Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күндердің күмбірі – даңғаза, Түндердің нотасы – тыныштық

12.05.2021, 9:50 1490

HALYQLINE.KZ

ТӘҢІРДІҢ  ӨСІРГЕН  ГҮЛІ

Көркіңе ғашық болғанмын,

Кіндігім кесілген күні.

Шырағым, шырағың ана,

Шығарма есіңнен мұны.

Аяулы аналар екен,

Тәңірдің өсірген гүлі!

Көздерің киіктей көркем,

Жайдары жадырап жүрші.

Жаулығың жасырған жастық,

Жабырқау жаныма сыншы.

Жаратқан жалғыз тілегім,

Аналар ауырмасыншы.

Құлындай құлдыраңдаймын,

Барлығы бала сырым ба!?

Тірексің ғұмырнамамда,

Тілекшім, жанашырымда.

Ғаламның жұмбағы жатыр,

Анашым қарашығыңда.

Самайға ақ түсірме,

Бұлданса сынақтың бұлты.

Табаның тектілік білем,

Жанарың бұлақтың ғұрпы.

Ананың махаббаты бар –

Жүрек қой жұмақтың кілті!

КӨҢІЛ

Жаның неге жарығым кектенеді,

Жазғырасың жазықсыз текке мені.

«Алаңдама» дегенім, лала гүлім,

Саған ғана көңілім кеткен еді.

Сезімдердің сұйылтқан көбін талғам.

Кездессеңші көзіме көрін, қарғам.

Жанардай жаутаңдаймын сені күткен,

Адамдай аласұрып көңіл қалған.

Тағы кімдер көңілін білдіреді,

Тағы кімдер өмірін бүлдіреді.

Ақкөңіл пейілімнің салдарынан,

Қоштасып кеттік бе екен кім біледі?!

Көңілім тоқ шақтарда ақылды едім,

Уайым жоқ шақтарда батыл демім.

Тұңғиықтан шығарып алмайсың ба,

Көңілім түсіп бара жатыр менің!

АЛДАНЫШЫМ

Жанжүрегімнің жанбайды бағы,

Мұңымдай болса жан-қайғылары.

Сәулем-ай, саған сенгім келеді,

Ал, адамдардың алдайды бәрі.

Бақыттың құсын алдан ұшыра,

Ақ тілек айтып арман құсына.

Арбама мені, алдама мені,

Айналшы қайта алданышыма.

Назымды тыңда алданған шақтан,

Мадақтауларға малданған шақтан.

Жалған сөздерге ере көрмеші,

Жалғыз бақытым жалғаннан тапқан.

Жоқ шығар бізге шеннің керегі,

Жоқ шығар бізге шердің керегі.

Мақтадай мамық махаббаты бар,

Сәулем-ай, саған сенгім келеді.

Тап-таза көңіл жан бағысың-ау,

Рауан-ғұмыр таңдарысың-ау.

Сезімге мәңгі сенбей кетермін,

Алдама мені, алданышым-ау.

ҚҰПИЯ

Қиылған ай ұқсайтын білегіңе,

Кірпігіңе тәтті мұң түнеді ме!?

Оқисың ба сезімнің аяттарын,

Жүрегіңе жерленген жүрегіме.

«Құпия бар. Құпия. Түсін» дедің,

Махаббаттың қиратып мүсіндерін.

Судай сұлу сезімге тойып алып,

Удай ашып барады ішім менің.

Сұлу үміт санаға шықтай тама,

Уақытқа бүркенді бұлттай нала!

Құрбандыққа жіберіп жан қалауын,

Бақыт тілеп отырмын сырттай ғана.

***

Арылмадым жүректің жүктерінен,

Күдер үзбей, көріктім, күткенім ең.

Киім тоқып бергізсем киесің бе?

Үмітімнің үзілген жіптерінен.

Талпыныс бар, білесің, талап барын,

Сонда да қайырылды қанаттарым.

Қағаз қайық қылғанмын кеше ғана,

Сағыныштың сарғайған парақтарын.

Содан соң қойылар ма сұрақ қиын,

Сезінгің келген сайын жұмақ күйін.

Сенімдер ақталады шыдағасын,

Сезімдер тапталады, бірақ кейін.

Жүрек менде тілім де тілім бе еді,

Тылсымға сүйрелейді түнім мені.

Саусағыңа сақина тағайын ба?

Сары алтыннан сабырдың түбіндегі.

Жыр жанымды бермей-ақ жас қайыңға,

Жалғыздықты түнімен жастайын ба!?

Есімім де есіңе түспес үшін,

Аспаннан айды өшіріп тастайын ба!?

***

Құлазып, құлаған кезімде өрт,

Емделер, дем берер сөзің көп.

Кез келген кеудеде жүрек бар,

Кез келген жүректе сезім жоқ.

Кездер бар көмескі көз көрген,

Көз көрген жандар да өзгерген.

Махаббат жауапсыз неліктен,

Сұраққа жауап жоқ кез келген.

Тап болса тағдырым тұманға,

Сезімдер арнасын бұрар ма!?

Біз бүгін кездестік, бәрібір,

Қоштасу бекеті тұр алда.

Құласа құлдиға сел боп шың,

Құлази қоймайды мен боп шын.

Кез келген өлеңде өмір бар,

Кез келген өмірде сен жоқсың.

ЖҮРЕККЕ  ЖАСЫРЫНҒАН  ЖАН

Жасырып ішке жаңбыр да сырды,

Жасымық ойлар таң нұрға сіңді.

Сыртынан аяп кетемін кейде,

Махаббаттағы тағдырласымды.

Тербейді мені тағы да түнім,

Бермейді сезім жаныма тыным.

Біздің жүрекке біз қадағандай,

Күй кештіреді сағынатыным.

Бағымның жұмақ бағасы нұрлы,

Жанымның, бірақ, жарасы мұңды,

Аялайсың ба сұлулығыңды,

Аямайсың ба қарашығымды.

Құлжаға ұқсап жандандың таңым,

Үрзада ойға таңдандым жалын.

Сезім сарайы суымайды ғой,

Жүрегі жылы жандардың, жаным.

Ғазизім, нәрім, ғашығым, әнсің,

Әзизім нұрдың асылынансың.

Тілегіме кеп тоғысқан арман,

Жүрегіме кеп жасырынғансың.

ТҮНДЕРДІҢ  НОТАСЫ

Көңілге жайғасқан ырыс-құт,

Көзбенен бәрін де ұғыстық.

Ең сұлу әңгіме – үнсіздік,

Ең сұлу музыка – тыныштық.

Бүр жарса махаббат бүршігі,

Тылсымы тәңірдің гүл сыры.

Әуездің әрлісі емес пе,

Ынтызар жүректің дүрсілі.

Тып-тыныш арудың түні мұң,

Дұп-дұрыс бәрі де тұнығым.

Жіпсіз-ақ жанымды байлаған,

Айтқызбай ұғатын қылығың.

Құшағың жып-жылы, ып-ыстық,

Біз сөзсіз сүюге тырыстық.

Күндердің күмбірі – даңғаза,

Түндердің нотасы – тыныштық.

Жанарға жазылып мың түнім,

Сызбасы бар сынды күлкінің.

Күйтабақ әуенін оқиды,

Тым ауыр қағылған кірпігің.

Түнменен тілдесу көп неге,

Үнменен үндесер от дене.

Ол бәрін естиді, ұғады,

Жүректің құлағы жоқ деме.

АҒАШ  ҚАСЫҚ

Көңіл неге айныдың бастапқыңнан,

Жастығым да жылысып аспақ қырдан.

Бауырларым, қайдасың баз баяғы,

Қайран күндер қайдасың қаспақ қырған.

Бара жатыр бір бақыт, қараш(ы) қашып,

Тулақ жүрек тағы да таласқа ашық.

Құттың бәрін әкелген шаңыраққа,

Сүттің дәмін сездірген ағаш қасық.

Көңілге кеп тағы да таяды мұң,

Баяны еске түсіп баяғының.

Жыр суына жуылған сияқты ма,

Кір сымына жайылған жаялығым.

Сөз дейтін тапаншаңды қалма кезеп,

О шақтарда алайда талмады өзек,

Анамыз бір қасықпен бәріміздің,

Аузымызға ас салды алма кезек.

Ағаш қасық, биік пе сенен шынар,

Ер езілсе қайғыдан емен сынар.

Ана жүрек тәтті мен ащы өмірді,

Барлығы бірдей сезсін деген шығар.

Тамшы баққа қу сезім асқақтайды,

Жан шыдап па, кеудені баспақ қайғы.

Ана да жоқ, бұл күнде, бауырлар да,

Жалғыз жанға бәрібір ас батпайды.

Ооу, сағымдағы ағалар бұрыл маған,

Жұлдызға айналдың ба жымыңдаған.

Қайдасың ағаш қасық, қайран күндер,

Қазанда қаспақ қалды қырылмаған.

СОЛ  ЖАҒАЛАУ

Осы еді жанның қалағаны да,

Шаһардай жылы қарағаны да.

Сол жағалауың баурап барады,

Жоқ әлде қалқам, қаладағы ма?

Әлемнің бәрі білсін бұл күйді,

Көңілім мүлде күрсінбейді енді.

Сол жағалауға барғысы келіп,

Сол жағымдағы дүрсілдей берді.

Сезім салмағы ойдан ауыр ма,

Күнә ғой мұндай бойламау нұрға.

Сен үшін салып жаңа қаланы,

Мен үшін көпір қойған-ау мұнда.

Елеңдеп тағы жол жаққа көкем,

Келем деп бір күн болжап та кетем.

Адами заттың жүрегі неге,

Сол жақта екен, «сол» жақта екен.

Сырдың жүрегі, жолдың кемелі,

Сол жағалауға қондым деп еді.

Жібекке торғын жырымды жазып,

«Жүрекке тұрғын» болғым келеді.

Айдар  САЙЛАУОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: