Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

29.07.2021, 9:00 430

Өмір  жаңғырығы

Ананы да жақтырмайды – ернін сылп еткізеді, мынаны да жақтырмайды – қолын бір-ақ сілтейді, оны олай дейді – мұрнын кіржитеді, мұны былай дейді – маңдайын тыржитады, бай-бағланды көрсе, «боққарын» дейді, кедей-кепшікті көрсе, «жарымаған жақыбай» дейді, солай деуден жағы тынбайтын оның айналасына бір қарасаң, бұл қара қасқаны жақтырып жүрген бір пендені  жарық  күнде  шырақ  алып  іздесең  де  таппайсың…

Қуарған  орта

Тұлғалар жоқ, тұлыптар бар.

Талқысыз  талқылау

Талқылай-талқылай, талқылай-талқылай кей мәселе­нің  тамтығы  да  қалмайды.

Комплиментсіз

Қазіргі қыз-келіншектерге «Қа­сыңыз қияқтай екен», «Кірпі­гі­ңіз әдемі екен», «Айдай ап­пақ екенсіз», «Шашыңыз сүмбілдей қап-қара екен» деп комплимент айтып ағыңыздан жарыла ал­майсыз. Айта қалсаңыз, «бұл қай мазағың?» деп өзіңе тап-тап беруі әбден мүмкін.

Көздер-ай…

Тек қана тендерді аңдыған телмең  көздер…

Санасыздың  санасы

Санасыздарды санасыз деме, олар на­құрыс­тықты  саналы  түрде қатырып  істей  алады.

Сан  қырлы  өмір

Өмір – жарыс,  өмір – күрес,  өмір – қуаныш,   өмір – жұбаныш,  өмір – ғажап, өмір – азап…

Қайтпас  қайсар

Өзінде ешқандай ой жоқ, бірақ жұртпен ой жарыс­тырғанда,  ойлаған  ойынан  шатастырады.

Тілек

Жастар ұранға ұран қосып, ұлан-дабыр қылуды әбден үйреніп алыпты, енді бір кәдеге асатын іс істеуді игерсе екен.

Дел-сал  күй

Біреулер бізді басқардық деп паңқиған күйде жүр. Ал біз басқарусыз  қалғандай  аңқиған  күйде  жүрміз…

Тағдыр  талайы

Жүрген иттен қашамын деп жүріп үрген итке тап болды…

Шақар

Оған билік тимесін. Билік тисе, бұйдасын үзіп, айналасын бидайдай  қуыруға  бар.

Жаңа  өскін

«Халқым» деуді білмегенмен, халқын жеуді білетін дорба ауыздан туған жалмауыз…

Айтыстағы  қайтыс

Ана бірде біз айта алмаған сөздерімізді айтыскерлер шырқырата айтып, айызымызды қандыратын. Ал бүгінде айтыскерлер айта алмай жалтақтап жүрген сөздерді кез келген адам кез келген дастарқан басында «бұрқырата» айтып жүр…

Жарап  жатыр

Әкімнің қолымен таратылған бір бет қатырма қағаз талай беттердің қырыс-тырысын жазуға жарап жатыр екен…

Ойлама

Байлардан бақ таймайды деп ойлама, кедейге күй бітпейді деп ойлама.

Сын  сәт

Аблығып тойға жүгіретін қазаққа орнығып ойға жүгінетін кезең келді…

Өмір   әділетті

Мен өмірден айнымас әділеттілікті көремін. Бірақ бір адамның  өмірінен  емес…

Кеуделеген  кеуделер

Анда да кеуде. Мында да кеуде. Артыңда да кеуде. Алдыңда да кеуде. Кеуделеп келген кеуделер кеуделеп кетіп барады…

Ескі

Бәрі де ескірген. Тіреулері шіріген. Тоз-тоз болып әзер тұр. Итеріп жіберсең, құлаудың алдында. Құлатып тастап, орнына жаңасын салмаса болмайды. Бір күні жалп етіп құлап, жаппай астында  қалып  қоятын  сияқтымыз.

Жағымпаздар  жарысы

Бұл жарыстың да жеңімпаздары көріне бастады, тұғырлары жоғарыдан  бұйырып  жатыр…

Ең  жүйрік

Ең  жүйрік  нәрсе – ауыздан шыққан сөз. Ауыздан бір шығып кеткен соң, өмір  бойы  қудаласаң да, қайтып құрықтай алмайсың.

Ақынның  түрін-ай

Қоғам  шындығына  тісі  батпайтын  опырық  ақын…

(Жалғасы  бар.)

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: