Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұялас (Әңгіме)

27.10.2022, 10:40 335

Бүгін қазақ тілі апайдың тапсырмасын орындамақпын, өйткені бар ғой, жазғы каникул бітуге жақындап қалды. Қалай тез бітіп  қалғанын  білмей  отырған  осы  каникулға шығар  алдында  апай: «Енді  алтыншы  сыныпқа көштіңдер, сабаққа келгенде өзде­рің оқыған кітап туралы жазып әкелетін болыңдар», – деген еді. Оны орындамауға болмайды, себебі: күйеуі ауылдың әкімі, «Абайлаш керек», – дейді оқушылар, «Абайлау керек» дегендері ғой. Содан, сыныптастардан қандай кітап оқығанын сұрамаймын ба, сөйтсем, бірде-біреуі кітап оқымапты. Оларға қарағанда мен башкат екенмін, орталықта әдебиет үйірмесіне қатысып, «Менің атым Қожа» деген кітапты оқығанмын. Өте… Өте… Өте қызық кітап, ішіне кіріп кетесің ғой, маған Қожа қатты ұнады, соны үйірме жетекшісі Айгүл апайға айтып едім, ол: «Қожа – бұзық бала, ұнамсыз кейіпкер», – дейді. Мейлі, десе дей берсін, өзіме Қожа қатты ұнайды. Дәптерді ашып, бірінші  бетіне бадырайтып «Қожа маған ұнайды!» деп жазып қойдым. Енді, ыңғайланып  алып, «Бісміллә» деп кірісе беріп  едім, даладан шәуілдеген күшік дауысы шықты.  Ой  быт-шыт  болды.

…Мұнда көшіп келгенімізге көп бола қойған жоқ, әкемді осы шеткі ауылға мектеп директоры қылып жібергенде мен онша қуана қойған жоқпын, шынымды айтсам, аудан орталығындағы достарды қимадым. Бұл ауылда бар болғаны бір-ақ көше бар, жолдың екі бетіне қаз-қатар орналасқан жүз шақты үйміз. Айтуларына қарағанда әкем де, шешем де осы ауылдан шығыпты, тіпті, медпункттегі  Әшкәрик  пелшер де осы ауылда  өсіпті. Әшкәрик, шын аты Сәбит қой, іргелес көршіміз, сыныптасым Засерениенің әкесі. Ой-бүй, айтпақшы… оны сіздер біл­мейді екенсіздер ғой… Бұлар бізден бір жыл бұрын Байқоңырдан көшіп келіпті, әкесі госпитальдан пенсияға шыққасын осында келген, шешесі біздің мектепте орыс тілінің апайы, ауылда бір орыс болмаса да орысша сөйлеп жүреді. Қызық адам, «Алла-ай!» десең қабағын  түйеді, «Ой, Боже!» десең жүзі жылып қоя береді, соңғы кезде Ресейден орыстар көптеп көшіп келіп жатыр деп қуанып жүр, ал онысы  маған  тіпті  түсініксіз.

Бұл  ауылдың бір қызығы – жұрттың бәрінде қосалқы ат бар. Бірақ, бұл тізімге әкім, директор дегендер кірмейді екен, неге олай екеніне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ, сондықтан мен де ойланған емеспін. Әлгі Засарениенің шын аты – Баһадүр, бірақ тұтығып сөйлейтін болғандықтан осы ауыл солай атандырып жіберген, амал который, жұрттан бөлінесің бе, мен де солай атаймын, бұған ренжіп жатқан ол жоқ. Тек шешесі мен бізден екі сынып жоғары оқитын апасы естіп қалса, шәңкілдеп қоя береді. Мені де біреулер сыртымнан Итсейіс деп атайды екен, бірақ директордың баласы болғасын бетіме айта алмайды, өзіме ұнайтын тәп-тәуір Нұрсұлтан деген атым болғанына қарамастан жасап жүргенін көрмейсің бе бұлардың… Енді иттің жақсы-жаманын бірден ажырата қоятыным анық, ауданда тұрғанда көршіміз үлке-е-е-н овчаркасы бар полиция аға еді, содан мен де қызығып, итке қатысты біраз нәрсе біліп қалғам. Оның  иті  бар  ғой… енді дәу  ғой, дәу…

Бізге қарама-қарсы екі үйді әкем «Наға­шыларыңдікі», – дейді, мен оны түсіне бер­ме­сем де алыс адамдар емес екенін ішім сезеді. Оның үлкенін ауыл Пәлитака, кішісін Дембіла деп атайды. Біз қыста жаңа жыл мейрамынан кейін көшіп келдік қой, жұрт айтқасын қайдан білейін, Пәлитака көке, Дембіла көке деп айтып қалып шешемді ренжітіп алдым, ол: «Үлкені – менің ағам, кішісі менің – інім, Сәулет көке, Дәулет көке деп ата, балам, әйтпесе жұрт көргенсіз екен деп жүрер», – деп ескертті. Қызық қой өзі, қалай жұрттан бөлінесің…

Олардың бұлай аталуының өзі бір бөлек әңгіме екен, мен қысқарта айтайын. Сәулет көкенің бір әдеті – бүкіл әңгімені, барлық тірлікті саясатқа апарып қосақтайды емес пе, бір жылы үйін жөндеген өзбектер саясат айтып бастарын  қатырған  бұған Пәлитака деген атты таңған да жіберген, әлгілердің политикадан, яғни, саясаттан шығарғандары ғой, әйтпесе оған дейін ол ауылда өз атымен жүрген екен. Дәулет көке морфлотта әскерде болып келген соң ауыл дәстүрі бойынша үй аралап, үлкендерге сәлем бермей ме, содан аузына бірдеңе тиіп, қызыңқыраса болды «Дембелья» деп айқайды салады екен, онысы «Дембельдер жиналыңдар» дегені ғой  –  дейді үлкендер. Содан бері бұл төңірек оны Дембіла атап кеткен, тіпті, Дәулет десең, танымай қалуы да мүмкін. Енді тағы бір қызық бар. Әлгі Засерениенің шешесін жұрт Пөтина деп атайды, әрине, сыртынан ғой. Қит етсе болды, орыс тіліне қысым жасап жатсыңдар, Путинге тілгірам салам деп отырғасын, қайтсін, солай атамай. Ал, менің шешем болса: «Е… бала күнінен орыс арасында өсті ғой, үйреніп  кеткен да» – деп ара түсіп отырғаны. Білмеймін ғой, бірақ, негізі Пәлитака көкемдікі дұрыс сияқты, ол: «Сандалған қатын. Путиннің осының тілгірамынан басқа жұмысы жоқ па екен. Ол мемлекеті, елі басқа адам. Мұныкі қыртубайшина», – дейді. Ал, сол бет қаратпас Пөтинаң бар ғой менің Дембіла көкемнен өлердей қорқады. Оның себебін көкем бірде өзі айтты. Ана Әшкәрик кластасы бір қызды ұнатып жүрмін, алып қашайық демей ме. Сонымен үш жігіт сайланып барып, әлгі қызды алып қашпай ма, Құдай-ау, кім дейсіздер ғой, мына Пөтинаны. Пәлитака көкем сейіс қой, той үстінде келіннің бетін ашқасын інісі мен Әшкәрикке қарап, ой бір күңіреніп беріпті: «Құдай-ау, басқа қыз құрып қалды ма, осы тырнадан басқа қыз жоқ па екен Қазақстанда» – деп, оған Әшкәрик  не  десін:  «Аға, махаббат қой», – десе, менің  Демібла көкем: «Бұған осыдан артығы  жоқ.  Пойдет», – деп  бір-ақ  кесіпті.

Иә, мұның қызығы алда әлі. Төретамнан шығып,  қыз алып   қашқан   машина  Қаза­лыға  бет  түзегенде   Дембіла көке: «Ал, екі жас бақытты болсын!», – деп шампанды «тарс» еткізеді, сөйтсе әлгі қыз «Соттатамын, қырамын, жоямын. Прокурор ағам бар, қандарыңды қасықтап ішкізем», – деп қиғы­лықты салады емес пе. Машина тоқтайды, шопыр мен күйеу жігіт сыртқа шығады, ашуланған көкем бір-екі рет жуан саннан мытып-мытып жібергенде қыздың үні өшеді. Содан, көкем қызды қорқытып  отырып Әшкәрикке хат жаздырады. Жалпы мазмұны: Ұнайсың, маған сенсіз өмір жоқ, сен неге көз салмайсың. Егер тез алып қашпасаң, прокурор ағама айтып зорламаққа попытка жасады деп соттатамын, оқушылар каникулға шығысымен алып қашатын бол – деген мағынада. Күнін ертерек, сәуір айы қылып қызға қол қойдыра­ды. Сосын көкем күшке мінеді, енді бұл қызға: «Сен бізді емес, енді мен сені соттатамын. Мына хат жетіп жатыр», – демей ме. Қыз сүмпиеді де қалады, ал Әшкәрик болса: «Құрысын! Бәледен аулақ, кешірім сұрап, апарып тастайық», – дейтін көрінеді. Оған біз­дің көке көне ме. Әне, солай. Сол кезден бастап Пөтина біздің көкеден зәресі қалмай қорқады екен. Пәлитака көкем: «Мұны күшігінен талап тастаған деп атайды», – дейді. Мұның қандай саясат екенін мен түсінбедім. Ал, Дембіла көкем болса: «Құдай басшы, мен себеп болдым осылардың үйленуіне, бірақ кейін бір-бірінсіз тұра  алмайтын Қыз Жібек пен Төлеген болды да  қалды.  Ой, Алла-ай!  Құдай шебер деген осы  да», – деп  мәз  бола күледі.

Даладан тағы да шәуілдеген күшік дауысы шықты, екі ай бұрын Пәлитака көкемнің үйіндегі алабай күшіктеген. Солар ғой көрін­генге үріп жатқан. Дембіла көкемдікінде де екі ит бар, бірақ ыпыны жаман бірдеңелер. Өткенде ол мені шақырып алып бес күшікті көрсетіп: «Осылардың қайсысы жақсы. Айт­шы», – дегені. Мен көрсеткен ақ бел қараны ол «Маласөл, ынжық» деп менсінбеді. Мен оған түсіндіре: «Мына үлкендеуі ширақ көрін­генмен кейін тамақсау, мұсалдат болады, ал мына  бір әдемілеуі тек сырт көзге ғана жақсы, сатқын, мысықтан да қорқатын болады, ана екеуі тек қора бағуға жарар, тек жаңа ынжық деп отырғаныңыздан ғана бірдеңе шығады. Қастарына мысық, тауық, ит апарып, сынап көріңіз», – дедім. Екі-үш күннен кейін Дембіла көке: «Оу, сенің өткендегі айтқаның тура шықты. Ақ бел қара сыннан өтті, бір анадан жақсы да туады, жаман да туады деген осы-ау. Енді сен сол күшікті көкеңе көрсетпей біздікіне  әкеліп берсең», – деді. Мен: «Мына тұрған үй емес пе,  барып  ала  бермейсіз бе?», – десем Дембіла көкем қарқылдай күліп: «Ойбай… Мен барып алсам, Сәулет көкең быт-шытымды  шығарады ғой. Ал, саған үндемейді, сенің  праваң бар, кейін біле берсін, сен берді десем  ештеңе  айта  алмайды», – деді.

Содан мен әлгі күшікті алып, Дембіла көкенің үйіне қарай зымырайын бір, қалған төрт күшік пен алабай қаншық ізімде. Әтәңенәлет, қора бағуға ғана жарайды деп жүргендерім балағыма жармассын кеп, нағыз душман екен. Не керек шулатып отырып көкенің үйіне кіріп кеттім, ол да әзір отыр екен, ақ бел қараны дайындап қойған картон қорапқа салып, жасыра бергенде даладан айқай шықты. «Әй, шық бері… Шық…». Пәлитака көкенің дауысы. Шықтық. Шынында да сол екен, төңірегінде шәуілдеген күшіктер, қыңсылаған алабай, дауылдатып тұр: «Шығар… Әкел мында күшікті!». Дембіла көкеде үн жоқ, бір кезде ашуға мінген Пәлитака көке үйге беттеді, Дембіла көкенің оны кіргізгісі жоқ, екі туыс иық қағыстырып қалды. Мен шыдай алмай кеттім де: «Ау, бір күшікке бола қырыласыңдар ма?», – деп қалдым. Екеуі қалт тоқтады, көздері бақырая әуелі маған, сосын бір-біріне қарады. Сәлден соң Пәлитака көке үйіне беттеді, көңілсіз ілбіп барады, одан көп өтпей-ақ Дембіла көке де ақ бел қараны ұстай, күшіктерді шәуілдете ерте солай қарай беттеді. Қызық…  Қайтып беретіні бар – неге алдырды, түсінбедім…

Төргі бөлмедегі дабырласқан дауыстан оянсам, күн қызуы қайтқан екен. Менен үлкен ағам мен апам студенттер, жаздай Алматыда жұмыс істеп, қаржы табады, үйдің ең кенжесі болғандықтан шығар әке-шешемнің мен дегенде шығарда жаны басқа, оянып кетпесін деп есікті жауып қойыпты. Біздің жақтағы бір  әдет – түскі бір мен кешкі бес аралығында ұйықтап алады. Өздері оны «Тихий час» деп атап, мәз  болады, мен де соған қалыптасқанмын ғой. Есік құлпының тесігінен сығалап қарасам үстел басында әкем мен шешем, екі нағашым отыр шай ішіп, менің оянғанымды білді-ау деймін көкем бері шықты да, аналар естімейтіндей қып: «Балам, нағашыларыңа «Бір күшікке бола қырыласыңдар ма?» дегенің рас па?» – деп сұрады. Мен шындық екенін айттым. «Е… онда дұрыс. Жуынып, шайға кел».

Келсем, екі нағашым әжептәуір қызың­қырапты, Дембіла көке тіпті қызарып кеткен, шай үстел астынан аузы маған қарай құлаған бос бөтелке сығалайды, бейне ішімде арақ барда қолдан түспеуші ем, босап қалғасын жатқанымды қарашы ешкімге керек болмай деп ренжитіндей. Пәлитака көке Ресей мен Украина арасындағы соғысты әңгімелеп отыр екен, мен шайға отырысымен тақырыпты өзгертті. «Өй, ақұдай!  Кел… Мана сен болма­ғанда… «Мал ашуы – жан ашуы» деген… екі туыс соғысып кете жаздадық қой. Біз сенің манағы сөзіңді презентация жасап отырмыз. Ау, баяғыда  райком түгіл, совхоздың  парторгы дүкен ашылғанда шаруасы болмайтын. Қазір бір  құйттай  дүкен бе, әйтеуір бірдеңе ашылса, әкімқара тұсау кесіп жүргені. Ой, тоба… тесік тамақ деген-ай. Ойбай-ау, біздікі оның қасында салидный жағдай ғой, баяғы Аралға Әуелбеков әкелетін суды кейін қайта әкелген  боп әлемге жар салып жатқан жоқпыз. Тура шындықты атап өтудеміз». Осылай деп Пәлитака  көке бір дем алғанда мен тағы қарап отыра алмай:  «Көке! Ит – мал емес қой. Ол – ит қой», – деп қалдым. Екі нағашым бір-біріне  қарады. Дембіла көке әкеме: «Ой-о-дой… Мынау да бір бөлек әңгіме болды. Мұның презентациясы  ертең  болады. Бүгін  Алматтың үйінде той бар… », – деді. Пәлитака көке мәз болды: «Тіфә… Тіфә… тіл-көзден аулақ. Тура бізге тартқан ғой…». Байқатпай көз астымен әке-шешеме қараймын, екеуі де үнсіз, бірақ риза екендері жүздерінен айқын көрінеді, әсіресе шешем ерек күйде, әкеме қарап: «Ау, мына бауырларым асығып отыр ғой, ауылда той бар, ана жүрер аяқты, бәтеңке байларды құймайсың ба», – деді. Екі нағашы жымың-жымың етеді. Мен манағы күшіктер қылығын айтып едім, Пәлитака көке тағы есе жөнелді. «Мұны ұялас дейді. Бір ұядан, бір үйшіктен өскен ит ешқашан бірін-бірі сатпайды, көмекке ұмтылады. Адамдар дейсің бе? Жаратылыс солай… Бір үйде, бір ауылда, бір ауданда, тіпті бүкіл қазақ даласында өскендер де  солай  болуымыз  керек  қой. Бірақ олай  болмай  тұр». Көкенің сәл кідірген сәтін пайдаланып: «Сонда көке, біздің үй де – бір ұя ма, осы ауыл да – бір ұя ма?». Ол тамағын кенеді  де:  «Әрине…  Мысалы,  Қазақия – Қазақ ұясы  деген  сөз.  Алашия – Алаш ұясы, Түркия – Түркі ұясы деген сөз». Санама бірдеңелер ене бастады. «Апыр-ау… Сонда мен Қожамен ұялас  болғаным-ау. Ия, Қожа маған ұнайды».

Сәлден соң олар үйден шығып, тойға бет алды, Дембіла көке көңілдене әндетіп бара­ды. «Менің бүйтіп жүргенім апа-ау сенің ар­қаң…». Елге белгілі ән, бірақ көке осыны шешеме келіп: «Саған арнап шығардым», – дейді.  Анам мәз. Олай емесін екеуі де біледі… Сонда  да  мәз…  Пәлитака  көке  мұны «Мәселе – ықыласта» деп түсіндіреді. Кім білген, бұл да саясат шығар. Осыдан соң төрт сағаттай өте ауыл басқа кейіпке енді, дабырласқан адамдар дауысы шыға бастады. Сәрі, той тарқаған болуы  керек. Кенет  гүрілдеген  дауыс  шықты.

Е-се-гім-ай, есегім-ай,

Не-ден де болды кесе-лің-ай…

Дембіла көке ғой бұл. Осы кезде жалғыз көшенің шаңын бұрқырата саптағы сарбаздай аяқты сарт-сарт ұрып келе жатқан болар. Иә, ол саптық әндерге көңілі толмайды. «Осы «Есегім-ай» дегеннің әні тамаша, кеудені кере, аяқты кезек алуыңа дөп түседі. Осыған, шіркін, есі бүтін бір ақын сөз жазса ғой» деп армандап кететіні де бар кейде. Анамның дауысы шықты: «Ойбүй, мынау тынып қалыпты ғой». Іле оның аяғының басына галош іле сыртқа жүгіргенін аңғардым. Ия, масайса болды Дембіла көке одан басқаны тыңдамайды. Анам енді оны үйіне апарып, жатқызып барып қайтады. Бауыр  ғой… Ұялас  қой.

Маған осы бір сөз ұнап қалды. Дәптеріме қарасам манағы «Қожа маған ұнайды!» деген­нен басқа ештеңе жазбаппын. Азат жолдан «Қожа! Екеуіміз ұялас екенбіз. Шіркін, бауыр­ластық деген, ұялас деген қандай керемет!» деп жаздым… Дәптерді жаптым. Апай  да  түсінетін  шығар.

Алдажар  ӘБІЛОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: