалқалап тұрса керемет,

Бұлқынған жастың денесі діріл қаққанда.

Жамалы жәудір ай мен күндей астасқан,

Үлбіреп ерні жауқазындай бүр ашқан.

Еліктей ару бұрғанда жүзін арайлап,

Сүйріктей сері үздіге балқып тіл қатқан.

Үкілі арман-бойжеткен мен бозбала,

Бірін-бірі қорғаштайды наздана.

Жас дәуреннің жарасымын паш еткен,

Бағың жансын ханшайым мен ханзада!

Қыз сымбаты сұлулықпен бейнелес,

Сұғанақтан аулақ жүрсе сүрінбес.

Ашылмаған аралдардай күтеді ол,

Табынарын тапқанша еш өкінбес.

Іштей жаулап, сырттай әбден аңсайды,

Күтуден де, күрестен де танбайды.

Шыда жігіт, жауап әлі беймәлім,

Перизатың қандай таңдау жасайды?!

Күлімдесе сәруар самал ескендей,

Лағыл жүзін айна ғана өпкендей.

Паңдығына, пәктігіне қызығып,

Хордың қызы бақталасып кеткендей.

Жақсы көру мазалайды осылай,

Алақанды қысу қандай оп-оңай.

Қас-қағым сәт тым ұзақтау көрінер,

Ұнатқандар ұғысса екен қоштаспай.

Үкілейсің үмітіңді үзбейсің,

Үкім жетсе түңіліп те кетпейсің.

Махаббаттың ләззатына не жетсін,

Өміріңді гүлстанға теңейтін!

Сүйген жүрек бақ құсындай қалықтар,

Мұңайғанда түн күрсініп дамылдар.

Періште арман сыбырлайды ғарыштан,

Жұлдыздардай оңаша ғой ғашықтар!

ТАҒЗЫМ

Сөзден қамал соғамын,

Сезімнен кеңес аламын.

Қаладан қашып ауылға,

Саф ауа іздеп барамын.

«Аққұмға» аунап жатамын,

Жусаннан шипа табамын.

Бақалшақ, балдыр иісінен

Теңіздің дәмін татамын.

Бас ием дарқан далама,

Қиқусыз ұшпас шағала.

Қиналдым, қайта оралдым,

Кешірім берші балаңа!

Жетеді қазір малтабар,

Тыраштанып бас бағар.

Мекеннің мұңын ескермей,

Пайданы қаузап талтаңдар.

Баяғы ару «Қыземшек»,

Бүгінде жесір келіншек.

Табиғат сыйын қорласаң,

Рухын қалай өрлемек?!

Кеме біткен тоқтайтын,

«Кәрсеге» неге соқпайсың?

Қарсы бетте «Қаратүп»,

Есіңе мүлдем алмайсың!

«Үшшоқы» анау мұнартқан,

Алыстан барлап сыр тартқан.

«Бессайға» жүрсің жалмаңдап,

«Бөлтенді» сызба санадан!

Кейінгі буын ойлаңдар,

Батадан биік болмаңдар.

Жетімнің күйін кешірмей,

Ауылдан сөгіс алмаңдар!

ТОЛҒАНЫС

Сереуде бәрі: жаныңа жақын тұтқандар,

Іркілген көшті бұрынғыша кім жалғар?!

Табиғат та себепсіз тізе бүктірмес,

Жазбасын жазмыш тағдыр ғана парақтар!

Өмір солай: келдің, көрдің, кетесің,

Рақатпен райланып мұратыңа жетесің.

Пенделік пиғыл айныған көңіл суынар,

Сәтсіздікті сәйкестеумен жеңесің.

Текетірес, қайғыдан әркім шаршайды,

Тіл-көз, қарғыс жолыңды бөгеп тастайды.

Күрсіну тежеп күмістей әсем күлкіңді,

Жүзіңді әжім, жанарыңды мұң торлайды.

Сырттайғы сырлас бір өлі, бір тіріде,

Ауылда ғана қауышар басы бірге.

Кәрлен кесе шүпілдеген ағарған,

Табыла бермес шөл қандырар сіміре.

Әке-шеше батырға ұқсас қамалдай,

Бауыр біткен сарқылмайтын қайнардай.

Қиналғанда тірек болар ағайын,

Жадыратар таудан ескен самалдай.

Кезектеміз соңғы сапар алдында,

Артыңды ойла, жан азабым, дамылда.

Тәубе тілек сарқылмайды ешқашан,

Бақыт құсы қалықтағай ұрпаққа!

Ауылда аруақ көзі бар,

Бабадан қалған сөзі бар,

Туған жерге тізе бүк

Хақың жоқ еш бұлғаңдар!

Жаңабай  КЕМАЛ,

«Дарабоз»  әдеби  бәйгесінің  жүлдегері,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: