Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алып таулар аласармайды

14.04.2022, 9:20 482

Мұстафа Матайұлы ағамыздың ұйымдастырумен 2008 жылы күз айында бір топ туысқан Құлмырза Тілеуов ағамыз, Торғын  жеңгеміз, Әмірбек  Алдашұлы, Әзиза Исламбайқызы, Күмісбай Әлқуатұлы, жиен Еркін  Әбдірайханұлы, Жасұлан Күмісбайұлы, өзім және Нұрлан Темірбекұлы барлығымыз көлікпен ертелете жолға шықтық. Бағытымыз – Қазалы ауданы, Жаңақұрылыс  елді  мекені.  Ағамның  мақсаты – Елшекен  Қуанышбаев  ағамен біздерді  таныстыру.

Құлмырза ағамыз бірнеше жыл Жаңа­құрылыс совхозында директор болып қыз­мет атқарғандығы бар, Мұстафа ағамызға «мен сіздерді былқ еткізбейтін жолмен көп шаршатпай апарамын» деп жолсапарды басшылыққа алды. Арал қаласына жетпей трассадан солға бұрылып, «Қамыстыбас» көлін жағалай жүріп келеміз. Жолай Құл­мырза ағаның анасының жерленген бейітіне соғып, еске алып, құран бағыштадық. Одан әрі Сырдарияның кіші Аралға құяр жерінде салынған «Ақлақ» плотинасына, теңізге салынған «Көкарал» бөгетіне аялдап, Марат Бозғұлов бастаған құрылысшылардың бір­қатар жасаған ерен еңбектерімен танысып, бөгеттің қиыншылықпен  салынғанына  көз  жеткіздік.

Сыр өңірінде жазықтар, төбелер, су жиналатын қойнаулар көптеп саналады. Шеңгелді, қамысты, жыңғылды, тораңғылды, қоғалы, көкорай шалғынды жерлері де кез­деседі. Сырдарияны кесіп өтіп, бауырлас екі аудан Арал мен Қазалының шекаралығына жақындап келеміз. Бұл – Аралдың Жаңа­құрылысы мен Қазалының Бекарыстан би  ауылдарының  аралығы.

Қай елдің тарихында да халыққа сіңірген еңбегі мен көрсеткен қызметі көп жылдар өткен соң барып бағаланатын, танылатын тарихи тұлғалар болады. «Елшекен деген кім?» деген сауалымызға осы совхоздың он шақты жыл директоры болған Құлмырза Тілеуов ағамыз бен Мұстафа ағамыз бірін-бірі толықтыра отырып, жауап беріп таныстырды. «Ол Пұсырман бидің ұрпағы Елшекен би деген ағамыз», «Елшекен бүй дейді», «Елшекен Қуанышбайұлы ғой»… Әділ төрелік айтса, көптің ойынан шықса, би-аға дегеннің несі артық? Сол би-аға – осы аймаққа танымал қайраткер ақсақал. «Ауылыңның ақсақалы кім?» деп сұрай қалса, жастардың осы қарияның  есімін  атары  сөзсіз.

Елшекеннің  Мұстафа   інісінің шаң беретін уақыты өтіп бара жатқанын аула сыртында тағатсыз­дана күтіп жүргенінен байқадық, арасында қалта сағатына тағатсыздана қарап кояды. Автокөліктер тоқтай сала, түсе-түсе қала жүгіре басып, Мұстафа, Құлмырза ағалар бастап жауырынды, қапсағай денелі Елекеңді құшақтай алды. Ақсақал әлі шалт қимылдайды, сексенге толуға шамаласты дегенге сене алар емеспін, машина рөлінде отырып, Арал, Қазалы шарлап жүр дегенді де естуші едім. Сол рас болды. Қызыл шырайлы жүзі жайнап, екі бетінің қаны тамып тұр. Амандықтан соң біздерді қол шайып, дастарқан басына шақырып, үйге кіргізді. Елшекен жеңгемізбен, бала-шағасымен таныстыра отырып, әңгімені әріден қозғады. Пұсырман атамыздың елге жасаған қызметін, бабаға үш мәрте қыдыр көрінгенін, осындай аңыз қалғанынан әңгімені  бастай  берген…

Елшекен өткен ғасырдың 1928 жылы Арал ауданындағы Қаратерең ауылдық кеңесіне қарасты Ақбөгетте дүниеге келіпті. Балалық шағын соғыс ұрлаған Елекең өз қатарлары секілді тұрмыс тап­шылығын тартты. Оқуын тастап, соғыстың ауыр жүгін ауылдағылармен қатар бөлісу үшін еңбекке араласты. Ер-азаматының бәрі майдан даласына аттанған, ауылдағы қат-қабат тірліктің бәріне үлгеретін қара баланың бірі осы Елшекен болды. Алапат соғыс аяқталысымен оқуға қайта ден қойды. Ауыр уақыт болғанмен оқимын деген жастың талабын қайтарған ешкім болған жоқ. Мектептегі ірілі-уақты іс-шарадан қалмай, қоғамдық жұмыс­тарға белсене ара­ласты. Осы білім ошағында мұғалім бо­лып шәкірттерін ізгілікке тәрбиеледі. Бі­лімді маман тапшы тұста мектептегі оқу  ісінің  мең­герушісі  қызметін  атқара  жүріп,  1953  жылы  Ақтөбедегі Н.Байғанин атын­дағы мұғалімдер институтының «жаратылыстану-география» фа­культетін, 1963 жылы Қызылорда педа­гогика институтының «жаратылыстану-агро­биология» бөлімін  біті­реді. Жиырма жылдай мектеп директоры болып талай талантты баланы тәрбиеледі. Елекең 1974 жылы Жаңа­құрылыс ауылдық кеңесіне төраға болып сайланып, 1989 жылға дейін үздіксіз ауыл өмірін жақсартуға зор үлес қосты. Болмысы бөлек Елшекен аға қатардағы қызметкер болып қойған жоқ, ауылдың әлеуметтік, шаруашылық жағдайына белсене араласты. Мектеп жаңарту, интернат салу, малшы  қауымының  балаларын  орналастыру  секіл­ді  қауырт  тіршіліктің  тұтқасы   бола   білді.

Ауыл  басшысы  Құлмырза  Тілеуовпен тізе  қосып  сауда үйін, мұз қала салдырып, елдің алғысын алды. Жаңақұрылыс елді мекеніне қалада жоқ жаңалықты көруге баратын едік. Еңбек ескерусіз қалмады. Марапаттарға ие болды. Туған жерге туын тіккен, тура жүріп, тік сөйлеп, әділін айтатын мінезі, жанына жайсаңдық, қанына қазақы қалып ұялатқан болмысымен, үлкенге сыйлы, кішіге құрметті беде­лімен  есте  қалды.

Бір ауылдың аясына сыймайтын Елекең нағыз ел азаматы еді. Оны Арал мен Қаза­лы­ның зиялы қауымы  қатар  сыйлайтын.  Басқа  өңірдегі  өзге  азаматтар  да ел ағасына тілеулестік танытып жататын. Ауылдағы «Пұсырман ата»  арығы, «Пұсырман ата» үйтамы, «Нұрым ата» мешіті орынының шырақшысы секілді еді ағамыз. Жыл сайын арықты тазалатып, үйтамның айналасының мұнтаздай болып жатуын  қадағалап  жүретін.

Елшекен Қуанышбаев, Аймағанбет Томаев, Мұстафа Матаев ағалардан кейінгі жастарға қалған аманат жетерлік. Біздің жетінші атамыз болып келетін Дәулетияр атаның жатқан орны, яғни бейіті Шалқар ауданы, Маяқұм төбесінен 9-шы бекеттен бес-алты шақырым жерде табылып, 2015 жылы басына құлыптас қойылып, ірі қара сойылып, садақа таратылып, Құран  хатым оқылды. 2016 жылы Жалпақ елді мекенінде биіктігі он екі метрге жақын кесене салынып,  халық  игілігіне берілді. Мая­құмдағы атаның бейітінен топырақ әкелінді. Бұл жұмыстарға Дәулетияр ата ұрпақтары өте ерекше ұйымшылдық көрсетті. Жалпақ елді мекенінде үлкен жиын өткізіліп, он шақты киіз үй тігілді, 900-ден аса ұрпағы жиналып, аталар рухына құран  бағышталып,  ас  берілді. Енді шежіре шығару талабындамыз. Қожағұл аталығының екі томдығы, Кешубай аталығының бір томдығы шығарылып, ата ұрпақтарына таратылды. Қалған аталық ұрпақтарын шежіре шығаруға атсалысуға әлі де  шақырамыз.

Елшекен аға жапырағын жайған бәйтерек сынды еді. Жеңгеміз Құрманбике екеуі он екі бала тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарының барлығы дерлік жоғары білім алды. Әке жолын жалғастырып, ұстаздық етіп жүргендері де аз емес. Ағамыз ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырды. Олардан тараған немере-шөпшектер бар. Ағаның өзі ешқайда табан аудармай ғұмыр кешкен ауылы орнында, тек Елекең жоқ. Атадан қалған үйтам мен арықтар тұр, соның шырақшысы болған аға ақырғы сапарға аттанып кетті. «Адам өмірі есіктен еніп, төрге жеткенше» деген осы-ау. Ел басқарып жүрген Арал, Қазалы, Қызылорда өңірінің азаматтары мен азаматшалары Елшекендей ерді ардақтап, ауылдағы мектеп немесе аудан орталығынан бір көшенің атын беріп, ағаның атын ұлықтасақ, бір ғанибет болар еді. 

Жаратушы Жаппар ием, жәннаттың бағын нәсіп етсін, қадірлі Елеке, жан аға!

Темірбек  МАТАЕВ,

құрылысшы,  зейнеткер.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: