Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қалам ұшындағы қоғам» кітабы жарық көрді (Видео)

29.12.2021, 11:00 659

HALYQLINE.KZ Сенбі күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада белгілі журналист Нұрлан Көбегенұлының шығармашылығына 25 жыл толуына орай «Қалам ұшындағы қоғам» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Нұрлан Нұрмахановтың журналистикадағы қолтаңбасы оқырмандарына етене таныс. Ақпарат саласында 25 жылдық еңбегі, ширек ғасыр ішінде әр жанр бойынша екі жарым мыңнан аса материал жазып, баспасөзде табан аудармай қызмет еткені көпшіліктің көз алдында.

Бүгінде облыстың медиакеңістігінде 100-ден аса бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істесе, соның екеуін Нұрлан Нұрмаханов басқарып отыр. Олар – республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы мен қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газеті. «Ақмешіт апталығы» газетінде бөлім меңгеруші қызметінен бастаған Нұрлан Көбегенұлы республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінде бас редактордың орынбасары, бас редакторы, кейін «Ақмешіт», «Табиғат тынысы» газеттерінің бас редакторы болды. Шығармашылық жолда «Жас алаш», «Ана тілі», «Сыр бойы», «Ақмешіт ақшамы» газеттерінде ақпараттан бастап мақалалары мен сұхбаттары жарияланды.

Автордың бұл кітабы – талай жылғы еңбектің бір көрінісі. «Қалам ұшындағы қоғам» деп аталатын публицистикалық бағыттағы жинағына 1996-2021 жылдар аралығында жарық көрген сан түрлі материалдардың ішінен 25 сұхбат пен 25 мақала іріктеліп алынған. Сұхбаттары арқылы өз кезеңінің ахуалы, әр саланың тыныс-тіршілігі беріліп, әр кейіпкердің характері байқалса, мақалалары арқылы қоғамның өзекті мәселелерін қалт жібермей, өзіндік көзқарасын, ой-пікірін ашық әрі батыл түрде білдіріп отырғаны байқалады. Осы арқылы еліміздің даму деңгейі, өңірдің тарихы шынайы көрініс тапқан.

Нұрлан Көбегенұлы жас журналистердің шығармашылығын шыңдауда аянып қалған емес. Тіпті, шығармашылық жастарды қайрауда олар үшін ән де арнағаны бар. Ол шығармашылығында экологиялық тақырыптарға да ден қойған. Арал өңірінде өмір сүріп, жанына жақын мәселелерді қозғауы орынды.

Осыған орай, кітап тұсаукесерінде алдыңғы буын ағалар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, ардагер Айтбай Көшербаев, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат, Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімов кітапқа өміршең ғұмыр тілеп, жылы лебізін білдірді.

Оған қоса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тәрбие ісі және жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Жандос Базартай, «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков және Н.Нұрмахановтың бір топ шәкірттері құттықтауларын жеткізді. Рухани кеште айтыскер ақын Жамбыл Бақытәлі де жинақ авторына жырдан шашу шашып, өлеңмен жылы лебізін білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: