Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қиын сұрақ

01.10.2024, 9:15 117

HALYQLINE.KZ

Шай ішіліп болып, ас қайтарылып, сыртқа шыққанымда жастар жағы даңғаза музыкаға билеп, орта жастағылар бір жерге жиналып әңгімеге кіріскен екен.Құлақтың «кәкірі» болғасын оларға жақындамай, әріректегі ұзынша орындыққа жайғастым.

Киген киімі мен төбеге түйген шашы өзіне жарасқан, орта жасты еңсерген әйел жаныма келіп отырып:

– Құдайберген аға, науқастанып қалғансыз ба?.. Таяқ ұстап қалыпсыз ғой… Фейзбуктегі оқырман қарындасыңызбын ғой. Біраз болды газет беттерінен көрінбей кеттіңіз. Әңгімелеріңізді, мақалаларыңызды оқып тұрушы едім. Фейзбукке жариялаған «Жеңеше құлағыңызға сыбырлайыншы», «Ағасы бардың жағасы бар», «Ене, күйеу бала, келін хақында…» деген мақалаларыңызды қыздарыма, келіндеріме жіберіп, оқыңдар деуші едім.

Жақында Алматыда жақын ағамыздың қызын ұзату құдалығында болғанда кездескен бір жайт «Осы ағаның жазғандарын өзінің ұл-кыздары, келіндері оқи ма екен?» деген ойға қалдырды.

Құдалық басталарда біз отырған бөлмеге үй иесі келімі келген ерлі-зайыптыларды әкеліп, «Мына қарындасымыз ерте қайтыс болып кеткен жазушы ағамыздың қызы, жанындағы күйеу баласы» деп таныстырды. Жазушы дегенге менен басқасы елең етпеді. Керісінше, әйелдің күйеуіне жақын отырғандар қолын созып, алыстаулары оң қолын кеуделеріне қойып, бас изеп ілтипат білдіріп жатты.

Олар менің жанымдағы бос орындыққа келіп жайғасты. Жаныма келгесін сіңліммен шүйіркелесіп, әкесі туралы, өзі туралы сұрай бастадым. Әкесін сыртынан біледі екенмін. Біздің жас кезімізде жұқа мұқабалы, жұқалтаң екі кітабы шыққан жас жазушы еді. Жазғандарын таласып оқушы едік. Кейін қайтыс болғанын газет беттерінен көргенбіз. Қызы мектепте мұғалім екен.

Құдалық басталып кетті де, әңгімеміз аяқталмай қалды. Сәлден кейін маған сөз берілді. Балаларға, құдаларға игі тілегімді айтып, құдалық, сыйластық туралы оқыған бір әңгіменің қысқша желісін айтқанымда бәрі ұйып тыңдап, жүргізуші мен үй иесі ризашылықтарын білдірді. Жанымдағы сіңлім де қолымды қысып: «Апай, жақсы сөйледіңіз. Әсіресе, соңғы әңгімеңіз өте әсерлі болды» деді. Менің «Оқымап па едіңіз?» деген сұрағыма мән берместен «Кездестірмеппін» деді. «Қалайша, ол әкеңіздің әңгімесі ғой» деген сөз аузымнан еріксіз шығып кетті. Таң қалғанымды жасыра алмай, жүзіне бақырайып қарап қалыппын.

Бет әлпеті әлденеше құбылып, жүзін бұрып әкетті. Жанарынан жас көргендей болдым. Одан кейін шүйіркелесе алмадық. Үзілісте де көрінбеді. Үлкен тамақ үстінде іздегендерге үй иесі шұғыл шаруалары шығып, рұқсат алып кеткенін түсіндіріп жатты, – деп әңгімесін аяқтаған қарындасым маған да сұраулы жүзбен қарады…

Құдайберген  Есекей,

Әйтеке  би  кенті

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: