Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жарықбаев жарқырады!

27.06.2022, 11:00 397

HALYQLINE.KZ

Достар, бүгін ерекше күн болды. Қобалжу, қуану сезіміне бөлендік.

Қалай дейсіздер ме, таңертең Әли Жарықбаев деген жаңақорғандық әріптесім, рухани інім телефон шалды.

Даусынан қуаныш лебін байқадым!

– Нұреке, шәкіртіңізді құттықтап қойсаңыз болады! «Amanat» партиясының Amanat медиа сыйлығына ие болдым! Бұл туралы «Аманат» партиясының хатшысы Ринат Думанұлы жеткізді.

– Құтты болсын!

– Рақмет! Бірақ, Елордаға жетудің қиындығы болып тұр.

– Неге?

– Ұшаққа билет таппай жатырмын. Негізі кеше Түркістаннан ұшуым керек еді. Тіркеуге үлгере алмай, Түркістаннан ауылға еңсем түсіп қайтты. Енді не боларын білмей отырмын?!

– Әли, бір шешімі табылар. Ұшаққа билет іздеп көрейік! Жарай ма? – дедім.

Содан Шымкент-Нұр-Сұлтан, Қызылорда-Нұр-Сұлтан, Түркістан-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшатын ұшақтарға билет іздедік. Жоқ! Табылмады!

Бір уақытта қайта звандап:

– Нұреке, Сіз барасыз-ау! Ұйымдастырушылар Skype арқылы байланысқа шығуға рұқсат берді. Сіз менің атымнан сыйлықты алсаңыз болды, – деді.

Әңгіме осымен аяқталды.

***

Кешкісін белгіленген мекенжайға да жеттік. Медиа саласының майталмандары жиналыпты. Салтанатты іс-шарада Сенат депутаты, медиа саласының белгілі менеджері Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары, белгілі қаламгерлер Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, т.б. журналистердің қуанышына ортақтасты.

Иә, әр жерде бір-бірімен жарасымды әңгіме-дүкен құрып тұрған журналистердің көңілі көтеріңкі екені сырт көзге көрініп-ақ тұрды.

Көп ұзамай салтанатты іс-шара да басталып, партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов ашып, журналистердің қоғамдағы орны мен ақпараттық замандағы маңызды міндетіне тоқталды.

Сөйтіп, марапат биігіне саланың үздік мамандары шыға бастады.

Бір байқағаным, биылғы журналистер сыйлығының ерекшелігі жанарлық емес, тақырыптық саланы қамтып, Жаңа Қазақстанның көріністерін сезіндіруге басымдық бергендей әсер қалдырды.

Сарапшылар түскен әрбір мақаланы саралағанында мәртебесі жоғары республикалық БАҚ-дан бөлек, облыстық, аудандық деңгейдегі мерзімді басылым мамандарының шығармашылығына назар аударыпты.

Оның үстіне, ресми биліктің бағыт-бағдарын байыптайтын ақпарат құралдарының өкілдерінен бөлек өткір де өзекті тақырыптарды арқау ететін журналистердің мерейін асырды.

Ашықтық, әділдік, адалдық принциптеріне осылай сүйінуді жөн санағандай.

Жә, сөзді көбейтпей, марапаттау сәті қалай болды? Соған тоқталайық!

***

«Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әлібек Темірбекұлы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы туралы үздік материалы болып табылды» деп хабарланды.

Скайп арқылы Әлібек салтанатты іс-шараға қосылды. Жиылған көптің назары қосылған экранға ауды.

Көп ұзамай «Әлібек Жарықбаевтың ұстазын шақырамыз» деп хабарлады жүргізушілер.

Осы сәттегі эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әрине, «Ұстаз» – деген ұлы ұғым. Біз бұл сөзге лайықтымыз ба? Ол жағын білмейміз. Бір білетініміз, аудандық басылымда жергілікті жастардың қалыптасуына азды-көпті үлес қостық.

Amanat медиа сыйлығын сараптаған комиссия республикалық, аудандық деңгей деп бөле қарамай, мақаланың мазмұндық деңгейіне назар аударғаны қуантты.

Айтайын дегенім, жергілікті деңгейде де салмақты сараптамалық мақалалар, терең зерттелген журналистік зерттеулер жиі жарық көреді.

Бүгінде Сырдың ақпараттық кеңістігінде өзіндік орны бар «Сыр медиа» ЖШС басшылығы ай сайын қалалық, облыстық газеттер мен аудандық газеттерде жарияланған сараптамалық мақалалардың бәйгесін жариялап, үздік танылғандарға қаржылай қолдап келеді.

Әлі есімде, 2021 жылдың қорытындысы бойынша «Жаңақорған тынысы» газетінің шығармашылық ұжымы сараптамалық мақалалар бәйгесінде ең көп бас жүлдеге ие болып, соның нәтижесінде су жаңа қызметтік автокөлікке ие болып, бір қуанған едік.

Жаңақорған ауданының төл басылымы оқырмандар арасында беделі биік. 7000-ға жуық таралыммен тарайды. Мазмұндық деңгейі, дизайнерлік талғамы жоғары. Оны газетті парақтаған әрбір адам сезінеді.

Бұл – Сыр өңірінің белді, беделді медиаменеджері Аманжол Оңғарбаев ағамыздың журналистердің шығармашылық потенциалын арттыруға мән беруінің бір нәтижесі болар…

***

Бір сұрақтың басын ашып алайық. Әлібек аталған марапатқа лайықты ма?

Ол Абай атындағы педагогикалық университеттің түлегі. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Қарымды қаламгер, Сыр журналистикасында өзіндік сара жолы бар Қанекең – Қаныбек Әбдуов ағамыздың айтқаны бар-ды, журналисттің ұйқысы сергек, көп оқып, ізденуі керек. Әли осыны ұстанады.

Редакцияға ең бірінші келеді, ең соңында қайтады. Жазатын болса алдымен ойында әбден қорытып алады.

Жолжазба очерктерге маманданып, сараптамалық мақалаларды жазуда өзіндік стилі қалыптасып келеді.

«Мұғалімнің мәртебесі» айқындалып, жалақысы 300-500 мың теңгені құрайды. Ал, журналистің жалақысы…

Егер маманданған мамандығын құрметтемесе, бір мектептен жұмыс табылатыны да анық. Жергілікті билік басшылары да мемлекеттік қызмет саласына шақырды. Бармады!

Неге, өйткені журналистика саласын жанына серік етуді мұрат тұтады. Жоғарыдағы сұраққа жауап бере алдық па?

***

Адамзат дамудың жаңа жолын іздеп, төртінші өнеркәсіптік революцияның табалдырығында тұр. Тіпті сарапашылардың арасында ақылды қалалардың іске қосылып, әлеуметтік салаларда роботтар үлесінің артуы жаңа транформациялық кезеңге өткенімізді білдіреді дегенді ұстанады.

Оның үстіне, қазір геосаяси жағдай құбылып тұр. Мұндай кезде журналистердің жауапкершілігі артып, міндеті ауырлай түсетіні анық. Отандық БАҚ құралдары ақпараттық соғысқа қаншалықты дайын. Бұл – өте өзекті сұрақ, әрі өміршең міндет.

Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі БАҚ өкілдері әлеуметтік тұрғыда қорғалған ба? Қорғалса неге кәсіби журналистер арасында мамандық ауыстырып, мектептің есігін қаққандар көбейіп кетті.

Бұл тақырыпты Нұртөре Жүсіп ағамыз Сенат қабырғасында көтеріп, Үкіметке журналистердің статусын айқындаудың маңызын депутаттық сауал ретінде жолдағанын жақсы білеміз.

Әрі алдағы уақытта шешімін табатынына сенеміз.

P.S. Бүгінгі марапат – Әлібек Жарықбаевтың ғана емес, «Жаңақорған тынысы» газетінің, «Сыр медиа» ЖШС, керек десеңіздер, еліміздегі баршы аудандық газеттердің ортақ жеңісі! Бүгінгі салтанатты іс-шара БАҚ республикалық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейге емес, журналистің шеберлігіне, кәсібилігіне байланысты екенін бір дәлелдегендей болды.

Қысқасы, Жарықбаев жарқырады! Біз осы қуанышты сәттен ерекше эмоция алдық!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: