Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көбелекші

27.07.2023, 9:40 175

Жұмыр басты пенде болғасын тіршіліктің соңында далбасалай жүгіріп жүріп ұмытып та кетеміз-ау, әйтпесе, Алланың құдіретіне шек жоқ қой, тіпті өзің күтпеген, бір  минут  та  ойланбаған тірліктер де  кездесе  береді  екен. Соның  бірі  мына  жайт…

Иә, ол түсіне енді, бейне бір түрлі-түсті көркемсуретті кино ма дерсің… Кім ойлаған… Бұлар Аралға қоныс аудармаған кез екен дейді. сол баяғы Сыр бойындағы шағын ауыл, сол қалпында. бұл да сол баяғы 11-12-дегі кезінде, кластасы Рахман бұған қарап күледі, сосын: «Әу, оқымыстым! Қайда жүрсің, кездеспегелі 52 жыл өтті ғой, білесің бе?» дейді. Сол баяғы Көбелекші, сол аңқылдаған қалпы. Алла-ау… Мұны қалай түсінерсің, қалай түсіндірерсің, сосын бұл ненің нышаны екен деп бас қатырып, не деген тылсым деп таңғаласың, түбі адам баласы білмес бір құдірет бар-ау, шамасы, дейсің іштей.

Беу, Көбелекші-ай… Қай-қайдағы еске түсті ғой… Иә, қоймашы  Оспанның  баласы Рахманды  жұрт  Көбелекші деп  атайтын, оның атасы елге белгілі Қайберен молда жұрттың айтуынша, сонау 1930 жылдары Сібір айдалып, жиырма жылды Колымада өткізген. оның діни сауаты жоғары әрі Сыр бойына белгілі үлкен емші болған екен. Бір туысқаны ұстатыпты, баласы Оспанның да көрмегені жоқ, бәлкім, содан болар бұл отбасы біздің ауылда ерекшеленіп тұратын. 1960 жылдардың орта тұсындағы мамыражай кезеңнің өзінде де молдаға жұрт сескене қарайтын, аузына «бірдеңе» тиіп, қызып қалған жігіттер оған көрінбеуге тырысып, әкімсымақтар ол отырған жерде моп-момақан бола қалатын. Шағын ауылдың ауырғанын емдейтін де, тентегін жөнге салатын да сол еді. Атасының баласы атанған Рахманның да мінезі талайды таңғалдырды. тәрбиеден болар, тіршілік иесі атаулыға көзқарасы бөлек-ті. әсіресе көбелекті жақсы көретін. Бір қызығы, ол жүрген жерде көбелек жүретін, бұл олармен кәдімгідей сөйлесетін… Жұрт «Осы бала көбелектің тілін түсінеді» дейтін…

Бірде күніне төрт-бес мәрте шу шығармаса шекесі тырысатын Шалқар тентек оған қаралай тиіссін. «Әй, Көбелекші… Сенікі не талтаң осы, не еті жоқ, не сүті жоқ, дымға жарамсыз көбелекті дәріптеп… Өспейтін бала иткөсік қазады деген… Иопт… Ештеңеге шамасы келмейтін бейшараны соншама өбектеп…». Ара-арасында былапыт сөзді қоса суырыла жөнелген қызыл езу кластас қолынан тастамайтын қамшымен жерді қайта-қайта сабап, әзер тоқтады. Канал жағалай қармақ салып отырғандардың көзі бізде, енді бауырсақ мұрын, дөңқабақ Алмат сөзге араласты, бізбен кластас болғанына қарамай дауысы гүр-гүр етеді, шамасы дене ірілігінен болар. «Ал… әулиенің баласы, көрсет гараматыңды. Сол көбелектеріңнен қорқатын бір жәндік тауып берсең – мен паспын. Әйтпесе…». Ол жұдырығын түйді, Шалқар тағы бір шу шығатын болды десе керек, шарылдай күліп, алақанына түкірді. Жанымызға өзіміз құралпы алты-жеті бала жинала қалды, Рахманның өңі сәл қуқыл тартыпты. Канал жиегіндегі тал үстіне шыққан ол бір әуенді ысқыра әндетті, аздан соң төңірегімізде төрт-бес көбелек пайда болды.

– Әй!.. – Ол тістене сөйлейді. – Екеуің қараңдар, к… қышуы қанар. Мына көбелектерге ана торғайлар тиісе алмайды. Қорқады. Ал, тығылып бақылайық.

Бәріміз соның айтқанына көндік. Астапыралла, мұны кім білген!? Канал жиегіндегі шөпте қонып отырған көбелектерге торғайлар шүйлігіп келеді де, қайқаң етіп қайта көтеріліп, тайып тұрады. Осы әрекет, осы сурет бірнеше қайталанды. Біз бір-бірімізге қарадық, Шалқар: «Иапт… торғайлардың бәрі немецкий болып кеткен бе… иапт…» деп шарт ете қалды. Рахман тағы да ысқыра әндетті, көбелектер ғайып болды да, әбден күнге күйген қара домалақтар үнсіз ауылға беттедік.

Екеуіміз қатар келеміз, ол тек мен ғана еститіндей ғып сөйлеп келеді: «Атам айтқан… Он сегіз мың ғаламның жаратушысы барлық тіршілік иесіне кие берген. Онымен ойнауға болмайды, жаңағы екі дорақты көрдің бе… Кесапатты тәлпіштер… «Адам өзін биік санаса, көзінің еті өседі, ондайда ол адам болудан қалады» дейді атам. Көбелектер деген зиянсыз, бір керемет жаратылыс қой, әдеміні ұнатады, гүлді ұнатады».

– Жаңа…  Торғайлардың  дәп-дәу боп  көбелектен  қорыққаны  несі?

– Айтсам… Жұртқа жайып жібермейсің бе? Сенің кейде қызып кететінің бар. Ал, аналар тіпті естімеуі керек.

– Шестно пионерский. Адам баласына айтпаймын.

Рахманның  сөзінен ұққаны – көбелектер де жауынан қорғана алады екен, олар торғайлар дыбысы шықты дегенше солай қарай теріс айнала, қанаттарын көтере қояды екен, сол кезде тек белгілі межені ғана көретін торғайлар көзіне ол жерде көбелек емес, үкі отырғандай көрінеді екен де, содан қорыққан олар ышқына кейін қашады екен. Көбелектер қанаттарының астыңғы жағындағы біз байқамайтын суреттер теріс айнала көтерген кезде тура үкі көздері мен тұмсық-құлағынан аумай қалады екен ғой. Ой, Алла-ай, мұны кім білген?! Жаратылыс кереметі деген осы болар. Ол менің уәдемді қайта-қайта еске салып, «Біреуге берген уәдеге, сертке адал болу керек дейді атам мен әкем» дегенді қосып қояды сосын. Мен кластасымның жүзіне барлай қарадым, осы ауылдың бүкіл баласы әкелерін «папа», «көке» деп атаса, «әке» деп атайтын жалғыз бала – Рахман ой үстінде келеді екен. Ауылдағылардың көбісі, көбісі емес-ау, осы отбасыдан басқалары «Пәленшеев, Түгеншеевтер» болып аталары тегімен бірдей болса, бұларда бөлек, Оспан Қайберенұлы, Рахман Оспанұлы болып жазылған. Қызық. Бұл да оларды ерекшелей түседі. Ақыры уәде бердім ғой деп ойладым да, көптен бері мазалап жүрген сұрағымды  қойып  тындым.

– Рахман! Шынберген ағай анада далаға экскурсияға алып шыққанда біраз гүл, шөп түрлерін, көбелектер әкелдік қой. Басқа білмесе де, мен сенің ештеңе жинамағаныңды білдім, тек Шалқардың құтырына қамшымен ұрып, жайпап тастаған гүлдерін жинап алғаныңды көрдім. Олардан гербарий жасадық, біздің гүлдеріміз аздан соң қурап қалды, көбелектеріміз үгітіліп кетті. Ал сенің көбелектерің әлі тұр кабинетте. Неге бұлай?

– Уәде бересің… тіс жармауға… оқымысты.

Иә,  менің  көркем  шығарманы көп  оқитындығымнан  осы  аттың таңылғанына  екі  жыл  болған.

Мен уәде бердім. Екеуіміз Рахман киіп жүрген әкесінің брезент костюмін ауылға жақын тұстағы жиде ағашы түбіне төсей, қатар отырдық. Ол әңгімесін бастады.

– Мына брезентті неге тастамайды дейтін боларсың. Мұның бірнеше себебі бар, біріншісі, бұл күн өткізбейді, жайсаң – төсек, кисең – киім, жаңбырға да жақсы, екіншіден, әкемнің иісі сіңген, ол үнемі менің қасымда  жүргендей  болады. сосын  қолпылдаған  үлкен  болса да  киіп  аламын.

Сосын менің маса шаққан, қамыс, шөп тырнаған қарымды ұстап маған көрсете: «Міне, көрдің бе, дымың қалмапты ғой. Адам соншама өз-өзіне мейірімсіз бола ма екен?» – деді де, өз қолдарын көрсетті. Бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен білек тап-таза. Мен іштей қысылып қалдым, ол сөзін жалғады: – Уәдеге берік бол, оқымысты… Ана Шалқар паразиттің жұлған гүлдерін атам жасап берген қоймалжың түссіз, клей сияқты сұйықтықпен бояп шықтым, сонда ол бұзылмайды… Әй… сосын… сен мені көбелектерді өлтіретін жынды деп отырсың ба… Өй, оны әкемнің «Беламорканал» папиросының үпілдірік қағазынан жасағанмын ғой, бояумен айнытпай  шығардым…  Жұрт  оны шын  көбелек  екен деп жүр …   Жүре  берсін…

Мен кластасыма таңғала қарадым, бұл алтыншыны бітірген жаз еді. содан он күн өткесін біз Арал ауданына көштік, балаларды, әсіресе, Рахманды көпке дейін сағынып жүрдім, хат жазысып тұрдық. Ол кезде қазіргідей зырқырап жатқан көлік, интернет, қалта телефоны дегендер жоқ, қолдан келері хат жазысу ғана еді.

***

Ол тағы да жолда келеді, бұл оның шілде айы туғалы Аралға екінші рет сапарлауы, сол аймақта жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған кесене тағдыры алаңдатады оны. Арал-Қазалының арғы-бергі әңгімесіне қанық әкесінен кезінде оған қатыстының барлығын қағазға түсіріп алмағанына өкінеді қазір. Әттең… Жастық дейсің бе… Жо-жоқ… Немкеттілік қой… Бәлкім өзім білемге салыну болар… Аралға әкесінің қызмет бабымен көшіп келді де, осында тұрақтап қалды, әйтпесе атақонысы – Сырдың бойы. Содан кейін туған жерге екі-үш рет қана жолы түсіпті. Әскер деді, оқу деді, жұмыс деді, отыз жылдан аса Маңғыстауда қызмет етіпті. Бұл Рахманға кездескісі келді, ол да іздепті, бірақ, жолығудың сәті түспеді, сол баяғыдан кейін Рахманды көрген жоқ, кейін хат жазысу да сиреді, тіпті ұмытыла бастаған да еді, тек мына бір түс… Осы бәрін есіне қайта салды.

Ақмешіттен күн қызбай-ақ шыққан еді, бірақ, жүрісі мандымай қойды, бәлкім, көрген түсін ойлағаннан болар. Көзі «Шымкент – Самара» күре жолында болғанымен, ойы – со-нау-у бала кезде. Мидың бір түкпірінен «Ойды қу, көзіңе қара, рөлде келесің» деген бұйрық жеткенмен, арыла алар емес. Иә, бұл Мәскеуде оқып жүргенде бір хат алған Рахманнан, сағынғанын жазыпты, елде екен, «Оқымысты-ау, мен ауылдан шыға алмаймын ғой қазір, әкем науқас, оның үстіне совхоздың таусылмайтын жұмысы» дей келіп, өзін толқытқан бір жайтты баяндайды. «Жақында телевизордан бір концерт көрдім. Жетісайда өткен «Мырзашөл жұлдыздары» деген фестиваль екен. Сонда бір жігіт баянмен ән салды, айтатыны жоқ… Керемет.

«Беу, қыздар-ай! Гүлсіңдер,

Жүрегім сен деп дүрсілдер,

Көбелек болып барғанда

Қондырмай неге жүрсіңдер?» деп үзілдірді. «О, тоба!» дедім ішімнен, мына жігіт не деген керім еді, Алла-ау, адам көңілінің көбелек екенін, сондай нәзік екенін қалай дөп басады, ә?! Көңілді көңілдің байытатынын, сол көңілдің көбелек сияқты сұлулыққа, әдемілікке ұмтылатынын айтып тұрған жоқ па? Соған ырза болып, саған хат арқылы жеткізгенше асықтым. Адамдар осыны неге ұқпайды екен, біреулерге өштесіп, бәле іздеп жүретіндер осыны түсінсе ғой?! Біреуге жасаған қиянатының зардабын өзі, ұрпағы көретінін, тіршілікті ұйыстыратын сағыныш пен сыйластық екенін неге түсінбейді?» депті ол. Қайран, Көбелекші-ай, баяғы қалпы, көңілінде бір қылау жоқ күйі.

Жол да, ой да созылып келеді. «Неге бұлай? Қалайша ұмытылып кетті… Әлде көзден кетсе, көңілден кетеді дегендік пе. Бірақ, сонау бал кездегі кластастың барлығын кім түгелдеп жүр дейсің. Жо-жоқ, бұл ойың қате… Тәйірі, сол кезден ыстық не бар… Ұмытқанымыз – кісімсігеніміз шығар, бәлкім. Осы жолмен талай өтті, бір рет бұрылуына болатын еді ғой, мейлі, Қазалы айналып барсын, мейлі бір күні кетсін, сол бір шағын ауылға ат басын бұрса болатын еді-ау. Немене, таныс ешкім қалмады дейсің бе… Ту-у, сол да сөз боп па, сен ұмытқанмен, олар ұмытпауы мүмкін, әке-шешеңнің көзін көргендерден де қалғандар бар шығар… Әттең, осы тұстан көп болса, қырық шақырымдай-ақ қой, бірақ дариядан өту Қазалы арқылы ғана… Поу, баяғы әніңе қайта бастың-ау сылтау іздеп… Шын барғың келсе…». Ойы бұзылды, машина әйнегіне бірдеңе тигендей болды. Көлікті тоқтатқан ол өз көзіне сене алмады. Машинаны айнала көбелектер ұшып жүр, әлгі терезені соққандар да солар екен. Сыртқа шыққан мұны айнала ұшқан көбелектер бірінің ізімен бір дарияға қарай ұшып барады да, қайтып келеді, осыны төрт-бес рет қайталады. Бір сәт санасында жасын ойнағандай болды. «Алла-ау, мына көбелектер мені шақырып тұр ма? Шын ба… Көбелекші жіберді ме екен…». Қазалы да жақын қалған еді, енді бұл көлікті дариядан өтер көпірге бағыттады.

… Ауылға он бес шақырымдай қалды. Міне, тағы да көбелектер пайда болды. Манағы көбелектер ме екен, әлде басқа ма? Бұл ойдағы сауалға жауап іздеп үлгіремін дегенше анадай жерде бұған қарсы жол шетінде тұрған «УАЗ-469» автокөлігін көрді. Бірінші келген ой – бұзылып тұр ма екен болғанымен, жақындай түскенде бұған қарап тұрған ақсақал бір кезде көрген танысындай болды, төңірегінде көбелектер ұшып жүр екен. Ой, Алла! Мынау… мынау Көбелекші ғой… Рахман ғой… Алла-ау… Ол жақындай бере жол талғамайтын шетелдік көлікті кілт тоқтатты, түсе сала жүгіре басты, анау да қарсы ұмтылды. Бұл 52 жылдан кейінгі кездесу еді.

– Мұнда неғып тұрсың?

– Сені күтіп тұрмын да.

– Келетінімді қайдан білдің?

– Көбелектер айтты ғой…

Құшақтары көпке дейін ажырамаған екі ақсақалды көбелектер айнала ұшуда, қанат қаққандары да қызық, вальс ырғағында билеп жүргендей бейне.

Алдажар  ӘБІЛОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: