Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінгі тірлігіміз – сату һәм сатып алу

17.02.2023, 15:10 471

HALYQLINE.KZ

МОЛАСЫ  ЖОҚ  АҚЫН

Сәкен сері болса да баласы жоқ,

Сәкен ұлы болса да моласы жоқ,

Баласы мен моласы жоқ адамға,

Атты талай адамдар таласып оқ.

Тарих бірақ көп істі тұмшалады,

Ұлы адамды апыр-ай құл санады.

Магаданды жүр ме екен рух айналып,

Менің жаным сол рухқа мұң шағады.

Тыңда, Сәкен, ақынмын мен өзіңдей,

Көп таңымды атырдым көзімді ілмей.

Тайғанақтап келемін тар жолдарда,

Шабыт – шалқар,

Ой – терең,

Сезім – көлдей.

Магаданды түсімде көп көремін,

Сезіледі жұртыңа өкпелерің.

Жер бетінің бұйырмай топырағы,

Қайран, ақын, жыраққа кеткен едің.

Мәлім бізге өксітіп, қажытты өмір,

Ол өмірге азған ел жазықты кіл.

Қаламыңа сүйендің қай кезде де,

Қара өлеңге болған соң ғашық көңіл.

Талант жүгін артып ап жон арқаға,

Жүрдің Сәкен сері боп Сарыарқада.

Ойладың-ау әлемді күнәсіз деп,

Және соны қорғадың сан ортада.

Өлшем болмас ақынға жалған өмір,

Дейді қазақ: «шыққан жан – қалған көңіл».

Жатқан жерің беймәлім бізге бүгін,

Барар едім тәу етіп молаңды бір.

Сұңқар дейді сені ел биік ұшқан,

Биіктікпен көңілім жиі ұғысқан.

Таза арыңа жұқпайды қара күйе,

Таза адамға о бастан үйір дұшпан.

Сендің талай сезімге, ғажаптарға,

Сен тазасың, өлмейсің, қазақ барда.

Бірақ, жалғыз ақынсың моласы жоқ,

Жалғыздықтан асатын азап бар ма?

Көз жүгіртсем өткен күн дерегіне,

Өксік толып қалады өлеңіме.

Терең ойға батамын кейде жалғыз,

Ұлы адамға моланың керегі не?..

Көңілге нық бекітіп ғұрыптарды,

Ұлық тұту керекпіз ұлықтарды.

Сәкен деген – халқымның рухы ғой,

Қара жерге көмбейді рухтарды!

Рух енеді түсіме жиі менің,

Сезем оның сүйініп, күйінгенін.

Мәлім оның бар сыры, бар қайғысы,

Мәлім және оған да күйім менің…

***

Түбінде оқ атылады,

Уақытқа бақыт налып.

Бәрі де сатылады,

Бәрі жүр сатып алып.

Өмірдің сәнін, мәнін,

Ойлаймыз жатып алып.

Адамдар бәрін-бәрін,

Сатады, сатып алып.

Сөгілді бірлігіміз,

Кеңестің арты да шу.

Бүгінгі тірлігіміз –

Сату һәм сатып алу.

Бізде ер сатылады,

Соңында жала қалсын.

Бізде жер сатылады,

Бай болсаң ала аласың.

Бізде төр сатылады,

Сол қайғы бататұғын.

Бізде көр сатылады,

Өлген соң жататұғын.

Жүрек, көз, бүйрек, өкпе,

Қажет пе, сатылады.

Осылай күйремек пе,

Көңілімде даты қалды.

Бала да сатылады,

Бейкүнә, кінәсі жоқ.

Ана да сатылады,

Алды «ағам» күнәсі көп.

Жас сұлу сатылады,

Жас әйел сатылады.

Бір ағай сатып алып,

Бір апта жатып алды.

Уақыт та сатылады,

Ақындар жыр қып өтер.

Бақыт та сатылады,

Қолдан тез сырғып кетер.

Жақұт та сатылады,

Көзді арбап, жарқыраған.

Табыт та сатылады,

Болсаң да алтын адам.

Керек пе, құрметті атақ,

Ол бізде сатылады.

Маңдайы терлемей-ақ,

Бір ағай сатып алды.

Төсбелгі, медаль, орден,

Жыл сайын сатылады.

Бір апай түнде терлеп,

Тағып ап отыр әні.

Кетсе де мол есеміз,

Базардың төріндеміз.

Сіз егер төлесеңіз,

Сатамыз бәрін де біз.

Бірақ біз бай болмадық,

Барлығын сатқанменен.

Көкке ұшып, ай қонбадық,

Ақшаға батқанменен.

Ғылымды игермедік,

Тереңге бойламадық.

Ақша деп үй көрмедік,

Ертеңді ойламадық.

Көшпелі ем, көшер ордам,

Бір абыз бата берсе.

Оңбайды мүшел қоғам,

Бәрін де сата берсе!!!

КӨТЕН

Бауыр боп ниеті арам бөтенменен,

Бұрыс іс жасағам жоқ төтеннен мен.

Қолыма қалам алып ақ қағазға,

Бір өлең жазғым келді көтен деген.

Жалғанды жырға бөлеп өтем деп ем,

Парыз бар әр адамда өтелмеген.

Бірақ та баз біреулер қарап тұрсақ,

Өтеп жүр сол парызды көтенменен.

Арты мықты айға да гүл егеді,

Бәрі келіп көтенге тіреледі.

Көп сүрініп жүргенде қаныңды ішіп,

Көті мықты біреу кеп шіренеді.

Көңіліңе кек-нала түнесе егер,

Шыдап бақ, жеңсең көптің бірі сенер.

Бұл өмірде бәрі де кездеседі,

Егер көтін шыдаса тіресе бер.

Арға жүгін бұл өмір сынағанда әр,

Көрікті боп көрінбес жылаған жар.

Баспен шыққан биіктен бір мезетте,

Көтпен түсіп жатады бір адамдар.

Биік ұстап жыр туын жүрсең үлгі,

Сүймек олжа қашанда күлшелі ұлды.

Сен айтасың бәрін де бәрін-бәрін,

Көтпен тыңдап тұрады ол мұң-шеріңді.

Сезбей өтіп кеткенін жастығының,

Талай адам тым қатты састы бүгін.

Тоқсан сайын біреулер білмегенсіп,

Көтін жалап жатады бастығының.

Бастығы да біреудің көтін жалап,

Дәу шұңқырдың жүр анық бетін жамап.

Жаурамай да, күймей де жел мен оттың,

Көті мықты біреу жүр өтінде нақ.

Көтен жайлы жазар деп қаламым дөп,

Сырлы есікті сыр тартып қағамын көп.

Көтіне де қыстырмас кей інілер,

Ақылыңды айтсаң да ағамын деп.

Біреу келіп түкірсе бетімізге,

Жүрекпенен жарылар өтіміз де.

Дел-сал болып жүргенде өз мұңынмен,

Бір әйелдің түседі көті көзге.

Сол бір көтен жаңылтып бағытынан,

Өлді де ерте біреулер уақытынан.

Бес әріпті құдірет бес күнде бұл,

Көп еркекті айырды бақытынан.

Өмірде талай мәрте тайғанарсың,

Тайғанап осы жырды ойға аларсың.

Бәрін айт та бірін айт деген қазақ,

Көтті қыс, көтті қыссаң бай боласың!

***

Жақпады жұртқа жырым, дәуірге әнім,

Елеңдеп қалдым мәңгі үніңізге.

Мен бүгін ұмытайын бәрін-бәрін,

Толтырып құйсаңызшы мұныңыз не?

Ішейін,

Сіз де ішіңіз меніменен,

Қақталды сірі жаным отқа нағыз.

Өмірге өкпелеңіз дегенменен,

Өмірді шешесінен боқтамаңыз!

Тағы да сынақ келер тосын қандай,

Айталық, өмір деген – сапар Ұлы.

Маңдайға мұңның мөрі басылғандай,

Тағдырдың естілгендей қаһарлы үні.

Ақынды ешкім терең ұғынбады,

Ұғатын ал, ол болса Хайям жайын.

Құшақтап сол суретті бүгін тағы,

Жатамын,

Оятпаңыз,

Оянбаймын!!!

***

Табылмай жер-жаһаннан іздегенім,

Қараша, ішіп келдім сізге бүгін.

Құлдырап көз алдымда ізгі өмірім,

Құлазып босап қалды сыз көңілім,

Қараша, ішіп келдім сізге бүгін.

Айнымас сырласы боп кезбе күннің,

Көрінді ішімдегі көзге мұңым.

Әр адам қазады екен өз қабірін,

Әр адам жазады екен өз ғұмырын,

Көрінді ішімдегі көзге мұңым.

Мөп-мөлдір мұңнан жалғыз ұрыттап ап,

Қараша, қорқынышты ұлықтамақ.

Барады шағала ұшып сынық қанат,

Өмірдің өң бойына суық қарап,

Қараша, қорқынышты ұлықтамақ.

Бүгінде бәріне де көнді көңіл,

Бұлыңғыр көрінеді ендігі өмір.

Жылатып бастаған соң елді жеңіл,

Құлатып тастаған соң ерді темір,

Бұлыңғыр көрінеді ендігі өмір.

Қараша, сізден несін жасырамын,

Мен-дағы тұңғиыққа асығамын.

Теңіздей жарды итеріп тасынамын,

Нөсердей құйып салып басыламын,

Мен-дағы тұңғиыққа асығамын.

***

«Сізден сұхбат алсақ…» дейді,

Не айтам?..

Айтсам бәрін, біраз жанды мұңайтам.

Ұят болар шынымды айтсам әкімнен,

Ұят болар жалған айтсам Құдайдан.

«Сұхбаттассақ…» дейді жиі тілшілер,

Тілшілерім – жақсылықта елшілер.

Бар өмірім көз алдында халықтың,

Бар қазынам – жырларымда, еншілер.

Сабылдыртып, сарсаң етіп сүреңсіз,

Қоғам бізді көп қажытты білерсіз.

Ең алдымен ойлануың керек қой,

Елге арнап айту үшін бірер сөз.

Ойланбай-ақ сөйлейтіндер көп бізде,

Солар нағыз – ұятсыз да, тексіз де.

Қызығы сол, күйігі сол, кейде өмір,

Бар бақытты бұйыртады епсізге.

Жұрт бақытты еркіндіктен табады,

Еркін ердің биік болар талабы…

Табылады қай кезде де бір арам,

Абайды да батыраштар талады.

Сол батыраш – бүгін менің жақыным,

Бақылауда, талқылауда әр күнім.

Әлдекімнің өсегі ерте жеткен-ау,

Жасырмаймын жау көреді әкімім.

Ал, сен қалқам, сұхбат алғың келеді,

Ағаң бір-ақ айтатұғын ер еді…

Сұхбатымда шынымды айтсам бүкпесіз,

Маған төнген жау саған да төнеді.

Сен білмейсің, көп кещеге таландым,

Жазыла ма жарам менің, алаңмын.

Өлеңге адал болсам-дағы өршіл ер.

Сынақты өмір кешіп жүрген адаммын.

Айтқым да жоқ, қайтқым да жоқ расы,

Оған куә туған жердің даласы…

Басылмайды бір сағыныш, бір өкпе,

Жазылмайды жанымның бір жарасы.

Қоғам тағы үшкір бізін сұқпақ па?

Сырымды ішкі, мұңымды ішкі ұқпақ па?

Біздің заман келер деп мен күтпеймін,

Ал, сұрақ қой,

Мен дайынмын сұхбатқа!

Ақтөре  ИБРАГИМҰЛЫ,

ақын,  журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: