Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда исламофобия неге өршіді?

06.10.2023, 15:00 341

HALYQLINE.KZ

Америкада жүз берген 2001 жылғы «11 қыркүйек» оқиғасынан кейін әлемде исламофобия шарықтау шегіне жетті. Кісілік құқықты айтып жағы талмайтын АҚШ билігі аумағындағы араб тегі бар, тақуа азаматтарға қырғидай тиді. Мұсылман елдерінің қара тізімін жасап, азаматтарының АҚШ территориясына кіруіне қатаң шектеу қойды. Қазақстан да ол тізімге бірде кіріп, бірде шықты. Оның географилық себебі ғана болмағаны анық. Америка әскері Әл-Кайда мен Тәліптер тайраңдаған Ауғаныстанға басып кіргенде қолға түскендердің арасында Пәкістанға діни оқуға барам деп алданып, Тәліптердің медреселерінен бір-ақ шыққан Қазақстан азаматтары да болды. Екеуі террористердің атамандары қамалған Гуантанамо түрмесінен кезіссөздерден кейін адасқаны анықталып елге қайтты. Бастысы, Батыс ақпараттары террористер атаманы деп айыпталған Бен Ладеннің басты арманы «Бұрын әлемнің төртінші ядролық елі атанған Қазақстаннан ядролық чомоданды қолға түсіру» деп жарыса жазды.

АҚШ билігі «Бен Ладен мен Омар молданың көзін жойдық, террористік топтардың қаржылық көздерін бұғаттадық» деп терроризммен күресін саябырсытқанымен діни радикализмды жоя алмады. Сирияда «Ислам террористер тобы» бас көтерді. Қазақстаннан ат арытып барып олардың қатарына қосылған, «шариғат жолымен жүретін мемлекет құрғысы келетіндер» санының көп болғаны жұртқа аян. Бұл факт елімізде діни радикализм идеологиясының көрнекі-көмескі түрде белсенді түрде жүргізілгенін көрсетеді. Біздің биліктің қазіргі интернет дәуірінде ақпараттық қауіпсіздігін қорғауға дәрменсіздік танытып отырғаны белгілі жайт.

Десе де бабалардан келе жатқан дәстүрлі діни жолдан басқаша бағытты ұстанғандар қатарының көбейгенін айтып дабыл қаққандар да көп болды. Бірақ олардың дауысы билікке жетпеді, көмескіленіп естілді. Көп өтпей солардың қаупі шынға айналды. Қандастарымыздан да «Дін жолында өзін жарып, пейіштегі хор қыздарымен ертерек қауышуды көздеген» жиһадшылар шыға бастады. Ақтөбе, Тараз, Алматыда террористік оқиғалар жүз берді. «Қаңтар оқиғасы» кезінде шарықтау шегіне жетті.

Ең өкініштісі бұрын уыздай ұйыған қазақтың отбасы мүшелерінің басы тәуелсіздіктен кейін әсіредіншілдіктің кесірінен бір дастарқанға сыймаса, қазіргі әлеуметтік желі жалпыласқан кезеңде бітпейтін мазхаб дауы, ақида мәселесі, ұлттық дәстүр мен діни сенім байланысы ақпараттық соғысқа ұласты. Соңғы кездегі домбыра дауы, шешеге тіл тигізу – соның көрінісі. Парламент депутаттарының бұл мәселені өткір қоюы өте құптарлық. Ислам дінінің тарихтан бері қарай ұлтымызды іріту үшін емес, рухани бірлігін нығайтып келгені белгілі. Соңғы отыз жылдағы жеткен жетістігіміз адамды терең ойға жетелейді.

Бір кезде Ауғаныстанның тау-тасын бомбалап, әптер-тәптерін шығарған АҚШ билігі Тәліптердің ел басқарғанына көз жұма қарап отыр. Иран болса Қытаймен, Ресеймен іштесіп барады. Ислам халифатын құрғысы келетін екеуі де бізге жақын. Сыртқы себептен гөрі елдің дінни сенімінің нілдей бұзылып, екіге бөлінуі жақсылықтың нышаны емес. Дер кезінде шара қолданылмаса, өзгеге жем боларымыз, ұлт ретінде жойыларымыз анық.

Есбол  ҮСЕНҰЛЫ

Фото: muftyat.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: