Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ерлік ескерусіз қалмаса екен…

11.01.2023, 8:50 225

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың назарына

Жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» («Сырдария уәләяты». Қазалы қ. 1894 ж.18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 ж. Қазан қаласында жарық көрген) деп жазылған.

Сондай-ақ Молдахмет Қаназдың ғылыми-танымдық басылымдағы «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221 (!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды» деген сөйлемдерден осы қанды шайқастың ауыр шығынын, зардабын білуге болады.  

Ал «көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген деректен қарапайым халықтың қанға бөккенін ұғынасың.

Бүгін тарих парағында қанды ізін қалдырған «Арықбалық шайқасына» 166 жыл толды. Арада осыншама уақыт өтсе де сол қасіретті оқиға ел санасында әлі күнге сақтаулы. Оған мына деректер дәлел болады.

Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешітте бас имам Берік қажы Сүлейменов «Арықбалық шайқасында» қаза тапқан аруақтардың рухына бағыштап Құран хатым жасады. Ал, батыр бабамыздың атақонысы Жанқожа батыр ауылындағы мәдениет үйінде өткен дөңгелек үстелге қатысушылар «Арықбалық шайқасының» құрбандарын 1 минуттық үнсіздікпен еске алып, батыр бабалардың ерлігі туралы шұрайлы әңгіме қозғады. Аталмыш елді мекендегі №94 мектепте кең көлемде тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, оқушыларға батыр бабаларымыздың жанкештілігі, туған жерін қорғаудағы өрлігі насихатталды. Ауыл жастары мен мекеме қызметкерлері арасында спорттық жарыс өткізілді. Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешовпен тілдескенімде мұндай игілікті іс-шаралардың аудан көлеміндегі білім ордаларында алдағы уақытта жалғасын табатынын естідім.

2022 жылы «Арықбалық шайқасының» өткеніне 165 жыл, «Жанқожа батыр» кесенесінің салынғанына 30 жыл толуына орай аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың, ел азаматтарының қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұжымы, аудан өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Жанқожа батыр» кесенесінде өткен тағылымды іс-шара көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. Дұрыс-ақ. Десе де, көңілдегі мына жайтты айта кетсем.

«Арықбалық шайқасы» құрбандарына және Жанқожа батыр бабамыздың ерлік жолын насихаттау мақсатында «Жанқожа батыр» кесенесінің аумағына ескерткіш-барельеф орнату туралы ұсыныс бірнеше жылдан бері қозғалып жүр. Алғы шарттары жасалып та қойылған болатын. Алайда, түрлі себептермен (пандемия, т.б.) аяқсыз қалды. Ел азаматтары бірлесе жобаның ойша нұсқасын жасап қойған болатын. Сол жоба бойынша «Халқының туған бағына – батыр баба Жанқожа» аталатын 9 бөліктен тұратын ескерткіш-барельефте Жанқожа бабамыздың Тықы батырмен жекпе-жек шығуымен басталып, Кенесары ханмен бірге Созақ бекінісіне жасаған жорығы, «Арықбалық шайқасы», тағы басқа да ерлікке толы оқиғаларды қамту көзделген болатын. Нақ ортасына Жанқожа бабамыздың суреті салынбақшы. Білетіндердің айтуынша, ескерткіш-барельефке жұмсалатын қаржы да аса көп мөлшерде емес екен. Ескерткіш-барельефтің айналасына жасыл желек егілсе, келешекте тұрғындар қастер тұтатын киелі орын «Жанқожа батыр» кесенесінің бір бөлшегіне айналатыны даусыз.

Ерлік ескерусіз қалмаса екен…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: