Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі нәрсе жетіспейді

27.05.2022, 9:50 536

HALYQLINE.KZ

Алматыдан Аралға телефон соқты. Тұтқаның бергі жағында жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, арғы бетте аудан әкімі Нәжімадин Мұсабаев.

-Әй Нәжімадин, ағаң апта бойы нәр татпады. Аралдың тыран балығына аңсарым ауып тұр. Он шақты күн салып, елге барамын. Саған аманат – теңіздің тыранын тапаға бастырып қой, – деді.

Арқалы ағаларын алақанында ұстайтын Нәкең дереу Қаратереңді телефонға қосты.

-Құдабай, шұғыл шаруа бар. Жазушы Әбдіжәміл ағаң ауылға келеді, соған тыран балық дайындау керек. Тапа тап, балықты шоққа пісір, теңіздің жағасына үй тік, – деп тапсырманы тікесінен қойды.

Құдабай Жиенбаев ұзақ жылдан Қаратерең ауылының әкімі еді, іскерлігі бір төбе. Қонақ жайғауда құда күткеннен артық жасайтын жаратылысына Нәкең қанық. Сондықтан сенім артып отыр.

Тапсырма тигеннен Құдабайдан тыным кетті. Тапа іздеп, үйді-үйді аралап жүр. Баяғы құймасы қалың шойын тапа таптырар емес. Кілең жұқа-жылтыр бірдеңе. Бір болса, ескінің көзі – кәрі кісісі бар үйлер ғана сақтауы мүмкін. Сұрастырып жүріп, тапаның бір беті табылды. Екіншісіне жұқасы жарар деп бір демін басты.

Құрметті қонақ келеді-ау деген күні шапқылау онан сайын көбейді. Теңіздің қолтығына сүйремелі вагон жеткізілді. Ішінде керек-жарақтың бәрі бар, көрпе-төсектен бастап, ас-судың неше атасы әкелінді. Ендігісі тезек шоққа тапаны қойып, семіз тыранды өз майына пісіру қалды.

Олар ары-бері әурелеп көрді, ойдағы істі оңдыра алмады. Балық тапаға желімдей жабыса берді.

«Ең дұрысы, газға бабымен пісіріп, буын бұрқыратпай, қалың киізбен орап тастау керек» деп шешті ауыл әкімі жанындағы көмекшілеріне.

Солайы солай болды да. Көгілдір отынның күші қандай, ет пен сүйекті ажырата жаздады. Бірақ…

Бұл кезде Нәкең бастаған қадірлі қонақтар діттеген уақытта жетіп келді. Әбеңді төрге оздырып, құрмет көрсетіліп жатыр.

Ортаға буы бұрқырап тапа әкелінді. Иісі мұрынды жарады. Тіпті дәм иісі кең бөлмені кезіп кетті. Ал, бас қонақ бірден бас салмады, ишарат сақтаған кісіше именіп отырғандай.

Бәрінің көзі Әбеңде. «Не дер екен?» дегендей, елеңдеп қарайды. Тек Нәкеңнің: «Әбе, астан алсаңыз…» дегені тыныштықты бұзғандай болды.

Ол кісі биязы қалыбымен балықты барынша бағдарлап алды да сүбесінен бір үзім жұлып, аузына салды. Содан ұзақ шайнады.

Жазушының жағдайын жасаймыз дегендер жалтақ-жалтақ көз тастайды. Ол үнсіз. Бір кезде барып: «Балықты кім дайындады?» деді.

-Мен, – деп Құдайбай басын көтерді.

-Рахмет балам, еңбегің қайтсын!

Әбең аузындағы асты тастамады, әлі шайнап отыр. Сонан соң ол: «Мына балықтың басы-қасында екі нәрсе жетіспейді. Бірі – анам. Ол кісі үнемі осы тыранды аузыма тосушы еді. Екіншісі – ыс. Тезек-қидың иісі сіңбепті» деді де тапаны қайтадан оратып, өзімен бірге алып кетуге бекінді.

Құдабай әкім кезіндегі осы әңгімені жиі еске алады. Меніңше, Әбеңнің сол жолғы Аралға, ауылға, анаға деген аңсары қатты толқыса керек. Әйтпесе Алматыда да балық тапшы емес, табылады. Сол жақтан да дайындау қиын емес. Оны ел-жерге деген сағыныш жетелеген секілді…

…Ол жағы өзіне ғана белгілі еді.

Қаныбек  ӘБДУОВ,

журналист

РЕДАКЦИЯДАН: Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Еңбек Ері Ә.Нұрпейісовтің өмірден өткеніне де жүз күннің жүзі ауып барады. Соған орай Қызылорда облысында бүгін-ертең жазушыны еске алуға арналған іс-шаралар өтетін болады. Яғни, 27 мамырда сағат 17:00-де Н.Бекежанов атындағы драма театрында театрландырылған қойылым кеш өтсе, 28 мамырда сағат 10:00-де Студенттер сарайында жазушының шығармашылығына арналған республикалық ғылыми конференция болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: