Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

10.12.2020, 9:30 1019

АҚША… АҚША… АҚША…

Ақшаң болса, ақшалы жерге қызметке тұрып, ақша жасауға жаңа мүмкін­дік­терге жол ашылады.

САЙЛАУДАН  СОҢ…

Бюллетеньдер қайта саналмасын. Қайта саналса, біраз адам бюллетеньге кететін түрі бар…

САУ  СИЫРДЫҢ  ЖАПАСЫ  ЕМЕС

Жап-жақсы жігіт. Біреудей-ақ білімді жігіт. Тындырымды жігіт. Бірақ… бірақ аздап  жемқорлығы  бар  енді…

ӨМІР  ТУЫНДЫЛАРЫ

Өмірден ойып алғандарым өзімнің ойлап алғандарымнан тым-тым көп екен.

САНАСЫЗҒА  САН  АЙТ

Ақылы бар адамнан ақылсыз адамның бір бөлекшелігі – оған айтарыңды мезгіл-мезгіл құлағына ұрып қайталап отырмасаң, арғы түкпіріне жетпей жо­лда  қалады.

ҚАТЫН – КҮШ

Қатындар үйден шықпасын. Үйден шықса – бітті! Үйіліп-үйіліп отырғандардың біразы үйелеп үйін таба алмай қалады…

БІР  КЕЛІНШЕК-АЙ…

Қыз кезінде екі иығы тіп-тік, бой-сойы бар сұңғақша сияқты еді, бүгінде домаланып, добалдай бір тұтас құйрық болып қалыпты…

ЖІГІТТІҢ  ШЫҒАР  БИІГІ

Кей нәрселерге әйеліңнің тілін алған соң ғана қол жеткізесің.

Ал одан да көп нәрселерге әйеліңнің ғана тілін алмағандығыңнан қол жеткізесің.

ЖЕЛІДЕГІ  ЖЕЛ  СӨЗ

Ойлы адам тереңнен қозғап, он тол­ғап сөйлеймін дегенше, жағын сауған біреу  көпшілікті үйіріп-үйіріп ізіне ертіп алып  кетеді.

АДАСҚАҚ

«Саясатты айтпа!» деп шошынған үргедек сорлы басына саялы жай таппай шом қалқа шошалада шоңқайып отыр.

ТҮП  БАСТАУ

Бәрі де пиғылдан басталады.

ТОБЫРДЫҢ  ТОПАЛАҢЫ

Анда бір лоблып, мында бір лоблып аусар болған тобырды соқыр түйедей жетек­теп жардан құлатудан оңай жоқ.

БАТАСЫЗ

«Сіздің бір өтінішіңізді орындап, батаңыз­ды алғым келіп жүр еді», – деді. Алайда боскөтендігі оған жеткізбей тастады. Берген уәдесін жұтып, арман еткен ақ батасы бұйырмай аузы аппақ болып қалды…

ІШТЕГІ  САРСЫҚ

Біздегі кеудесін ұрған көп адамның айтарлары айтылмай қалып ішінде өледі.

УАҚЫТЫ   БОЛЫПТЫ

Қараңғы түнге ай керек. Қара қызға бай керек.

ТОЗЫҚ

Тозған топар бетті тонна-тонна опа-далап та жасыра алмай жүр.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Соңы. Басы  өткен  сандарда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: