Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық баспасөз күнін қалай ұлықтаймыз?

01.02.2024, 12:00 379

HALYQLINE.KZ

2  ақпан  –  Ұлттық  басылым  күні

Ақпан – қазақ баспасөзі үшін ерекше қадірлі ай. Себебі, 2 ақпан – ұлттық баспасөздің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққан күн. Өткен жылдың 30 маусымында осы айтулы дата «Ұлттық басылым күні» болып еліміздегі мерекелік күндер тізіміне кірді. Бұл күнді тарихи және маңызды датаға айналдырудың қажеттілігіне, маңызына толығырақ тоқталайық.

«Қазақ»  газеті  қашан  шықты?

Ең алдымен «Қазақ» газетінің тарихына үңілейік. Ұлттық баспасөз тарихшылары Үшкілтай Сұбханбердина мен Сәрсенбі Дәуітов 1907 жылы наурыз айында Троицк қаласында «Қазақ» газетінің бір ғана нөмірі шығып, тоқтап қалғанын жазады. Шығарушысы – Хаим Шумлов-Сосновский, бастырушылар – Жетпісбай Андреев, Ешмұхамет Иманбаев. Газеттің басылуы, қай қалада шығарылуы, редакторы жайында көп дау-дамай болғаны, ақыры бір мәмілеге келгені жөніндегі мағлұматты Ү.Сұбханбердина мен С.Дәуітов Рәмиевтің «Уақытылы татар матбұғаты» деген альбомынан алғанын айтады. Өкінішке қарай, ғалымдар газеттің сол санын тауып, оқи алмаған. «Кезінде қалың қазақ елінің айнасы, шамшырағы болған, білім мен өнерді, мәдениетті насихаттап, жұртшылыққа таныстырған «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың арқасында оқырмандарымен қайта қауышты. «Айқап», «Дала уалаятының газеті», «Түркістан уалаятының газеті», «Қазақстан» газетінің беттерінде жарияланған мақалалар мен хат-хабарлардың библиографиясында «Қазақ» газеті Орынборда 1913 жылы 2 ақпаннан бастап шыға бастады. Тиражы – 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткені туралы дерек бар. Редакторы – Ахмет Байтұрсынов, бастырушы «Азамат» серіктестігі, Құайынов-Кәрімов баспаханасы» деп жазады баспасөз тарихшылары «Айқап» атты энциклопедияда. Архив деректеріне сүйенсек, 1914 жылдан Міржақып Дулатұлы газеттің екінші редакторы қызметін атқарған. Ал газеттің 1918 жылғы 261-265 сандарына Жанұзақ Жәнібеков редактор болған. 1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» газетінің 266 саны жарық көрді. А.Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінің №1 санында шыққан «Құрметті оқушылар» атты кіріспе мақаласындағы: «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек. Дүниенің төріне қызыққандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп жатқан амалын көруімізге газет-журнал керек» деп қазақ үшін баспасөздің қажеттілігі туралы айтқан сөзі арада 111 жыл өтсе де әлі ешбір маңызын жойған жоқ.

Ізгі  дәстүр  кімде  бар?

Тұңғыш ұлттық басылым шыққан күнді құрметтейтін ізгі дәстүр өзімізбен тамыры бір әзірбайжан, қырғыз, қалмақ, саха, удмурт халықтарында бар. Әзірбайжандар 22 шілдеде «Ұлттық баспасөз күнін» атап өтеді. 1875 жылы 22 шілдеде әзербайжан интеллигенциясының көрнекті ағартушы өкілі Ғасан бек Зардаби «Экинчи» газетінің тұңғыш санын шығарған. Осы күні Әзербайжанда ұлттық баспасөздің негізі қаланды. Әзербайжандар ана тілінде жарыққа шыққан газеттің туған күнін 149 жыл бойы құрметпен атап өтіп келеді. Ел басшысы Ильхам Әлиев бұл күні елдегі барлық БАҚ-қа біржолғы көмек беру, баспасөз қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қолдауды нығайту, мемлекетті дамытуға зор үлес қосқан журналистерді марапаттау туралы бұйрығын шығарады. Бакуде ел басшысының пәрменімен екі тұрғын үй салынды. 2013 және 2017 жылдары И.Әлиев 22 шілдеде журналистерге пәтер беру рәсіміне өзі қатысты. Қазір осындай 3-ші үй салынып жатыр.

Қырғызстанда «7 қараша – Ақпарат және баспасөз күні» деген ресми мереке бар. 1924 жылы 7 қарашада «Эркин Тоо» ұлттық басылымының бірінші саны жарыққа шыққан. 1991 жылдан бері ол «Кызыл Туусу» деп аталды. Тұңғыш қырғыз тілінде шыққан «Эркин Тоо» газеті елдегі сауатсыздықты жоюға, ағартушылық жұмыс жүргізуге, Қырғызстан журналистикасы мен әдебиетін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі кезде Қырғызстанда 7 қараша барлық БАҚ, полиграфия, кітап саудасы, радио мен теледидар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып табылады. Өйткені бұл күн 1993 жылғы 1 қарашадағы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

Ресейдегі қалмақ, якут, удмурт халықтары да ана тілінде тұңғыш басылым шыққан күнге зор құрмет көрсетеді. Қалмақтар 105 жыл бұрын жарыққа шыққан қалмақ тіліндегі «Өөрдин зәңг» – «Ойратские известия» газетінің туған күнін Қалмақ баспасөзінің күні деп белгіледі. Қалмақ Үкіметі жыл сайын бұл айрықша датаны салтанатты түрде атап өтеді. 1907 жылы 12 шілдеде якут тіліндегі «Саха дойдута» («Якутский край») газетінің алғашқы саны жарық көрді. Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев 2020 жылы бұл күнді Ұлттық баспасөз күні деп белгіледі. Сахалар бұл күні ұлттық баспасөз бен әдебиеттің негізін қалаған Никифоров-Кюлюмнюр мен ізбасарларына ерекше құрмет көрсетеді. 2022 жылдың 2 наурызында Удмуртияда тұңғыш рет Ұлттық баспасөз күні атап өтілді. Бұл күн осыдан 106 жыл бұрын удмурт тілінде шыққан «Войнаысь ивор» («Вести в войны», қазіргі атауы – «Удмурт дунне») газетінің құрметіне қойылған. Жаңа мереке күні Удмуртия билігі ұлттық баспасөздің дамуына ерекше үлес қосып жүрген журналистерді марапаттайды.

Осы мәселеге қатысты қоғамның ойын білмек болып, ұлттық баспасөздің қайраткер-тұлғаларының пікірін жинақтадық.

СІЗ  НЕ  ДЕЙСІЗ?

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, 63 жылдық еңбек өтілі бар журналист, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«1913 жылғы 2 ақпанда «Қазақ» газетінің бірінші саны жарық көрді. «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін  «Қазақ» қойдық» деп Әлихан, Ахмет, Міржақып аталарымыз жарық дүниеге жар салды. Тұтас ұлтты бөлмей-жармай Алаш туының, Тәуелсіздік туының астына жиып, қаншама қантөгіс, құрбандық кешкен Алаш көсемдері аңсаған Тәуелсіздіктің дәмін біз татып отырмыз.Алаш баспасөзінің туған күнін салтанатпен атап өтеміз. Бұл – қазақтың тілі тас бұғаудан босаған күн. Әлем халықтарымен бой таластыра шығып, Алаш сөзін, Алаштың Тәуелсіздік идеясымен шыныққан Ұлттық мемлекет құру идеясын алты миллион қазаққа нұсқап көрсеткен, Ұлтты өз тілінде бірлікке шақырып, бостандық пен теңдікке үндеген күн. Осындай атаулы күні қазақ баспасөзінің жайына бір-екі ауыз сөз арнаудың жөні келіп тұрған сияқты. Елімізде Бұқаралық Ақпарат Құралдары аталатын хабар тарату мекемелері жеткілікті. Оларға сөз жазатын мамандар да баршылық. Кеңес заманында «Баспасөздің пәрменділігі» деген түсінік болушы еді. Коммунистердің көсемі Карл Маркс айтыпты деген «Журналист – мемлеттік санаттағы қызметкер» деген анықтама болған. «Журналистер – компартияның жауынгер-көмекшілері» дегенге мәз болатынбыз. Газетте жазылған, теледидардан көрсетіп, радиодан бүгін айтылған сөз ертеңінде мемлекет деңгейінде назарға ілігіп, жауапты адамдар қозғалып жатушы еді.Қазақстанның дәл қазіргі жағдайында баспасөздің пәрменділігі өте қажет. Алдымен айтылған сөздің далаға кетіп жатпағандығына халықты тәрбиелеу үшін. Қабылданған заңдар орындалмаса, Президенттен бастап, Премьер-Министрдің, министрлердің, әкімдердің айтқан сөзі, бергені нұсқауы орындалмаса – не қайыр, не үміт? БАҚ, оның журналистері де сол ыңғаймен, самарқау, салғырт. Өйткені олардың халық атынан жазғаны, сынағаны ешкімге қажеті жоқ, еріккеннің ермегі сияқты. Газет оқырмандары, телевизия көрермендері, радио тыңдармандары хат жазбайды. Себебі, олардың пікірі ешкімге керек емес. Бір-екі жылда ауысып отыратын Ақпарат министрі деген лауазым иесінде ешқандай пәрмен жоқ. Неге Ақпарат министрлігі аталатынын өзі де білмейтін сияқты. БАҚ жұмысына көңілім толмай отыр. Осы орайда мен сияқты, қарт журналистің ұсыныстары да ескерусіз қала ма деп отырмын. Сонда да айтайын.Жоғары оқу орындарында журналистер қай жерде, қанша, қалай дайындалып жатқанын Ақпарат министрі біле ме екен, білмесе – назар аударып, көрсін. Қажет болса, көмектессін. Дайындалатын кадрлардың иесі – сол министрлік. БАҚ-тардың құралдары, материалдық жағдайы қалай? Облыстық, аудандық БАҚ-тардың хал-күйі соңғы 25 жылда бір рет қаралган жоқ. Әкімдер қалай басқарады аудандық, облыстық газеттер, телевизия, радионы. Жергілікті журналистердің жағдайы қалай?Алаш баспасөзінің туған күні Қазақстан Үкіметіне, Парламент Мәжілісінің депутаттарына арнаған сөзім осындай. Еліміздің бүгінгісі де, келешегі де Бұқаралық Ақпарат Құралдарының қандай екеніне байланысты. Парламент Заң қабылдап жатқанын да білеміз. Өмір өтіп жатыр, мынау сол өмірдің күнделікті көрінісі.

Нұртөре  ЖҮСІП, Сенат  депутаты:

«Қазақ баспасөзі бір ғасырдан астам қилы кезеңдерді басынан өткерді. «Қазақ» газетінің шыққан күнін «Ұлттық басылым күні» деп белгілейік деп біраз дүңкілдеткен де кез келді. Жарайды, атаусыз қалмасын деген ниет дұрыс шығар. Бірақ бізде бәрімізге ортақ кәсіби мереке күні бар. 28 маусым. Осыған тағы бір күнді мерекелеуге қосақтаудың қандай қисыны бар? Жақсы. Мұндай күн өзге елдерде, мәселен Әзербайжанда бар екен. Күнді атаулы дата ретінде белгілегеннен кейін не істейміз? Жалпыұлттық той жасала ма? Ұлттық басылымдарға арнайы жағдай жасала ма? Күмән көп. Онсыз да қазір ұлттық басылымдар «шықпа, жаным, шықпа» деген күйде тұр. Республикалық, аймақтық газет-журналдар жыл сайын тиражын жоғалтып, қаржылық қиындықтардан көз ашпай келеді. Әзербайжан баспасөзі мен журналистеріне мемлекет тарапынан жасалып отырған жағдай мүлдем бөлек. Журналистерге арнап арнайы бірнеше тұрғын үй кешені салынған. Осы фактіні тілге тиек етіп, отандық құрылыс компаниялары журналистерге арнап үй тұрғызса деген ұсынысты өз депутаттық сауалымда көтерген едім. Құлақ асқан тірі пенде жоқ. Журналистерге арнап Қырғызстан да үй салды… Ұлттық басылым күні деп атау беріп, айдар таққаннан ештеңе өзгермейді. Одан гөрі ұлттық басылым қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін қалыптастыру жағын ойластырған жөн секілді. Қазір ең қорғансыз тұрған сала – дәстүрлі БАҚ, қазақтың газет-журналдарының жағдайы. Мұнайдан түскен табыстан Әзербайжан елі арнайы қор құрып, бүкіл әлеуметтік мұқтаждықты оңды шешіп отыр. Қазақстан соны жасай ала ма? Журналистер мәртебесі сол күйі анықталмады. Осы мәселеге орай Үкімет басшысына жасаған депутаттық сауалға сырғытпа жауап алдым. Оған қоса біздің журналистік корпус арасында ауызбіршілік жоқ. Біреу былай, біреу олай тартады. Соның салдарынан журналистер мүддесі аяқасты болып жатыр. Журналистердің кәсіби міндетін атқару, денсаулық, баспана, жағдайын жақсарту бағытында не істей аламыз? Қалай тізе қосып, күш біріктіру керек? Бұл күнде сот, полиция, прокуратура тәрізді құқық қорғау саласы өкілдері өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін құқық тұрғысынан шешіп алды. Бас-басына би боп тұрған өз әріптестеріміз. Мұндайда «қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» деген бір кемпірдің әңгімесі еске түседі…

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, «Қазақ газеттері» АҚ Бас директоры:

«Бізде 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күні бар, енді 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып белгіленді. Жалпы, баспасөз күнін бір күнге келтіруге қатысты айтарым, біраз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, белгілі бір кезеңдерден өтіп барып, сондай деңгейге жетерміз. Әзірше бұл мәселе екі қалыпта, екі деңгейде, екі мәртебеде қала береді. Себебі, 28 маусым Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың тұсында ерен күшпен қабылданған салалық заңның құрметіне орайластырған мереке болып енгізілді. Ал «Ұлттық баспасөз күнінің» «Қазақ» газетінің мәртебесі, тарихын жаңғырту тұрғысынан өте маңызды. Бәлкім, кезінде осы мәселені дұрыс түсіндіріп, дұрыс талқыласақ, қоғамның қабылдауы да басқаша болып, мерекені бір күнге ыңғайлауға болар еді. Одан бері біраз кезең өтті. Сондықтан осы бағытта жұмыс жүргізе беруіміз керек. Ол – «Қазақ» газетінің мәртебесі мен тарихи орнын айқындау деген бағыт. Қазір бұған біздің мүмкіндіктеріміз мол. Мысалы, Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институты «Қазақ» газетінің барлық нөмірін, «Қазақтың» шекпенінен шыққан басылымдардың бәрін көптомдық етіп шығарып келеді. Меніңше, енді әрқайсысынан ең маңызды, көкейкесті деген мақалаларды жүйелеп, орысша және ағылшынша екі көптомдық «Таңдамалысын» шығаруға болар еді. Сол кезде Қазақстандағы БАҚ атаулы «Қазақ» газетінің маңызын түсінер еді. Менің пікірімде бұл – біраз уақыт күтетін шаруа. Екіншіден, бізде қазір 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күні, 1 қазан – Радио күні деген бірнеше мереке бар. Мерекенің көп болғанын біздің халық аса дұрыс көрмеген. Оған қоса еңбектің құндылығы, еңбек адамы насихатталып жатқан кезде демалыс, мерекенің көбеюін қалай қабылдаймыз? Сонымен қатар, бір кездегі бар мейрамымыз неге жоқ болады деп реніш білдіретіндер де бары анық. Бұл психологияны да ескеру керек. Бірнеше кезеңнен өтуіміз керек дегенімнің бір себебі – осы. Ал өзім алаштанушы ғалым ретінде «Ұлттық баспасөз күнін» ерекше бағалаймын. Баспасөз арқылы журналистиканың басқа жанрлары қалыптасып, дамыды. Мұны өте маңызды деп есептейміз. Біз үшін «Қазаққа» дейінгі басылымдар «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», тарихи газеттің алды-артындағы «Айқап» журналы – бәрінің салмағы, тарихы, орны, мәртебесі – ұлт журналистикасының бастауы. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды. Заманында Алаш тұлғасы Қошке Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» атты еңбек жазғанда қазақтың жаңа тарихын «Қазақ» газетіне дейін және «Қазақ» газетінен кейін деп бөлген. Сол зерттеуінде «Қазақ» газетімен бірге тілдің, саяси ойдың жүйеленуі жаңа кезеңге өтті» деп ой айтты. Егер түсініп қарасақ, мұның мәні терең. Қазір біз ұлттың бірегейлігі, әділетті Қазақстан құрамыз деген бастама көтеріп жатқан тұста тарихи шындықтың айтылуы, жүйеленуі және халыққа жетуі маңызды деп санаймын».

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

Астана  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: