Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Дара тұлға» шығармашылық байқауы өтті

12.09.2022, 17:30 536

HALYQLINE.KZ

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына150 жыл толды. Ел ауызында Ахаң атымен қалған Алаш қайраткерінің өмірінің өзі үлкен өнегеге толы. Саналы ғұмырын қазақтың ілім-біліміне жұмсаған аңыз адам. Ақын, аудармашы, әдебиет зерттеушісі, түріктанушы, публицист сынды бірнеше мамандықты бір басына сыйдыра білген. Қазақ тілінің емлесін жазып, нормалаған. Бүгінгі қазақ әліпбиінің негізін қалаған, бір сөзбен айтқанда, ол – дара тұлға.

Осындай даңқты бабамыздың жүрген жолын, еткен еңбеген, игі істерін зерттеу, насихаттау және келер буынға аманат ету – біздің парызымыз.

Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен жүрген жолын насихаттап, сот қызметкерлерінің шығармашылығын дамыту мақсатында Қызылорда соттарының қызметкерлері арасында «Дара тұлға» атты шығармашылық байқау өтті.

Мерейтой қарсаңындағы іс-шарада өнерлерін ортаға салған қатысушыларға өз саласының майталмандарынан құралған әділ қазылар төрелік етті. Атап айтқанда, құрамында комиссия төрағасы, тәуелсіз сарапшы-журналист, ақпарат саласының үздігі Айткүл Шалғынбаева, комиссия мүшелері – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының, Журналистер Одағаның мүшесі, «Сыр бойы» газетінің тілшісі Дүйсенбек Аяшұлы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айман Айтбаева, Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Сағатбек Сүлеймен болды.

Қатысушылар ережеге сәйкес екі сайыс түрінен бақ сынасты. Алдымен тақырыпқа сай эссе жазды. Философия, эстетика, әдеби сын, публицистика, көркем әдебиеттің тұрақталған, тың болжамдар мен түйіндеулерге құралған бұл жанрда Ахаң туралы орамды ойларын қағаз бетіне түсіруге тырысты.

Конкурстың екінші кезеңі мәнерлеп оқуда барлық қатысушылар тіл тазалығы мен оған қойылатын дикцияны сақтай отырып, бірі іс-шараға арқау болған ақынның, енді бірі өз шығармашылығынан өлең оқыды.

Осылайша екі сайыс түрінен өткен шығармашылық байқауда бағалау комиссиясы бірауыздан Байқоңыр қалалық сотының бас маманы Нұргүл Нұрбайқызын жеңімпаз деп тапты. Екінші, үшінші орындарды Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы Арайлым Жақыпбек пен Қызылорда қалалық сотының жетекші маманы Мәдина Мұсабек алды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар берілді.

Сонымен қатар ерекше өнер көрсеткені үшін Қызылорда қаласының №2 сотының бас маманы Гүлназира Дүйсенова мен Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының маманы Бақытжан Ердаулетке ынталандыру сыйлығы табысталды.

Жарыс соңында әділ қазылар ұйымдастырушыларға, қатысушы мамандарға ыстық ықыластарын білдіре отырып, сын-ескерпелері мен ағалық ақыл-кеңестерін айтты.

Сайысты қорытындылаған соттар әкімшісінің басшысы С.Сүлеймен барлық қатысушыларды құттықтап, қызметкерлерді жан-жақты дамытуда талай іс-шаралар ұйымдастырылатындығын атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: