Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЖД қызметкері: «Атам Вьетнам халқының құрметті азаматы»

10.09.2020, 17:30 618

HALYQLINE.KZ Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінің кадр саясаты тобының инспекторы, әділет капитаны Алтынбек Гүлмираның атасы Иса Бисенов – Қазақстаннан Вьетнам соғысына аттанған жалғыз қазақ. Иса Бисенов 1942 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында ұстаздар отбасында дүниеге келген. 1960 жылы Қызылордадағы медицина училищесіне түсіп, 1964 жылы диплом алып, фельдшер болған. 1964 жылы әскер қатарына алынып, Ленинград әскери округінің ракеталық дивизионында әскери дәрігер қызметін атқарған.

1964-1967 жылдары әскерін өтеп жүрген бозбала, Вьетнамды қорғау үшін Кеңес әскерімен бірге сонда аттанды. Алты ай дайындықтан өткізіп, үстеріне қарапайым азаматтық киім беріп, қалталарына дипломаттық төлқұжат салып, Вьетнамға аттандырады. Ол ракеталық атқыштар полкі құрамында дәрігер болады. Соғыста жүріп 3 рет жарақат алады. Вьетнам соғысы – АҚШ және Кеңес Одағының тарихы мен мәдениетінде елеулі із қалдырған XX ғасырдың екінші бөлігінің ең ірі соғыстарының бірі. Ол – Кеңес әскерінің қатарында болып, Вьетнам еліне көмек көрсетуге аттанған жалғыз қазақ. 1967 жылы елге оралып, 32 жыл медицина саласында қызмет етіп, бүгінде зейнеткерлікке шығып, бейнеттің зейнеттін көріп отыр. Жеті бала тәрбиелеген ағамыз тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек секілді. Иса атамыздың тұңғыш немересі, әділет капитаны Алтынбек Гүлмира Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде 10 жылға жуық кадр саясаты тобының инспекторы болып қызмет етеді. Гүлмира сонау Вьетнам Республикасын қорғауға атсалысып, майдан даласынан абыроймен елге оралған атасының ерлігін мақтан етеді.

«Иса атам – сөзге шешен адам. Немерелерінің үлкені болған соң, маған үнемі ақыл айтып, кеңес беріп отырады. Бізді еңбекке баулып, елге, Отанға деген сүйіспеншілік отбасыдан басталатынын, елінің патриоты бол деп, өнегелі, ғибратты әңгімелерін айтатын. Вьетнам соғысында шайқасқан жалғыз қазақ дәрігері, атамның өсиеті мен өмірі біз үшін үлгі. Вьетнам халқының құрметті алғысына ие болып отырған атамның ақ батасы мен үшін қасиетті тұмар секілді», – дейді немересі Гүлмира.

Вьетнам елінің Президенті Чыонг Тан Шанг қабылдауында болып, еліне қиын-қыстау кезде көмек көрсеткен, Иса атамызға вьетнам халқы атынан ел Президенті алғыс айтып, «Вьетнамның құрметті азаматы» атағын беріп, «Достық» медалімен марапаттады.

Дана ДОСТАНОВА,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: