Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Медальдің хикаясы

10.04.2021, 16:00 510

HALYQLINE.KZ

 (Әңгіме)

Әбіш ақсақал – осы ауылдың үлкені. Оның үстіне кешегі сұрапыл соғысты өзі көзімен көріп, қатысқан аталарымыздың осы ауылдағы соңғы тұяғы. Денесі шағын, тарамыс. Көп сөйлемейтін, көп елене де бермейтін жан. Өзіндей соғысқа қатысып, төстері орден, медальдарға толған замандастарымен бірге жүргенмен, атаулы күндерде сахналардағы президиум дейтін орынға жайғасқанда елеусіздеу екінші қатарда отыратын. Ол кісіге сөз де беріле бермейтін. Өзі де сөзге жоқ адам оны елей де бермейтін, жұлқынып сөз де сұрамайтын.

Қазір еленетін, шақырылатын болды. Өткен жылы Жеңіс күніне орай ауылдағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары Әбіш атаны кездесуге шақырды. Әлгі сахнадағы биік орындықта мектеп директорының қасында состиып жалғыз өзі отырды. Бұрынғы кеудесі орден, медальға толған ағалары, қатарластарының біреуі де қалмағанын жаңа сезгендей. Көңілі қобалжып, бір түрлі болып отыр.

Кешті мектептің әдебиет пәнінің мұғалімі жүргізіп, мектеп директорына сөз берді. Көз алдында жүрген ауылдың баласы Әбіш атаны біраз мақтап, таныстырды. Өзіне таңылған кейбір артықтау мақтауларға құлағы үйренбегендіктен болар ыңғайсызданып, қозғалақтап отырды. Бір оқушы бала майдангерлер туралы әсерлі өлең оқыды.

Содан кейін сөз алған жүргізуші мұғалім:

– Ата, майдан жолында бастан өткізген жайларды еске алып, есіңізде қалған қызықты жайлар болса, мына қатысып отырған ұстаз, оқушы қауымға айтып берсеңіз, – деп микрофонды қолына берді.

Манадан бері мән бермей отыр екен. Мектеп клубына біраз адам жиналыпты. Мектеп клубы ауыл клубынан да үлкендеу, салтанаттылау көрінді қарияға. Барлық жанарлардың өзіне қадалуы, өзімен кездесуге осынша адамның жиналуы өзін біраз абдыратып тастады.

Қолына микрофонды қолапайсыздау ұстап:

– Айналайындар-ау, соғыста не қызық болушы еді. Соғыс қырғын ғой. Оқ пен оттың арасында жүру де айта беретін тозақ қой. Содан Алла қолдап елге аман оралдық. Сендер оны көрмеңдер, Алла енді ондайды көрсетпесін, соны тілеймін айналайындар, – деп микрофонды жүргізуші балаға ұсынды. Қатысушылар ду қол шапалақтады.

Қолына дыбыс күшейткішті алған жүргізуші:

– Ата, оны бәріміз білеміз, кітаптан оқып, кинодан көріп жүрміз. Бірақ сол сұрапылды көзімен көрген сіздің басыңыздан өткен мына балалардың есінде қалатындай оқиғаңыз болса айтып берсеңізші, – деп қолындағысын қайтадан ұсынды.

Әбекең қысылайын деді. Ойына да ештеңе түспеді. Құдай оңдап әлгі тықылдап тұрған қара баланың өзі көмектесіп жіберді.

– Ата, сол бір күндеріңізді еске алудың Сізге ауырлау екенін білеміз. Ең болмаса мына өңіріңіздегі медальді қалай алдыңыз, соны айтып беріңізші? -деп тықақтады.

Ақсақал кеудесіндегі бір түйір медаліне бір, төмендегі алдыңғы қатардағы өзіне қарама-қарсы отырған кемпіріне бір қарап, орнынан тұра беріп:

– Мына кемпірдің арқасында алынған зат қой, – деді.

Зал бір сәт тып-тыныш болды. Сәлден кейін біреулері қол соғып, біреулері күліп жатыр. Орта шенде отырған оқушы орнынан тұрып:

– Ата, әже де Сізбен бірге соғысқа қатысты ма? – деп сұрады.

Жүргізуші отырғандарды тыныштандырып, состиып тұрған ақсақалға:

– Ата, отыра беріңіз. Енді соны асықпай баяндап беріңізші, – деді.

– Е… қоймадыңдар ғой, – деп ақсақал орнына отырып әңгімесін бастады. – Айтсам ешкім сенбейді. Құрдастарым келеке қылатын. Оқиға былай болды. Соғысқа түскенде менің бойым кішкентай болғасын ба, әлде әлжуаздау көріндім бе, командиріміз Богатиров деген орыс азаматы мені аспазға көмекші етіп қойды. Оған әуелі ашуландым. «Қолыма қару бер» дедім. Командиріміз «Ас – адамның арқауы. Аш әскер жауға қауқар көрсете алмайды. Ең қауіптісі – сенің міндетің. Оқ пен оттың ортасындағы алғы шептегі жауынгерлерге ас жеткізу оңай шаруа емес. Сенің қаруың – екі аяғың, сосын басыңдағы миың. Арқаңдағы (ыстық ас құйылған термосты арқалап аламыз) асты, өзіңді аман сақтап, алғы шепке барып, қайта оралу ептілігің мен миыңа байланысты» деп бұйырды. «Құп» демегенде не істейсің.Талай оқ термосқа тиіп, аман қалған кездерім болды.

Соғыс аяқталуға жақындаған. Немістер жан аямай соғысып, берілмей жатыр. Біздің батальон немістің бір қаласын алуға екі күн шабуылдады. Қаланы айналдыра екі қатар ор қазылған. Бір орды (окоп) біресе біздің әскер, біресе неміс әскері басып алады. Окопты біздің әскер алған кезде қасымдағы орыс жігіті екеуміз жауынгерлерге ас жеткізіп, енді іше бастағанда жаудың зеңбірігі оқты төпесін. «Дереу окопты тастап шегініңдер» деген бұйрық келді де, ішілген тамақ ішілді, ішілмегенін төге салып, окоптан өз жағымызға шыға бастадық. Кенет қатты жарылыс екпіні лақтырып жібергенін білемін.

«Ауылда бір сиыр мен бір ешкіні жертөле үйдің ауызғы бөлмесіне алып, ұры-қарыдан күзетіп қасыма бір таяқ алып жатып, таң алдында мызғып кеткен екенмін деймін. Мына әжелерің, ол кезде келіншек қой, мені оятып тұр екен. Иығымнан жұлқылап «Әбіш деймін тұр» дейді. Мен ұйқымды қимаймын, тағы жұлқылап «Әбіш деймін» дейді. Болмағасын аяғымнан теппесі бар ма. «Мына қатын қайтеді» дедім де, жанымдағы таяқты алып кемпірімнің қақ маңдайынан қойдым. Жан дауысынан басымды көтеріп алсам, окопта жатырмын. Таяқ дегенім қасымдағы жан тәсілім еткен жауынгердің винтовкасы. Ұңғы жағынан ұстап алыппын. Жан-жағыма байжайлап қарасам, қасымда сұлап немістің солдаты жатыр. Не болды деп ойлағанша болған жоқ аласапыран қайта басталды. Біздің жауынгерлер окопты басып алған немістерді «уралап» екінші орға тығып жатыр екен. Назар аударсам әлгі қасымда жатқан неміс қозғалады. Тірі. Дереу немістің беліндегі белбеуін шешіп алып, қолын байлап бола бергенде басып алынған окопты аралап жүрген Багатиров келді.

– О, Абылаев, тұтқын алғансың ба? Алғыс жариялаймын, – деп арқамнан қақты. Тұтқынды өздерімен алып кетті.

Көп ұзамай осы медальді әкеліп, кеудеме тағып, медальдің хикаясын жеткізді. Әлгі неміс солдаты екінші ордың қай жерінің осал екенін айтып беріп, біздің әскер немістің қаласын оңай алыпты.

«Қолға қалай түстің?» десе, «Окопты басып алғаннан кейін жағалап келсем ұлты бөлек солдат жатыр екен. Тірі екенін білдім. Жатысы дәрменсіз адамның жатысы. Тұтқын етіп алайын деп «Ауф штеин, Ауф штеин» деп жұлқыласам қозғалады, бірақ тұрмайды, автоматымды ыңғайлап енді тұрмаса атайын деп сәл еңкейіп бетіне қарап «Монгол, ауф штеин» деп аяғына қаттырақ теппеймін бе, өзім де түсімбей қалдым, жағымнан тиген мылтықтың дүмінен есімнен танып қалыппын. Сендер келгенде есімді жинадым»,- депті.

Біздің әскерлердің окопты ала сала кейін шегінгені айласы екен. Окопты басып алғанмен ұстап тұруға қосымша күш керек болғандықтан, жақын қалған қосымша күш қосылғанша окопты немістерге қалдырып, немістер алаңсыз орналаса бергенде қайта шабуылдаған екен. Ал тұтқын солдат өте қажет мәлімет бергендіктен, мені осы медальға ұсыныпты.

Мына әжелеріңді ұрдым деп, немісті сұлатып салып медаль алсам осы кісінің арқасы емес пе, осы кісі «Әбіш деймін» деп оятпағанда әлгі неміс мені атып кетер ме еді, негізі осы елдегі әжелеріңнің тілегіне аман келдік қой. Сол сұрапыл соғыстағы ерлік елдегі аналар мен жас балалардың ерлігінің арқасында болды ғой. Сондықтан мына әжелеріңе қол соғайық, – деп орнынан тұрған Әбіш ақсақал аяқ астынан, сөзшең, әсершіл болып кеткеніне өзі де таңғалды.

Ал, залдағы шапалақ көпке дейін басылмай тұрды.

Құдайберген  ЕСЕКЕЙ,

Қазалы  ауданы,

Әйтеке  би  кенті

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: