Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қытайдың қалдығы»: комерциядағы кілтипан неде?

12.09.2024, 13:00 715

Digital дәуірде онлайн сауданың дәурені туды. Базардағыдай қайнаған тіршілік жоқ, бірақ қып-қызыл ақша мен «қызған» айналым бар. Тіпті, батырма арқылы тапсырыс беру – уақытқа көп үнем. Былтыр еліміздегі қолма-қолсыз транзакция көлемі 12 есеге артқан. Ал, белсенді онлайн сатып алушылар саны 4,9 млн адамға жеткен. Елімізде электронды коммерция жас сала болғанымен, даму динамикасы жоғары. Десек те, түйткіл бары тағы рас. Логистикадағы ауытқу мен инвестицияның жетіспеушілігі қолды байлап тұр. Өткен жылдың он бір айында электрондық сауданың үлесі шамамен 2,2 трлн теңгені немесе бөлшек сауда көлемінің 13%-ын құраған. Енді мұны 2030 жылға қарай 20%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

ЕЛДЕГІ ЕСЕП: САУДА КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙМАҚ

Базарға бас сұғатын адам азаймаса да, онлайн дүкенге тапсырыс берушінің саны артты. Киім-кешек, техника, азық-түлікке дейін таңдау жасап, қажеттісін уақыт жоғалтпай алады. Онлайн сауданың оңтайлы тұсы да – осы. Артықшылығы мен кемшін тұсын тізбектеп отырудың қажеті жоқ. Өйткені, бұқара мұны беске біледі. Сонымен, қазақстандықтар үй тауарлары, киім және аяқкиім, тамақ өнімдері, косметика, дәрі-дәрмекті интернет-платформалардан жиі сатып алады екен.

Министрлік 2025 жылға дейін электрондық сауданы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдады. Бұл алдағы алты жылдықта электрондық сауда үлесін 20%-ға арттырудың алғышарты болмақ. Басты мақсат – маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларының ұсынылуын кеңейту. Осы ретте, Қытайдың Alibaba және JD.com ірі маркетплейстерінде ұлттық павильондар ашылды.

– Бүгінгі таңда Alibaba платформасында 7500 отандық тауар, ал JD.com-да тауарлардың 30 түрі ұсынылған. 1 млн жазылушысы бар маркетплейстердің арасында 30-ға жуық сұранысқа ие қазақстандық өнімнің атауы бар. 2023 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша JD.com арқылы қазақстандық өнімдердің сатылымы 140 мың доллардан асты. Қазақстанда екі ірі ресейлік маркетплейстер – Ozon және Wildberries жұмыс істейді. Ozon алаңында тіркелген қазақстандық сатушылардың саны – 45 400, Wildberries алаңында – 55 704, – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлардың электронды саудасын жүзеге асыратын, жеке тұлғалардың электронды түрде қызмет көрсетумен айналысатын шетелдік компаниялар үшін Google салығы (импорт салығы) енгізілген болатын. Нәтижесінде былтыр елімізде шартты тіркеуден 60 шетелдік компания өтті, ал олар екі жыл ішінде төлеген салық сомасы 34,8 млрд теңге.

Онлайн саудада ойлантатын кілтипан бар. Қарқынды дамуына да кедергі келіп тұрғаны сол. Яғни, логистикалық инфрақұрылымның осал және қойманың аз болуы. Алыс аудандарға тауар жеткізудің өзі мұң. Түйткілдің түйінін тарқату биылдың еншісінде. Өйткені, мемлекет басшысының тапсырмасымен трансшекаралық электронды сауданы ынталандыру үшін Қытай тарапымен бірлесіп, Қазақстанда өңірлік қойма инфрақұрылымын құру мәселесін пысықтау жоспарланған.

Әлбетте, бонд қоймасын ашудың қолайлы тұсы жоқ емес. Шетелдік тауарларға қазақстандықтар оңай қол жеткізетін болады. 60 күннен 1 апта көлеміне дейін уақытты үнемдеуге мүмкіндік. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Ақтөбе және Ақтау қалаларында фулфилмент орталықтары мен бонд қоймалары желісін дамыту жалғасын таппақ. Елі еліміз жыл сайын электрондық сату арналары арқылы басқа елдермен сауда көлемін 100 млн долларға ұлғайтуды көздеп отыр.

ДӘСТҮРЛІ ДҮКЕННІҢ ДӘУРЕНІ БІТТІ МЕ?

Тәжді вирус кезіндегі шектеулер электронды коммерцияға әсер еткені рас. Жұртшылық «үйден шықпай» тапсырыс беріп, азық-түліктен бастап тұрмысқа қажетті тауарға онлайн сауда арқылы қол жеткізді. Әрине, көзбен көріп, қолмен ұстап, саудагер кеңесіне құлақ түретін дәстүрлі сауда-саттықты қолайлы көретіндер бар. Бірақ, интернеттің дүкеннің игілігін де жоққа шығармайды. Мәселен, Kaspi.kz – елдегі әлеуетті маркетплейстің санатында. Ондағы түрлі тауар мен таңдау көпшіліктің талғамынан шығып отыр.

– Мен көбіне каспи дүкеннен тапсырыс беремін. Соңғы рет косметикаға тапсырыс бергенмін, үйге уақытында жеткізілді. Сапасына айтар сыным жоқ. Өйткені дәл суретте көргенімдей келді, тіпті қаптамасының өзі қабат-қабат. Бәрі ұқыпты жасалған, көңілімнен шықты. Дей тұрғанмен, тапсырыс бермес бұрын бәрін алдын ала зерттеп, тексеріп алған артық етпейді. Кейбір арзан сайттар және онлайн дүкендерде көзбояушылық көп болады. Мәселен, киім-кешек немесе тұрмыстық техникалардың, өзге тауарлардың суретін әдемілеп жүктеп, шынына келгенде ол ойдағыдай болмай шығады. Сол себепті тауарға қатысты барлық пікірді жақсылап оқып шыққан да жөн. Ал, базар бағасымен салыстырар болсам, ол әр кезде әрқалай болады, – дейді С.Дүйсебек.

Елімізде осы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша тұрмыстық техника мен электроника нарығындағы онлайн-сауда ақша айналымының 32%-ына жеткен. Яғни, электронды коммерция үлесінің артқанын аңғаруға болады. Бұл, бір жағынан банк қызметтері мен ұсынатын қаржылық өнімге және жеңілдікке де байланысты. Әсіресе, Kaspi Bank пен Kaspi Жұма тұрмыстық техниканы өткізудің тетігіне айналғандай. Алайда, көпшілік бөліп төлеуге бейімделгендіктен, табыс пен түсімнің аз болуына да себеп екен. Бұл туралы NielsenIQ бөлшек сауда серіктесінің менеджері Әлия Сятова айтып өткен еді.

– Банктер бөліп төлеуді жиі ұсынатын болған, алайда қазір олардың әсері едәуір азайған. Бұрынғыдай сауда да, тұтынушылар тарапынан қызығушылықты да көріп отырған жоқпыз. Қазір адамдар бөліп төлеу болатынына үйреніп алған. Бұған қоса тұтынушылар үшін жекелеген тауарларға бөліп төлеу ұсынылатын болған. Мысалы, нағыз керек кезде смартфондар мен кондиционерлерге бөліп төлеу ұсынады. Бірақ та мұның да әсері ұзаққа бармайды. Яғни, алдағы түсетін пайданы қағып алып кетеді, – дейді ол.

MADE IN CHINA: ТАНЫМАЛ МАРКЕТПЛЕЙСТЕР

Елімізге шетелден келетін сәлемдеменің 90 пайызы «Қазпошта» арқылы жеткізіледі екен. Яғни, онлайн тапсырыстардың басым бөлігі – Қытай елінен. Не де болса сауда жағынан көрші ел көш бастап тұр. Қытай платформасы нағыз «майшелпекке» айналған. Алғашында адамдар тапсырыс берген тұтынушы атанса, қазір жолын меңгеріп, бәрі – бір-бір кәсіпкер. Алдымен көп сұранысын қамтамасыз еткен маркетплейске тоқталайық.

AliExpress – түрлі тауардың кең ассортименті бар онлайн-платформа. Тауар айналымы АҚШ-тағы ең ірі сауда желісі Wal-Mart-тан жоғары деген дерек бар. Тауар саны 50 млн-нан асады. Тұтынушы ретінде үштікте Ресей, АҚШ және Бразилия тұр. Елімізде де «AliExpress» тауарына тапсырыс беретіндер жетерлік. Сауда желісінің танымал болуына қолданыстағы қажетті тауарларды арзан бағамен ұсынуы себеп. Алғашында 12 минуттың өзінде-ақ компанияға 1,57 млрд табыс түскен екен.

Taobao – қытайлық алпауыт сауда алаңы. Солай десек артық емес. Ұсақ-түйектен бастап, керек дүниенің бәрі табылады. Бізде көбі ондағы тауарға тапсырыс беріп, жеткізуі жөнінде делдалдық компанияға сүйенеді. Айта кетейік, коммерциялық сайттың қолданушысы өте көп.

Alibaba.com – 1999 жылы іске қосылған жаһандық көтерме саудадағы жетекші платформа. Әлем бойынша миллиондаған сатып алушыға қызмет көрсетеді. Бұл тауар түрін тез әрі тиімді бағада табуға болатын тетік.

Pinduoduo.com – қазіргі таңда қолданысы кең Қытай кәсіпорны. Электронды коммерция бойынша озық саналған сайттан елімізде тапсырыс берушілер саны артып келеді.

Саудада абсолютті көшбасшы деп танылған Қытайдың интернет дүкені көп. Бұл тізімнің өзі толық емес. Оларға түскен қаржы тіпті қомақты. Иә, жұмыртқадан жүн қырыққандар Pinduoduo-дан пайда көріп жүр. Өйтпегенде ше? Елмен салыстырғанда бағасында әжептәуір айырма бар. Бізде сапалы деген 60 мыңның күртешесін Қытайдан 30 мыңға, 10 мыңның сөмкесін 2 мыңға алуға болады. Бұл – айлығы шайлығынан артылмайтын адам үшін үлкен үнем. Тіпті, қалталының өзі көлемді тапсырыс беруде. Бәлкім, қызыққа немесе артық ақшасын ауаға ұшыруға жоқ деген сөз. Жаңа дүниеге жапа-тармағай ұмытылатынымыз рас қой.

Қазір бәрі Pinduoduo-ның төңірегінде айналшықтап жүр. Курс ашып, сайтты үйреткен де, оқып алып, бизнес бастағаны да бар. Бірақ әркімнің табысы әрқалай. Жаңа дүние келсе, жаппай соны байқап көруге тырысамыз. Сөйтсек, Pinduoduo-ны Қытайдың өзі қолданбайды екен. Кәсіпкер Үміт Ырысбекқызының сөзі желіде көпшілікті таңқалдырған еді.

– Pinduoduo қазақтың «жанды жерін» дөп басты. Біз біреу бірдеңе тауып байыса, соған еріп кетеміз ғой. Мойындау керек, Pinduoduo-ның бастапқы курсын үйреткендер жақсы ақша тапты. Ал одан тауар алып, байып жатқандар шамалы. Негізі Қытайдың өз ішінде бұл – сапасыз, сәннен қалған тауарларды сататын сайттардың бірі. Оны қытайлықтардың өзі қолданбайды. Ал Pinduoduo-ны танымал еткен осы ТМД елдері деп айтар едім. Негізі бұл сайтты «Қытайдың қалдығы» деп айтады, – деді ол.

ОНЛАЙН САУДАҒА ОҢБАЙ АЛДАНҒАНДАР

Бірі интернет дүкеннің игілігін көрсе, бірінің аузы бақадай ашылып қалды. Иә, алаяқтар аяқты аспаннан келтіріп, қыруар қаржыны қалтаға басқан. Мәселен, былтыр онлайн саудаға қатысты 8 мыңға жуық шағым түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Ақпарат көздеріне сүйенсек, шағымданғандардың 34%-ы сауда желілерінің интернет сайттарына көңілі толмайтынын айтқан. Қалған 11%-ы маркетплейстердегі қызмет көрсету не тауар сапасына қатысты. Бұнымен қоса, әлеуметтік желі арқылы саудасын қыздырғандар да әбігерге салған.

Ал, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті ресейлік ірі маркетплейстермен 702 шағым қаралып, тұтынушылар құқығы қорғалғанын айтады. Нәтижесінде 32 млн теңге қайтарылған. Мұндай мысал жетіп артылады. Тіпті, әр өңірдегі көрсеткіштің өзі көңілді алаң етеді. Тұтынушы тапсырыс берген өнімнің келмеуі немесе уақытылы жеткізілсе де, өңі мен сапасы дәл интернет-платформада көрсетілгендей болмай шығады. Талай адам тағатсыз тосқан тауарын көріп, сан соғып қалған. Интернет-дүкеннің игілігін көруге болады, тек сақтық керек.

ТҮЙІН. Электронды сауданың экономикаға ықпалы зор. Сауда перспективасының ауқымы соншалық, логистикаға, контейнерлік тасымалдауға, курьерлік қызмет пен цифрлық сервиске де әсері мол. Дәстүрлі дүкенді ығыстыруы да сондықтан. Тиімді тұсы тайға таңба басқандай анық. Бірақ тәртіптің де қатаң болуын қадағалау артық етпес.

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: