Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап – дәуір айнасы

01.02.2024, 9:40 220

Рухани жаңғыру – ұлттық мұрамызды қастерлеп, ұрпақ санасында ұлықтаудың негізгі тетігі. Бүгінгідей алмағайып заманда қызылды-жасыл көз арбап, санамызды улап жатқаны соншалық өткенімізге зер салуға құлық танытпаймыз. Алайда, мемлекеттің басты байлығы адам деп қарасақ, адамның тұлға болып қалыптасуына құнды көне қолжазбалар мен жәдігерлер оң әсер етері хақ. Тарихын танып өскен елден ұлтын сүйетін ұлағатты ұрпақ тарайтыны белгілі.

Жазу мен сызу мәдениеті тым тереңде. Сондықтан өткен мен бүгінгінің арасын сабақтастыратын алтын желі жазба ескерткіштерді сақтау – мемлекеттің тарихын, мәдениетін, тілі мен дінін құрмет тұтатын елдің алдыңғы қатарлы міндеті. Олай болатыны, әрбір жаңа тарих бетін ашқан айтулы оқиғалар, кезеңдер тек жазба ескерткіштер беттерінде қатталады.

Біздің кітапханадағы бай қазынамыздың бірі де, бірегейі – сирек кітаптар қоры. 2010 жылы құрылған көне тарих куәсіндей жәдігерлер қоры облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар залында сақтаулы. Мұражай – халықтың тұрмыс-салтының, мәдениеті мен тарихының, әдебиеті мен руханиятының шырақшысы, дәуір діңгегі. Мұндағы құнды жәдігерлер өскелең ұрпақтың тарихын терең тануына өз септігін тигізеді. Мәдени құндылықтар төрінен тұғыр тепкен ескерткіштер мен өнер туындылары тарих тылсымына тұнып тұр. Түртіп қалсаң, тереңнен тіл тарқатып, ескі замандардан сыр шертеді. Мұражайдағы әрбір кітап елдің өткен тарихы үшін, мемлекет үшін маңызды. Әлі де тарих қойнауында бұғып жатқан мәдени мұралар  баршылық.

Сирек және құнды кітаптарды табу, сақтау, қатарын толықтыру, жинақтау жұмыстары кітапханамыздың күн тәртібінен ешқашан түспейді. Қазіргі таңда мұражай қорын­да 1000-нан аса басылым бар. Сирек кітаптар қорында араб, парсы, ескі шағатай тіліндегі шығыс баспа кітаптары, Қазақстан жайлы еңбектер, Қазақстанның алғашқы мерзімді басылымдары, славян тіліндегі алғашқы басылымдар және европалық әдебиеттер, автордың қолтаңбасы бар кітаптар, көлемі кішкене кітаптар, Қызылорда қала­сы алғашқы астана болып тұрған кезінде шыққан әдебиеттер жинақ­талған.

Мұражайда қойылған жәдігерлер қатарында 1275 һижра жылы жазылған Рабғузидің бүкіл пайғам­барлар «Қиссасы», 1293 һижра жылы жазылған қасиетті «Құран», Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикметі», М.Физулидің «Ләйлі-­Мәжнүні», түрік тіліндегі Ұлы Осман мемлекеті сұлтандарының «Османлылар альбомының» 1-ші кітабы, Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы Орынбор, 1926 жылы Қызылорда қалаларынан басы­лып шыққан «Әліп-биі», Абай Құнанбайұлының латын харпімен жазылған 1933-1940 жылдар аралығын қамтитын бірнеше кітабы, 1952 жылы түрік тілінде шыққан «Қорқыт Ата кітабының» Ватикан нұсқасы, қырғыздың 1959 жылы жарық көрген төрт кітаптан тұратын «Манас»  эпосы, т.б. бар.

Сирек кітаптар сөресіндегі нақты материалдар мен библиографиялық мәліметтердің молдығы жағынан құнды анықтамалықтар қатарында немістің кітап баспагері Ф.А.Брокгауз бен орыс кәсіпкері И.А.Ефрон­ның баспаханасынан 1886, 1897 жылдары шыққан «Энцикло­педия­лық сөздіктері», 1900-1909 жыл­да­ры жарық көрген өнер жайлы жинақтармен қатар орыс классиктерінің алғашқы басылымдары, тарих­тың әр кезеңдерін насихат­тайтын  әдебиеттер  де  бар.

Өлкемізге байланысты кітаптардан Н.И.Гродековтың «Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области», М.В.Боровскийдің екі томдық «Древняя Дельта Сыр-Дарьи и Северные Кызыл-Кумы», Т.Қартае­ваның (XIX ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың басы) «Сыр өңірі қазақтары: тарихи-этнография­лық зерттеулері», т.б. бар.

Алдағы уақытта «Сыр өңіріндегі археологиялық мұралар: жинақ­тау, қалпына келтіру, аудару және жария­лау» жобасын іске асырсақ деген ойдамыз. Жобаның негізгі мақсаты – елімізде сақталған ел тарихына, мәдениетіне, ғылымына қатысты көне жазбалар мен сирек кітаптарды жинақтау, зерттеу, сақтау, танымал ету, отандық жазба ісінің дамуын, әртүрлі мәдени-тарихи жағдайдағы кітаптың әлеуметтік рөлін жан-жақты көрсету. Қордағы кітаптардың қайсыбірі болмасын ұлт пен ұрпақ алдындағы ұлы құндылық саналары анық. Ол өз кезегінде тарихты танып білуге түрткі болары  хақ.

Иә, өткеніміз – өсиет, бүгініміз – бағдар, ертеңіміз – еңселі. Оған қазақтай қастерлі халықтың тарихнамасы дәлел. Байырғы бабаларымыз жүріп өткен сүрлеу соны айғақтайды. Көне күннің жарқын жетістігін жазу – тарихқа тағзым етудің ізгі көрінісі. Атадан балаға аманатталып, көненің көзін көрген тарихи жәдігерлер игілігі халыққа ортақ болғаны абзал. Жазба мұраларды бір жерге шоғырландырып, олардың сақталуына, жан-жақты зерттелуіне жауапкершілік арттыра отырып, мұражай болашақта жазба ескерткіштердің ірі орталығы ретінде даму­ға  бар мүмкіндігін сарп етпек.

Гүлдерайым  ДОСБЕРГЕНҚЫЗЫ,

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: