Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құмалақшы Қазақ

14.01.2021, 18:00 1305

HALYQLINE.KZ Баяғыда Қазақ деген бір құмалақшы болыпты. Құмалақ салып, төңірегіндегі ел-жұрттың әжетін ашып, жоқ-жітігіне, тілек-қалауына болжау айтады екен. Айтқаны айнымай келеді дейді. Бұған риза болғандар рақметін айтып, сыбаға-сарқыт береді.

Құмалақшы Қазақ соны қанағат етіп, құба-төбел тірлік құрып жүреді.
Күндердің күнінде құмалақшы Қазақтың әйелі әлденеден тарылып, күйеуіне реніш білдіреді.

«Алдымен өзіңді жарылқап алмайсың ба? Шынымен болжампаз болсаң, Қыдыр мен Бақтың қайда жүргенін болжап, көзіне түспеймісің. Шапағаты тиіп, біз де бір жарып қалармыз!» – депті.

Мұндай ой құмалақшы Қазақтың қаперіне келмеген екен. Сол жерде әйеліне:

«Сөзіңнің қисыны бар ау!» – деп құмалағын тартып жіберсе, Қыдыр мен Бақ ұлыстың ұлы күні таң ата ауыл шетінен көрінетінін құмалақ қолмен қойғандай етіп көрсетіп беріпті дейді. Осыдан кейін құмалақшы Қазақ ұлыстың ұлы күнін сарыла күтумен болады.
Содан ұлыстың ұлы күні де келіп жетеді. Құмалақшы Қазақ көрер таңды көзімен атырып, көкжиек құланиектенгеннен-ақ елеңдеп, ауыл шетіне шығады. Бір мезгілде құмалақтың көрсеткені айнымай келіп, көз ұшынан бір екі қарайған көрінеді. Құмалақшы Қазақ елбіреп қарсы жүреді. Көз көрім жер жақындағанда зер салып қараса, екі қарт адам дейді. Бірінің қасы көзін жапқан, желмаяның үстінде мүлгіп келеді, екіншісі одан жастау, желмаяны жетектеп келеді екен.

Құмалақшы Қазақтың естігені бар-ды, Қыдыр атаның қасы көзін жауып тұрады екен, зәуде бір көзін ашқанда кім көзіне түссе болды, Бақ соның басына қонады екен, әлгі «Қыдыр дарымай, Бақ қонбайды» – деген сөз осы қасиетке орай айтылған екен деп.

Құмалақшы Қазақ жолаушы қарттарға жақындап келіп:

«Армысыз, Қыдыр ата!» деп сәлем береді. Тосын дауысқа елең еткен Қыдыр ата қасын көтеріп, құмалақшы Қазаққа қарайды да, «Бар бол, балам!» – деп сәлемін алады. Сол жерде Қыдырдың құмалақшы Қазаққа көзі түсуі мұң екен, Бақ та іле шала дарып, басына қонады.
Қыдыр ата сұрайды:

«Менің Қыдыр екенімді қайдан білдің?,» – деп. Құмалақшы Қазақ құмалақ салып білгенін айтады.

Қыдыр ата тағы да сұрайды:

«Құмалағыңның тасы нешеу?» – деп. Құмалақшы Қазақ құмалағының тасы қырық бір екенін айтады.

Сонда Қыдыр ата: «Енді сенің басыңа қонған Бақ балталасаң кетпейді. Тек бұдан былай құмалағыңның қырқы келсе де, қырық біріншісі келмесін!» – деп жүріп кетіпті.

Құмалақшы Қазақ соңынан: «Неге олай дедіңіз?» деп дауыстаған екен.

Қыдыр ата: «Қателеспеу бір Тәңірдің ғана қолынан келеді!» деп жүре беріпті.

Ақселеу СЕЙДІМБЕК,

«Қазақтың ауызша тарихы» кітабынан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: