Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарызым бар Қазаққа қайтармаған, Парызым бар Құдайға өтелмеген

21.08.2022, 11:00 1299

HALYQLINE.KZ

МҰРА

Уа, менің ұлан-ғайыр, Ұлы Далам,

Өзіңсіз кім-кімнің де күні қараң!

Отбасым, Отан-Анам, Туым аман,

Бір бақыт бұйырады түбі маған.

Айналған бүгін бір-бір кейіпкерге,

Қарыздармын мен анау бейіттерге!

Таудай-таудай баһадүр бабалар-ай,

Қалай жатыр, япыр-ау, сыйып көрге?

Анау аспан, мынау жер – тірі куә,

Бабам маған қалдырған ұлы мұра!

Дарқан жерім, тау-тасым, шалқар көлім,

Жетеді ғой, жетеді ғұмырыма.

Бостандыққа мен жеттім, ел аңсаған,

Енді бодан болмауға келер шамам!

Аманатқа қиянат жасамассың,

Бәрін-бәрін, құлыным, берем саған!

Дәуірлерді дәуірлер алмастырып,

Сен кетерсің жолымды жалғастырып.

Дәстүріме қоймассың шаң бастырып.

Қазақ деген киелі шаңырақтың,

Отырарсың төрінде малдас құрып!

КҮЗ  КЕЛЕ  ЖАТЫР

Қырқаларға, қырларға, қыраттарға,

Өзендерге, көлдерге, бұлақтарға,

Қолын бұлғап барады байғұс тамыз,

Мекен таппай мәңгілік тұрақтауға.

Аққулар да, қаздар да, үйректер де,

Кетеді ертең, айдыннан сый кеткенде.

Құл-құтанды басынған қарақшыдай,

Қараша күз шығады билеп төрге.

Қауырсынын қалдырып жыр-қаламға,

Кетеді ертең тыраулап тырналар да.

Біздің жақта не істейді бұл бейбақтар?

Күз болмайтын жер көп қой бұл ғаламда!

Ертең жайрап қалады жапырақтар,

Қабырғасы қайысар, қақырап тал.

Әй, менің де жапырақ-жүрегімді,

Таптап жүр-ау, таптап жүр ақымақтар.

Ойым онға бөлінді, көңіл жүзге,

Жүрегіміз жаурайды қоңыр күзде.

Адамдар-ау, сыйласып жылынбасақ,

Оңай емес екен ғой өмір бізге.

БІР  ДОСЫМ  БОЛСА,  ШІРКІН!

Дос қайда, бауыр қайда алып-ұшқан?

Көбінің тәні – пенде, жаны – мыстан!

Туған күнім болғанда барлығы дос,

Басыма күн туғанда бәрі дұшпан.

Шекпен киіп, шен таққан досым қайда,

Қиналғанда басымыз қосылмай ма?

«Атқа мінсе атасын танымайды»

Дегенді айтты-ау бабам осындайда!

Өзімнен де бар шығар, өзімнен де,

Тастадым ба біреудің сөзін жерге?!

Сырласатын дос таппай аласұрам,

Дүниеден баз кешіп, безінгенде.

Кез келген адамдарға кез келмейтін,

Бір досым болса, шіркін, өзгермейтін.

Жаза бассам жазғырып, беттен алмай,

Қабағымен ықтырып, көзбен жейтін!

Мен дегенде қалмайтын жанын аяп,

Өтемін бе бір досқа жарымай-ақ?

Досқа зәру, жүрегім, қиналдың-ау,

Асқа жерік қатындай ауыраяқ!

ҰЛЫМА  АҚЫЛ

Не деп ақыл айтайын, ұлым, саған?

Жетпей отыр ақылым бүгін соған!

Сұрап алма, тартып ал керегіңді,

Өмір деген өйткені қыңыр-сараң.

Сен сүрініп кеткенде тік тұрамын,

Шыр-пыр болып шырылдап шықты жаным.

Дос таңдамай бәрімен сыйласа бер,

Бірақ, жаудың таңдап ал мықтырағын.

Бөрі етектен алғанда, жау жағадан,

Талайлар арын сатып, саудалаған.

Нан алатын ақшаңды жоғалтсаң да,

Намысыңды жоғалтып алма, балам!

Ел басына күн туса, тұғырдасың!

Атойлап шап, ақ туың жығылмасын.

Қырандай қыршын болсын жұмыр басың,

Не қыласың қарғаның ғұмыр-жасын?!

Жолдан іздеп жолықтыр азығыңды,

Бір айналып табарсың қазығыңды.

Тұлпар болсаң естіртші дүбіріңді,

Бөрі болсаң көрсетші азуыңды.

ПЕШЕНЕ

Құпия қазынадай қазылмаған,

Әлі қанша жырым бар жазылмаған.

Өмірімді кетейін өлең қылып,

Әй, Ажал, тиіспеші әзір маған!

Жер басып жүрген жоқпын бекерге мен,

Әлі қанша жүгім бар көтермеген?!

Қарызым бар Қазаққа қайтармаған,

Парызым бар Құдайға өтелмеген.

Бәрін өтеп, қайтарып үлгерейін,

Тек маған уақыт берші, күн көрейін.

«Артында түк қалмады» деп жүрмесін,

Ұрпаққа мұра қылып жыр берейін.

Ұят қой түк қалмаса ұрпағыма,

Жаным Ажал, аялдай тұр тағы да.

Бәрін жазып болайын, сосын өзім

Мінгесіп кетем сенің тұлпарыңа.

Әкеден ақыл алып, шеше көре,

Адам болып кеттім ғой өсе келе.

Өлең жазғым келеді тағдыр жайлы,

Тағдырым өлең жазса пешенеме.

МЕН  АУЫЛДАН  КЕТПЕЙМІН

Мен ауылдан кетпеймін, елде қалам,

Шабытты өзім туған жерден алам.

Әй, бауырым, өкпелей көрме маған!

Мені көріп жинайды аяқ-қолын,

Кеуде керіп Темірге келген адам.

Қол бұлғап шақырса да талай мекен,

Кете алмаймын ауылдан, қалай кетем?

Ауыл деген – анам ғой ақжаулықты,

Жаулықтан аттап кету оңай ма екен?!

Жо, жо, жоқ, оңай емес, өте қиын,

Мен оны арқалайын, көтерейін.

Ауылымда жетейін бақытыма,

Ауылды да бақытқа жетелейін!

Атам мен әжем жатыр осы ауылда,

Осы ауылда отым да, ошағым да.

Адамы былай тұрсын туған жердің,

Танимын қашырын да, қашарын да.

Туған ел, ауыр мұңың, ауыр шерің,

Мұңсыз болсаң қалаға барушы едім.

Өмірімді қиям-ау отан үшін,

Көңіліңді қимаймын, ауыл, сенің!

Ершат  ҚАЙБОЛДИН,

Ақтөбе  облысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: