Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақын Айдар Сайлауовтың шығармашылық кеші өтті (Видео)

16.11.2022, 15:45 850

 HALYQLINE.KZ Сырдарияның өзі Қызылорда жеріне келгенде жырдария болып ағады. Бұл тәмсілдің шынайы айтылғанына тағы да көз жеткіздік. Ақмешіт аспанында жыр қалықтап, поэзиясүйер қауым бір қауқылдасып қалды. 15 қараша 15:15-те қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №19 кітапхананың ұйымдастыруымен облыстық Жастар ресурстық орталығында ақын, журналист Айдар Сайлауовтың «Аман жүр ме екен, ауылдағы анам?!» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Айдар Әділжанұлы – алдыңғы буынның ізін жалғаған талантты ақын. Білім жолы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен басталған. Осы іргелі шаңырақта, алғашқы жыр жинағы жиырма жасында «Баспалдақ» атауымен жарық көріп, ойлы оқырманға жол тартты. Сонымен қатар, ақын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін журналистика мамандығы бойынша тамамдаған. Қазіргі таңда ол республикалық «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарады.

Шығармашылық кеш еркін форматта ұйымдастырылды. Алдымен ақын өлеңдерінен театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Содан соң ақын туралы арнайы әзірленген видеоролик көрсетілді.

– Айдар Сайлауов – Сыр бойындағы өзіндік қолтаңбасы, қалың оқырманы бар ақын, алдымыздағы жол көрсетуші ағамыз. Бүгінгі кешіне Аралдан ат терлетіп келіп тұрмын. Ақынның сөзіне жазылған «Аналар ауырмасыншы» атты әнін эстрадалық бағытта орындадым. Кеш жоғары деңгейде өтті, – дейді өнердегі інісі, жыршы Күмісбек Айжарықов.

«Ақынға қара сөзден өлең оңай».  Көп ұзамай жиналған қауым ақынның өлеңдерін тыңдады. Ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды.

– «Өлең – сөздің патшасы» дейтін болсақ, бүгін жиналған қауымға патша қызмет етті деп ойлаймын. «Аман жүр ме екен, ауылдағы анам?!» атты жеке шығармашылық кешім көрерменге керемет көңіл сыйлаған болуы керек. Төрт қабырғада жазылып, төрт тұяғын тең басқан өлеңіміз төрткүл дүниеге тарап жатса, бұл да – маңдайдағы бағымыз. Осы күні менің сөзіме жазылған әндерді Төреғали Төреәлі, Жандос Қаржаубай, Мұхтар Ханзада, Нұртуған Жаңабай, т.б. әншілер қазақ эстрадасында орындап жүр. Алдағы уақытта ауқымды жұмыстарды да жалғастыра береміз. Бүгінгі кешіме өнердегі, өмірдегі достарым, аға-әпкелерім, отбасым, оқырмандарым келді. №19 кітапханаға арнайы алғысымды айтамын, – деді кеш иесі.

Айдар Сайлауов – қаламгер Сағитжан Бермағамбетов атындағы жастар сыйлығының, Қызылорда қаласы әкімінің «Ұшқыр қалам» номинациясының және «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Екі сағатқа созылған поэзиялық кеш жастардың рухани кемелденуіне, аға буынның жастық шағына сапарлап қайтуына ықпал етті дей аламыз. Өлеңге өң берген өлкенің руханиятқа өлермендігі анық байқалды. Шығармашылық кеш соңында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова мен облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес сөз алып, кеш иесіне арнайы алғыс хат, сый-сияпат табыстады.

Рыскелді ЖАХМАН,

Фото авторы – Жомарт КЕМЕЛХАНОВ

Пікірлер:

Бақытгуль үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: