Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құдай күнімізді басқаға қаратса да, маскаға қаратпасын…

12.03.2020, 10:25 1373

Дәл қазір әлем бойынша саудасы қызып тұрған бір дүние болса, ол – медицина­лық маска. Шартарапты шарпыған індеттен қорғаныс құралы ретінд­е адамзаттың игілігіне асып жатқан заттың түп тарихын бірі білсе, бірі білмейді. Маскаға деген жоғары деңгейлі сұраныс Қытайдан тараған қауіпті кеселден кейін көбейді. Жұрт жанталасып, жапа-тармағай дәріханаларды жағалап кетті. Бұрын 10 теңге болған маска бүгін 60 теңгеге дейін көтерілген. Өйткені бұқара­ тарапынан сұраныс көп, ал шығарылатын маска мөлшері аз. Сол медициналық­ масканың сіз бен біз білмейтін қандай құпиясы бар?

МАСКА  ҚАЛАЙ  ПАЙДА  БОЛДЫ?

ХІХ ғасырдың басында жүннен жасалған маскалар пайдаланылған. Тек ХХ ғасырдың басынд­а мақтадан жасалған маскалар қолда­ныс­қа енгізілген. Ал 1920 жылдары медициналық масканы барлық медицина қызметкерлері тағып жүру міндеттелген деген қауесет бар. Негізі дәрігерлер науқастармен жұмыс істеу кезінд­е қорғанудың қажеттілігін әртүрлі аурулардың инфекция қоздырғышы таралу механизмі ғылыми жолмен құрылғанға дейін түсінді. Осыдан 6 ғасыр бұрын дүниежүзінде тараған оба дерті ортағасырлық медицинаның қауқарсыз екендігін көрсеткен еді. Тек XVII ғасырдың басын­да француз дәрігері Шарль Лорм дәрігерлерді аурудан қорғайтын «оба дәрігерлері» деп аталатын арнайы костюм жасады. Ол костюм тығыз балауыздан жасалған және оның арнайы қолғабы, қалтасы бар. Ең басты ерекшелігі – оның бүкіл бетті жауып тұратын арнайы «мұрынды» маскасы болды. «Мұрынды маска» кептірілген шөптермен (лаванда, жалбыз, қалампыр және т.б), дәмдеуіштермен немесе сірке суына батырылған мақтамен толтырылды. Бұлардың барлығы жағымсыз иісті кетіруге арналға­н, бірақ іс жүзінде респиратор ретінде әрекет еткен. Сонымен қатар маскадағы көз тесік­тері әйнекпен жабылған. Бүкіл денені жауып­ тұратын арнайы антиинфекциялы костюм сол кезеңдердегі жұқпалы ауруларға қарсы пайдаланылған тың дүниелердің бірі болған.

Бізге анағұрлым таныс медициналық маскалар тек XIX ғасырдың соңында пайда болды. Оны француздық Поль Бержер мен поляк Ян Микулич-Радецки ойлап тапты. Поль Бержер дәрігер пациентпен сөйлесу кезінде, түшкіру немесе жөтелу кезінде қорғану үшін маска қажеттігін ойлап тапты. Осылайша 1897 жылдың қазан айында алты қабатты стерильденген матадан тігілген және мұрын, ауыз, иек бөлік­терін жауып тұратын масканы тағып, тәжірибе жүзінде пайдаланып көрді. Бір жылдан астам тәжірибесінен ол маска тағып байланысатын барлық дәрігерлердің пациенттерінде инфек­цияның азайғандағын байқайды. 1899 жылы ол Париждегі хирургиялық қоғам мүшелерінің алдын­да «Хирургия кезінде бетперде қолдану туралы» баяндамасын оқыды. Баяндамасында ол бірнеше жыл бойы дәрігерлердің аузынан шығатын сұйықтық тамшылары инфекцияның өршуіне алып келуі мүмкін деп қорқатындығын жеткізді. Бірақ, сол кездің өзінде көптеген дәрігерлер оның «маска инфекциялардан қорғайд­ы»  деген  тұжырымдамасына  күмәнмен қараған  еді.

Алайда ХХ ғасырдың 20-жылдарына қарай маскалар  көптеген Еуропа елдерінің ота жасау процестерінде  кеңінен  қолданыла  бастады. Бұл таңғыштар тек дәрігерлер арасында ғана емес, сонымен бірге «испан» індеті (1918-1919) және бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаңа химиялық қарулардан қорғаныс ретінде кеңінен­  қолданылды.

ТҮРЛІ-ТҮРЛІ   МАСКА   БАР

Қазір медициналық мекемелерде маскаларды қолдану қарапайым тәжірибе болып табылады. Олар науқасты медициналық персоналдың мүмкін болатын инфекцияларынан қор­ғап қана қоймайды, сонымен қатар дәрігерлердің өзі пациенттің қан немесе басқа сұйықтық­тардың шашырауы арқылы берілетін инфек­ция­ларынан да қорғайды. Егер бұрын медициналық таңғыштар жүн және мақта жүнінен тұратын­ жұқа маталардан жасалынған болса, қазір оларды өндіру үшін сүзгіштік қасиеті жоғар­ы полимерлі талшықтардан жасалған матал­ар  жиі  пайдаланылуда.

Мұндай маскалар процедуралық, күнделікті және мамандандырылған, хирургиялық болып бөлінеді. Процедуралық маскалар әдетте үш қабаттан тұрады: ішкі және сыртқы қабаты және ортаңғы бөлігінде ауа реттегіш сүзгі. Дәл осы маскалар емханалар мен қоғамдық орындарда пайдаланылады. Мамандандырылған маскаларда төрт қабат бар – екі сыртқы, фильтр және сұйыққа қарсы қабаты бар, ол операция кезінде бетті биологиялық сұйықтықтардан қорғайды. Хирургиялық маскалар аты айтып тұрғандай  ота  жасау  кезінде  қолданылады.

Көбінесе күнделікті және хирургиялық маскалар бір рет қолданылады, өйткені оларды бірнеше рет стерилизациялаудың тиімділігі дәлелденбеген. Масканы кию мерзімі жағдайға байланысты. Эпидемия кезінде немесе ауру­ханаларда әр 2-3 сағат сайын киімді ауыстыру ұсынылады. Ластанған ауа сияқты технологиялық факторлардан қорғау үшін масканы алты сағатқа дейін киюге болады. Кейбір жағдайларда, нақтырақ айтқанда, ылғалды климатта, маска­ кию уақыты бір сағаттан аспайды. Ылғал болған кезде масканы ауыстыру керек, өйткені патогендер адам терісіне тікелей түсе бастайды.

МАСКА:  ҚОРДА  –  1 МИЛЛИОН, 

СҰРАНЫС  –  30  МИЛЛИОН 

Қазір маска тапшы. Себебін сіз де, біз де біліп  отырмыз. Қазақстанда бір адамға 10 маскадан артық сатылмауы мүмкін деген де сыбыс шықты. Бұл туралы ҚР ДСМ «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев жеткізген еді. Коронавирус тарау салдарынан елімізде 1 адам мыңдаған маска сатып алып жатқан көрінеді. Дәріханалар тұтынушыларға шектеу қоя алмайды. Сондықтан министрлік дәріханаларға ұсыныс жасайтын болып келісіпті. Отандық маска өндірушілер айына 6 млн маска өндіреді. Бірақ олар ең алдымен емдеу­ мекемелеріне, содан соң дәріханаларға жеткізіледі. Ресми статистика қорда маска  1 млн, ал сұраныста 30 млн маска тұрғандығын айтады. Тіпті билік маска өндірушілерге экс­пор­тты  тоқтату қажеттігін де ескерткен.

Енді маска өндірушілер нарықтағы сұраныс­ты пайдаларына жаратқысы келіп жатыр. Маска­ бағасы о баста 15-20 теңге көлемінде болса, қазір масканың 1 данасы 60 теңгеден сатыла баста­ды. Кәсіпкерлер қойып отырған бағаға Үкімет тарапынан шектеу шамасы байқалып жатқан  жоқ.

МАСКА  &  ОКСОЛИН

Ел маска іздеп шарқ ұрып жүр. Енді мамандар масканың орнын оксолин майы ауыстыратынын айтып жатыр. Дәріханаларда әзірге оксоли­н майының қоры жеткілікті. Кім қанша аламын десе де өз еркі. ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова парацетамол, ацикловир, оксолин майы секілді вирусқа қарсы барлық препараттар дәріханаларда жеткілікті екендігін хабарлап отыр. Маскаға таласқ­анша, енді оксолин жағып жүрсеңіз, инфекц­ия  жоламайды-мыс.

Маска тапшылығына орай ма, әлде медицина заңдылығы солай дейді ме, әйтеуір мамандар­ масканы сау адам тағып қажеті жоқ, оны вирус жұқтырғандар ғана тағуы керек дегенді айтады. Яғни, тұмау секілді ауа-тамшы жолымен жұғатын ауру белгілері байқалған адам вирусты таратп­ау үшін маска киюі қажет. Вирустық инфекци­яны жұқтырмау үшін жеке гигиеналық талапты сақтаған жөн. Қолды ұдайы сабындап жуу, ортақ заттарды мейлінше пайдаланбау ағзаның ауру жұқтыру қабілетін азайтады.

Түйін. Маска – жай ғана медициналық құрал. Бірақ ол инфекцияның алдын алатын кепілдік емес. Әлем аңдысын аңдыған індетті ауылымыздан аулақ қылсын дейік. Құдай күнімізді басқаға қаратса да, маскаға қаратпасын…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: