Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қабуснамадан» үзінділер

27.03.2021, 10:00 483

Аманатқа  жауапкершілікпен  қарау

Ей ұлым, есіңде болсын, егер біреу саған әлдебір дүниесін сеніп тапсырса, реті келсе алмауға тырыс,  ал алсаң, бұл затқа (аманатқа) еге бол. Сеніп тапсырған дүниені алудың өзі – басыңа бәле болды деген сөз, өйткені бұндай кезде үш жағдайға душар боласың:  егер  бұл сеніп тапсырған затты қайтарсаң – жаратушы иеміздің нығыметін орындағаның. Өйткені оның айтқаны бар: «Сендер өздеріңе сеніп тапсырған затты егесіне қайтаратын болыңдар». Дегенмен ең абзалы – ешуақытта ешкімнен ештеңе алмау, алсаң оны егесіне бүтіндей қайтар.

Мысал.

Мен естіген бір әңгімеде бір кісі таңға жақын мезгілде, бірақ әлі қараңғы болса керек, моншаға барып қайтпақшы болады. Моншаға келе жатып жолда жолдасын кездестіреді. Одан бұл кісі: «Менімен бірге моншаға барасың ба?»- деп сұрады. Жолдасы оған: «Менің жұмыстарым бар, бірақ моншаға дейін шығарып салайын» – деп жауап береді. Олар сөйтіп моншаға таяу жердегі жол айрығына жетіп, осы жерде жолдасы ештеңе айтпастан кетіп қалады. Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе, осы жерде ұры да жүреді. Ал бұл кісі оны әлгі өзін шығарып салған досы екен деп ойлады, өйткені әлі қараңғы болатын. Бұл кісінің шүберекке түйген жүз динар ақшасы бар еді, ол ұрыны өзінің досы екен деп ойлап, ақша түйілген шүберекті ұрыға ұсынды:

«О досым, мына ақшаны саған сеніп тапсырам, моншадан шыққасын қайтып берерсің». Ұры ақшаны алып сол жерде қала берді. Бұл моншадан шыққан кезде әжептәуір жарық түсіп қалған еді. Әлгі кісі моншадан шыққан бойда, ешқайда бұрылмастан үйіне қарай жүре берді.

Ұры оны дауыстап тоқтатты, сосын былай деді: «О абзал жан, маған сеніп тапсырған алтын ақшаңды қайтып ал, сосын кете бер, өйткені мен бүгін жұмысымнан қалдым».

Бұл кісі: «Саған тапсырылған не нәрсе еді, сен өзі кімсің?».

Ұры оған былай деді: «Мен ұрымын, ал сен маған жүз динар ақша сеніп тапсырған болатынсың».

Бұл кісі оған: «Егер сен ұры болсаң, онда бұл ақшаны неге алып кетпедің?».

Ұры айтты: «Егер бұл ақшаны мен өз өнеріммен тапқан болсам, мың динар болса да сені есіме алмас едім, тіпті соқыр тиын да бермес едім. Бірақ, сен бұл ақшаны аманат қылып сеніп тапсырдың, ал аманат қылып тапсырған дүнияға қиянат жасауға болмайды. Бұл – бейшаралық».

Көрдің бе, балам, аманаттың жауабының салмағын, осыны үнемі есте ұстағайсың!

Шешендік  өнерге  ұмтылу  туралы

О ұлым, мынаны есіңе сақта, адамдардың жақсы сөйлей білгені дұрыс, ал сөздің құнын түсінбейтіндерден оны сақтаған абзал. Айтқан сөздерің тек шын болсын, сол шыншылдығыңмен атың шықсын. Айтылатын сөздердің ең дұрысы – айтылуға тиісті сөз. Қандай сөз болмасын оның жақсы жағы, жағымсыз жағы болады. Бір сөздер бар, ол сөздерді айта білсең, жаның рақаттанады, ал енді сол сөздерді басқаша қолдансаң, жаның  күйзеледі.

Мысал.

Бірде Һарон ар-Рашид түс көріпті. Түсінде тістері түгел түсіп қалыпты. Ертеңіне түс жорушыларды жинап алып сұрайды: «Мына түсті маған жорып беріңдер!». Сол кезде біреуі тұрып былай деп жориды: «Алла сізге ұзақ ғұмыр берсін. Сенің барлық туысқандарың сенен бұрын өледі екен». Һарон ар-Рашид былай депті: «Мына түс жорушыға жүз  шыбық  дүре  соғыңдар, мынадай сөздерді маған батылы жетіп қалай айтып тұр? Егер менің туысқандарым менен  бұрын  өлетін  болса, онда  менің  не  болғаным?».

Енді басқа бір түс жорушыны алдырды, оған өзінің көрген түсін баяндады. Түс жорушы түсті былай деп жорыды: «Ұлы әміршінің көрген түсі бойынша, әміршінің өмірі туыстарынан ұзақтау болады екен». Һарон ар-Рашид былай деді: «Айтқандарың бірдей болып шықты». Расында айтқандары бір, бірақ айтылуы басқаша еді. Һарон ар-Рашид бұл адамға жүз динар ақша берді.   

Мінеки, балам, сөздің құдіретін ұғынған адам ғана осылай сөйлейді.

Сөзді айта білмеген адам жазаға да ұшырады, сөзді айта білген адам жаныңды рақатқа да бөлейді, бұл оқи­ға­дан әрбір адам сабақ  алуы  тиіс.

Бақтияр  МЫРЗАШЕВ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: