Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықаралық айтыс халық көңілінен шықты

23.10.2023, 17:35 391

HALYQLINE.KZ

Ұлттық өнеріміз айтыстың деңгейі артып, аудиториясы кеңейіп, тың тақырыптарға түрең салынып, халықтың санасына руханияттың нұрын шашып келеді. Заманымызға сай, ақын жастардың айтысқа бетбұрысы ерекше екенін, шетелдік қандастардың да қызығушылығы артып келе жатқанын ауданымыздың 95 жылдығы және халық ақыны М.Көкеновің 95 жылдық мерейтойына арналған «Мен елдікті жырлаймын» атты айтыстан аңғарған едік.

ТОЙДЫҢ  БОЛҒАНЫНАН  БОЛАДЫСЫ  ҚЫЗЫҚ

Мерейлі мереке қарсаңында М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде айтыс өтетінін естіген ел елдің әр қиырынан жетті. Соның бірі Асылай Ақым Өскемен өңірінен келіпті. Ол: «Бүгінгі айтыс деңгейі де, тарқатар тақырыбы да сан алуан. Әр айтысты қалт жібермей, көріп келемін. Әлеуметтік желі дамыған заманда неге табан тоздырасыз деп жатады ғой, меніңше, көзбенен көріп, залдағы көрерменнің ортасында отырып, мұндағы тылсым атмосфераны сезіну – бір бақыт. Сондықтан, Жаңақорған жеріне алғаш рет жүрексіне жеттім», – дейді меймандос.

Аудандық мәдениет үйінің көрермен залында ине шаншыр орын қалмады. Белгіленген уақыттан бұрын келіп, орын алып, ақтаңгер ақындарын күткен халықта есеп жоқ. Әрі ауданның айтулы мерекесіне орай тегін тамашалауға мүмкіндік болғандықтан адам қарасы көп болғаны заңдылық.

Келген мейманды жылы шыраймен қарсы алып, аудан тарихынан сыр шертер сырлы көрме ұйымдастырған А.Сопыбеков атындағы аудандық кітапхана қызметкерлері бұрыштағы кітаптардың құпиясын ашты. Ауданымыздың даму жолында сүбелі еңбегін арнаған дарынды тұлғалардың суреттерін көргенде сол дәуірге саяхаттадық. Өркендеудің өрінде көш бастаған еңбеккерлердің есім-сойы аталды. Бейнесі таныс, ісі көңілде қалған көнекөздердің өмір жолын қайта жаңғыртқан сәтте көпшілік риясыз алғысын айтып жатты. Соның бірі Айшагүл Сұлтанқызы таңданысын жасыра алмады.

– Ауданымызда бұрын-соңды мұндай деңгейде той өтпеді деп санаймын. Ұйымдастырушы тұлғаларға, аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлына, мәдениеттің тізгінін ұстаған Әбілқайыр Сыздықовқа ел атынан алғысымды айтқым келеді. Әрі мына көрмедегі тарихи жәдігерлерге сүйсініп тұрмын. Машбек Нәлібаевтың, Исатай Әбдікәрімовтің біз біле бермейтін қырларын ашып, оны халыққа ұсынып отыр. Кітапхана ұжымы тақырыпқа сай бағалы жәдігерлер қойып, терең зерттегендері білініп тұр. Халықаралық айтыс алдында осындай мазмұны кең көрмені тамашалап, Отан Анаға деген құрметім артты, – деді ол.

ӘЗІЛІ  ЖАРАСҚАН  АҚЫНДАР

Айтыстың ақтаңгері,«Алтын домбыраның» үш мәрте жеңімпазы атанған Мұхтар Ниязов аламан бәйгенің тізгінін қолға алып, айтысты жүргізді. Жаңақорған аудандық мәслихатының төрағасы Сопбеков Ғалымжан Жарқынбекұлы аламан айтыста алғы сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.

Айтыс ақтаңгерлерiнiң басын қосқан дүбірлі додаға халықаралық, республикалық азулы ақындар Айбек Қалиев, Жансая Мусина, Нұрмат Мансұров, Есенбек Киізбаев, Мөлдір Айтбай, Бексұлтан Орынбасаров, Тұрар Тiлеулиев, Талғат Орынбеков сынды айтыскерлер қатысып, бақ сынасты.

Дүбірлі доданың алғашқы жұбы Нұрмат Мансұров пен Қырғызстаннан келген Есенбек Киізбаев қайым айтыстың көркін келтірді. Қос ақын Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерейтойын жырға қосты. Тарихи тұлғалар, ақын Манап Көкеновтің өмірдерегі жайында сөз саптады. «Қырғыз-қазақ еншілес ел боп жүрміз, тарих ортақ, терезе тең деп жүрміз, Есен-сау жеттің бе, Есенбегім, Бұл айтысқа Ыстықкөлден жеткен қырғыз?» деп әзілін төккен Нұрмат Мансұров қырғыз ақынға қарата «Манап Көкеновтің қалай Қыдыр Ата атанғаны» жайында аңызын өлеңге қосты. «Өнер ұлтқа бөлінбейді» деген тәмсілдің тереңін осы жұптың арасында өрбіген өнерден терең ұғына түстік. Өз тілінде жырлаған қос ақынның өнеріне халық теңдей ықыласын білдіріп, рухтандырып отырды.

Ал, Айбек Қалиев пен Бексұлтан Орынбасаровтың айтысын жас ерекшелігі мен жиған тәжірибесіне сай екі толқынның айқасы деуге келетіндей. Айтыс өнерінде өзіндік жолын қалыптастырып, өз мақамын шегелеген Айбек Қалиевтің ұтымды жауаптарына тәнті болдық. Қалжың қағытпа кезінде Айбек Қалиев «менде ұл, сенде қыз екен, құда болайық» деген емеурін танытқан еді. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса саққа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» деген даналық дәйегін жас толқын, суырып салма өнердің шебері Бексұлтан Орынбасаровтың қарымта сөзі елді ду күлдірді. Ол: «Қазақтың салтында тұңғыш бала ата-әженікі» Аралдағы ата-анамның алдынан өтерсіз» деген ойын екі қатарға сыйғызды.

Жаңақорған жері айтыс ақындарынан қай дәуірде болмасын кенде емес. Соның айғағы, бүгінгі аламан айтыстың төріне озған Тұрар Тілеулиевті айрықша атап өткеніміз жөн. Кіндік қаны тамған қасиетті мекенге келгенде ақынның делебесі қозып, еркін көсіле сөз бастауы заңдылық. Бұл туған жеріне деген сағынышы шығар, бәлкім?! Қарсыласы Мөлдір Айтбаймен жарасымды айтыс өрнегін көрсетті. Ізінен талай дарынды шәкірт ертіп, томағасын сыпырған қырандай қанаттанған Тұрар Тілеулиевтің сөз байламы мен ұтымды жауабы нысанасына дәл тиген оқтай болды. Ол: «Бір кездері балуан қыз едің ғой, кешегі олимпиадаға неге шықпадың?» деген назын астарлады. Көрігі тұлғасына жарасқан сұлудың өн бойындағы жеті ерекшелікті жіпке тізгендей баяндады. Рас, Мөлдір Айтбай – сан салалы қырымен елдің назарына іліккен өнерпаз. Ол грек-рим күресінің шебері, Азия ойындарының үздігі, ұстаз, ақын, кәсіпкер. Ал, Тұрар да осал жігіт емес, оңтүстік өңірдің айтыс ақындарының мектебінде жетекшілік етуде. Асабалығы да, ақындығы да табыс көзіне жетелеуде. Осыны меңзей келе «Адамды асылдандыру керек» деген ойын астарлы әжуамен топшылады. Осы бір ауыз сөзі шындығында өзге ақындардан биік өрлігін аңғартты.

Қыз бен жігіттің айтысындағы феномені Жансая Мусинаның сахнаға шыққан бойдан-ақ халық қошеметін аямай, құрметін сезіндірді. Бұл жолғы айтыста Өзбекстан елінен келген Талғат Орынбековпен тамаша айтыс өрнегін көрсетті. Ә дегеннен-ақ, қызу тартыспен өрілген айтысты халық бір деммен тыңдады. Өз тілінде сәлемдесуін бастаған Талғат ақын қазақ тілінде айтысын жалғастырды. Әрі қазақ тілінде емін-еркін көсілгенде қазақ баласынан кем түспеді. Ана тілімізге деген құрметін байқатқан өзбек жігітіне ел сүйсінгені ақиқат. «Қолына ұстап жүректі, жамылып мақпал жібекті. Алыстан келген бауырсың, палуан сынды, білекті. Кезекті созбай берейін, арнашы алғыс-тілекті» деген Жансая Мусинаның сөзінен жас өркенге деген ілтипатын байқадық. Тақырып ауанына сай екі бойдақ ақын елді әзіл-қалжыңмен қарқ қылды. «Плотник жігіт іздеп жүр едің, үміткер болып мен келдім, жігітін көрші, өзбектің» деп сөз арнады өзбек ақыны. Сол-ақ, екен азулы ақын Жансая Мусина сөзін іліп алып, «Ташкенге тойға барамыз деп ата-анам қуанып қалады-ай» деп елді шу еткізді. Осы қарқында сөз жарыстырған жұпқа елдің құрмет-қошеметі байқалды.

Айтысқа Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, Отырар ауданы мен Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Бекарыс Шойбеков, Қазақстан Журналистер Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, ақын Қаршыға Есімсейітова, айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жүсіп Кенжебай төрелік етті.

Үш сағатқа созылған аламан айтыстың нәтижесінде бас жүлдені түркістандық Тұрар Тілеулиев иеленді, І орынға қостанайлық дүлділ Айбек Қалиев лайық деп танылды. Қалған айтыскер ақындарына сый-сияпат үлестіріліп, сыйақысы берілді. Жаңақорғанның 95 жылдық тойында ақындар елдің көңілінен шығып, елдіктің ең басты құндылықтарын жырына арқау қылды.

Мақпал  МАРҚАБАЙ,

Жаңақорған  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: