Бүгін Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойына орай Абай ауылында орталық саябақтың ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Саябақтың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет арнайы қатысып, абайлықтардың қуанышымен бөлісті.
– Бүгінгі ашылып жатқан ауылға ерекше көрік беретін саябақ, мерейтойға орай ауыл тұрғындары үшін керемет тарту, жаңа бастама болды деп ойлаймын. Саябақта орналасқан жабдықтардың барлығы жоғары сапалы. Енді бұл жерде ауыл тұрғындары бос уақыттарын тиімді өткізіп, серуендейтін болады. Мерейлі мереке қарсаңында құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтап, пайдалануға беріп жатқан «Данияр» ЖШС-нің қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Мұнан соң Қазалы ауданының Құрметті азаматы Нәжмадин Шамұратов сөз алып, жиылғандарды Қазалы ауданның 95 жылдығы мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар ауыл ақсақалы Алпамыс Түрікпеналиев Абай ауылында халқының игілігі үшін істеліп жатқан жұмыстардың барлығына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Абай ауылына газ жүргізіліп, ауыл кіреберісінде жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!