Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қауіпті індеттен көз жұмғандар қалай жерленеді?

01.04.2020, 11:58 636

Әр пенденің басына бір өлімнің келері хақ. Өмір бар жерде өлім де бар екені жер бетіндегі жұмырбасты пендеге о бастан аян. Бұрын «біреу көз жұмыпты» десе, жағалай жаға ұстап шығатын едік. Қазір күнде емес, тіпті, сағат сайын еститін жағымсыз жаңалыққа айналып барады. Енді елдің есін шығарған аты жаман індет «науқанында» дүниеден өткендерді мұсылманша жерлеуге қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер тарап кетті. «Көз жұмған адамның жаназасын шығаруға көп адам жиналуға, ал коронавирустан қайтыс болғандардың жаназасына жиналуға қатаң тыйым салынады» деген ақпараттар шығып жатыр. Бұл қаншалықты рас?

Елдегі төтенше жағдайға байланысты еліміздің барлық мешіттеріне барып құлшылық қылуға және жұма намазына жиналуға тыйым салынды. Адам көп жиналатын орындарға, ең ар жағы жылытқан жылытпадан қалмайтын тойшыл жұртқа уақытша салтанатты жиындарда жиналуға қатаң түрде шектеу қойылды. Жуырда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі қауіпті індет кезінде дүние салғандарды жерлеудің рәсімі туралы еліміздің бас санитарының арнайы қаулысы шығады деп мәлімдеген болатын, бірақ әлі нақты жауабын көре алмадық. Алайда ҚМДБ жұқпалы аурудан қайтыс болғандарды жерлеуге қатысты пәтуа шығарды. Оның ішінде COVID-19 да бар. Сонымен саралайық, пәтуада не айтыпты?

– Біріншіден, мәйітті жуындыру. Өте қауіпті жұқпалы дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада (морг) жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел жуындыруы керек.

– Екіншіден, мәйітті кебіндеу. Шариғат бойынша мәйіт кебінделуі міндет. Ер кісі үш қабат матамен, ал әйел бес қабат матамен кебінделеді. Алайда жұқпалы дерттен қайтқан кісіні кебіндеу ісінде санитарлық қағидалар сақталуы тиіс. Егер мәйітханада кебінделген мәйіт шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел кебіндеуі қажет.

– Үшіншіден, жаназа намазын оқу. Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту қажет. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (мысалы, көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне, т.б.) таралмауы үшін марқұмды мәйітханадан тікелей зират басына апарып, сол жерде жаназа намазын оқып, жерлеуге шариғатымызда рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.

– Төртіншіден, мәйітті жерлеу. Мәйіт зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ мәйіт қайтыс болған мекенінде жерленуі тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекенжайға (өзге қалаға, туған жеріне) апармаған дұрыс. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу.

Қазақстанда қазір короновирустан қайтыс болғандардың саны 3-еуге жетті. Естеріңізде болса, Астана қаласы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны қайтыс болғаннан кейін барып оның коронавируспен ауырғандығы анықталған еді. Ал марқұмды жерлеуге қатысқан туған-туысқандары содан кейін ғана карантинге алынған. Ал Алматы қаласында коронавирустан қайтыс болғандарды арнайы полигондарда жерлейтіндігін қаланың бас санитары Айзат Молдағасымова мәлімдеген еді.

Адам қайтыс болғаннан кейін орындалуы тиіс шариғаттың арнайы талаптары бар. Ал мұндай кезеңде арнайы мамандар өздері жуындырып, мәйітке тазалау жұмыстарын жүргізеді. Содан соң өздерінің талаптары бойынша жерлейді. Біз белгілі бір қашықтықта тұрып жаназа намазын оқып береміз. Мәйітті үйге апаруға және өзге де орындарға алып кетуге болмайды. Оның өзінің санитарлық нормалары бар. Ал енді Алматыдағыдай арнайы полигон болады дегенді нақты білмедім, оны аймақтағы тиісті, жауапты мекекмелер өздері белгілейді, – деді Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Әбуов.

Түйін. Италияда аты жаман аурудан қайтыс болғандарды ауруханадағы киімдерімен қоса табытқа салып жатыр екен. Өйткені оларда қайтқан адамның саны көп болғандықтан арулап жерлеу мүмкін болмай қалған. Құдай сақтасын! Ирландияда марқұмды жерлегенде маска кигізуді ұсынып жатқан көрінеді. Оның үстіне оларда жер де қымбат. Израйльде қосқабатты полиэтиленге қабаттап жерлейді. Ал Иранда адам саны көп болғандықтан жерлеу рәсімі сақталмайды-мыс. Тек көлікке тиеп, 90 метрлік тереңдікке тастайды екен. Оңтүстік Кореяда мәйітті өртеп, содан соң көмсе, Ресейде адам жабық табытта жерленеді-міс. Кімнің қандай жағдайда қайтыс болары бір Алланың қолында. Діні бөлек болса да, тілегі мен жүрегі бір пенделеріне Жаратқанның өзі рақымды болса екен…

# Үйде болыңыз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: