Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

23.01.2020, 8:22 1176

…О да құдай пендесі

Түспей кетер деймісің

Тәңірінің құрған тезіне…

АБАЙ

І. КҮДІК  пен  СЕНІМ

Аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете, түн түнегін тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті. Жасы отызға толмағанына қарамастан шашына ақ қылау түсе бастаған сымбатты жігіт қою қараң­ғылық құшағындағы күре жолға тесіле­ қарап, машина жылдамдығын үдете түсті. Айтты-айтпады, қашаннан да осындайда түнгі жолдың ұзарып кететіні бар емес пе, бұл асыққан сайын Ақмешіт қаласы жеткізер емес.

Санада күдік пен сенім шайқасы: бір ойы «Апырым-ай, мына қылмыскер тағы да құтылып кетер ме екен? Біздің әділдік үшін, заңдылықты сақтау үшін жасаған қыруар жұмысымыз тағы да босқа кетер ме екен? Сірә, біздің арамызда да, билікте де оның қорғаушылары мен қолдаушылары мықты болып тұр-ау, шамасы», – деген­ күдік бұлтын маңайласа, екінші ойы «Не көрініпті, мұның барлығы тергеушілердің осалдығынан болып тұрған жоқ па, білікті, ары таза тер­геушінің қолына түссе, қанша пай­ғамбар болса да соттан құтыла алмас еді. Енді, қалай дегенде де барлығы 101-ге  байланысты. Ол кісі қиянатқа қарсы  жан  ғой, бізге қолдау көрсетері анық», – деген сенім көкжиегін шолады.­

Облыстық ішкі істер саласында департамент бастығын 100-ші, бастықтың бірінші орынбасарын 101-ші, қалған орынбасарларын ретінше 102, 103, 104, 105 деп атайтын. Бұл өзге жұртқа түсініксіздеу болғанмен, сала қызметкерлерінің барлығына түсі­нікті, әрі қызметтік қолданыста тиімді  болатын.

Қазақстанның көптеген аймақтарына қарағанда Сыр бойына ерте келеті­н көктем биыл жылдағы дағдысынан жаңылғандай, тегіндікпен кете қоймайтынын сездіре тістесе қаса­рысқан қысқа толық қарсылық көр­сете алмай қысылуда, түске дейін – мейіз, түстен кейін – киіз болып тұр­ған шақ. Содан болар ерте көз байланып, лезде­ түн тұңғиығы салтанат құрып шыға келеді. Жеңіл авто­көлік­тің қос фарынан төгілген жарық ілгеріге жол сіл­тегендей, қараңғылық көр­песін еріксіз  ысыра  алға  ұмтылады.

«Мен барғанша 101 жұмыста отырса жақсы болар еді», – деген ойдан­ арыла алмай келе жатқан ол қала жетіндегі МАИ бекетін көргенде: «Уф… жеттім-ау», – деп күбірлей сағатына қараса түнгі тоғыз жарым болыпты, шиыршық атқан дене сәл босаңсыды. Бекет үйшігінен жүгіре шығып, тоқтатпақ болған авто­инспектор мұны танып, қызыл шамы жарқ-жұрқ етіп тұрған таяқшасын төмен түсіре қойды, сірә, өте тығыз іс жағдайындағы жылдамдық көбейту­ екенін түсінсе керек, қолын шекесіне­ қоя құрмет жасады. «Е… бірлі-жарым ақша жолына түскендер болмаса, жол инспекторларының көбісі күн-түні ел амандығы мен тыныштығы күзетінде, жол апатын болдырмау мақсатында қызмет етуде, бірақ бұл сорлылар­ға да бәрібір жақсы ат жоқ. Отбасы, жеке тіршілігі, бала-шағасы емес, басқа­ жұрттың амандығын тілеп ұйқысыз таң атырса да, әңгіменің барлығы осылар жайлы: «Өйтіпті, бүйтіпті», – деп. Сонда мас күйіндегі жүргізушіні, не апатқа соқтырар әрекетке барған автокөлікті тоқтатпау керек пе? Ау, сонда заң қайда қалады,  адам қоғамындағы қауіпсіз  ғұмыр кешу мәселесі қайда қалады… тіпті, оның үстіне мас жүргізушіге облыс, қала басшылығында жүрген азаматтардың ара түсетінін қайтер­сің…».

Ол облыстық ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне келген кезде­ сағат тілі түнгі онды көрсетіп тұрған еді, кезекші 101-дің күтіп отырғанын айтты. Басқышпен екінші қабатқа асығыс көтеріліп келе жат­қан қылмысты іздестіру бөлімінің аға өкілі, капитан Нұрлан Қыдырбаев санасы­ндағы «Күтіп отырған… Нағыз азамат… Нағыз опер ғой…» деген ой облыстық ішкі істер департаменті басты­ғының бірінші орынбасары, полковник Ғалымжан Ахметовке деген­ ризалық ықыласты және басшыға деген құрмет пен мақтаныш сезімін бір арнаға тоғыстырып жіберген  болатын.

Бұл кезде жұмыс кабинетінде полков­ник ауыр ой үстінде отыр еді. «Заман не болып барады осы… Еге­мен­дік алдық-ау, бірақ, біраз нәрсені жоғалты­п алған жоқпыз ба … Қылмыс көбейіп кетті, бара-бара бұл не болар екен. Бұрын кісі өлімі сияқты ауыр қылмыс облыс бойынша айына-жылын­а бірді-екілі ғана болатын… Тіпті мұндай ауыр қылмыс болмаған жылдар да болды емес пе… Енді не болды, қазір ай сайын ондаған кісі өлімі тіркелуде, бұрын кездеспейтін ауыр қылмыс түрлері өсуде. Мына заман­ не болып барады, өзі?… М-м… да…».

Ол самайын уқалады, түйіле түс­кен қабақтар, талай жылдарғы қылмыспен күрес салған іздердей болған ерте түскен әжімдер стол шамы жарығын­да полковниктің өңін онан әрі сұрландыра түскен. Нағыз шебер қолынан шыққан шам қалпақшасының жоғары бөлігі ақшыл-қызғылт, ортаңғы тұсы ақшыл-жасыл, төменгі бөлігі ақшыл-сұр шыныдан жасал­ғандықтан түскен жарық та түр­ліше рең шашады, содан болар полковник кабинетке кіріп келген жанға өзгешелеу көрінеді, стол басында бейне жауына атылғалы тұрған азулы арлан бөрі отырғандай әсер қалдырады. Күтіп отырған қызметкерінің қай мезгілде келіп жете­тінін ойша есептеп отырған ол қайтадан күдік шудасын ескен ойға қалай беріліп кеткенін аңғармады. «Да… Келешек қалай болар­ екен… Удай қымбатшылық болса мынау жағадан алып тұрған, ел жайы түзеліп кетсе жақсы болар еді. Иә… Құрысын… ана бір жылдармен, 1992-93 жылдармен салыстырғанда қазір құдайға шүкір ғой. Ойпыр-ай, ішкі істер органдарының кей сала­ларында үлкен тоқырау болды емес пе, күзет бөлімінің қызметкерлеріне айлық жалақы үшін арақ-шараппен есеп айырысқан күндер де болды ғой… Не деген сұмдық… Есітер құлаққа ұят… Иә, басқа амал болмады… Түзеліп кетерміз… Лайым солай болсын… Тіпті сол жылдарда талай қаланы қиратып таста­ды­қ қой… Обал-ай… Жекеше­лендіреміз деп колхоз-сов­хоздың миллиондаған қаржысы да, миллиондаған малы да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті, халық ала қалта арқалап босып кетті. Бейне қорқынышты түс сияқты, біздің жүрісіміз мынау – қоғамдық тәртіпті, заңды, ел тыныштығын сақтау үшін күн-түні үй көр­мей; мұны ана биліктегілердің түсін­гісі келмейтіні, елдің түсінбейтіні жанды қинап жүрген жоқ па, халық болса жоғарыда отырған ел қамын ойлайтындар бар деп біледі, ал олар сонда нені ойлағаны… Тәртіп сақшыларына деген құрмет далада қалды, бұл дегенің үкімет пен өкіметке деген құрмет емес пе… Үш күн… Тек үш ғана милиция жұмысын тоқтатты делікші, жұрт бірін-бірі тонап алатынын бұл басшылар түсінбегені ме сонда… Елдің жағдайы ауыр екенін білмей отырғаны ма… Өтірік есеп кімге керек… Ау, басқасын былай қойғанда, елде ақша дегенді қолына ұстап көрмегендер де болды ғой ол тұста… Да-а… Адам деген қызық екен ғой… Біздің аймақ басшысы халыққа сиырлардың артына қап байлап жіберіңдер, сонда сиырларың өрістен келгенде отындық біраз тезек аласыңдар деп те соққан жоқ па… Адам мемлекеттің басты байлығы емес пе, бүгін сол байлыққа басы ауырып отырған билік бар ма, ау, халықсыз, адамсыз мемлекет бола ма, ал сол адамға өз күніңді өзің көр дегенді қалай түсі­неміз. Сонда қара­пайы­м халық өз күнін өзі көруі керек және билікт­е отыр­ғандарды асырауы керек бол­ғаны  ма?  Ой, Алла-ай!

Бәрінен қиыны – заң­бұзушылық­тың бе­лең алып кетуі болып тұр емес пе? Билік мұны ерте ескеру керек еді ғой… Қай қоғамда болмасын ішкі тәртіпті қорғаушылар рөлі төменде­тілсе болды қылмыскерлер күшейіп, қылмыс серкелері билік жасайтыны белгілі емес пе еді. Өздерін сүттен ақ, судан таза қылып көрсету үшін билік­тегілер барлығын құқық қорғаушы­ларға жапты, ал содан не шықты… «Жаман түйе жабуын жейді» деген… Ел наразылығы өсіп келеді, тіпті біздің ішкі істер органының өзінде өсек, өтірік көбейді. Психология өзгерді, кеше ғана өз қатарымызда қызмет етіп, ант қабылдағын адам зейнетке шығып еді, баррикаданың екінші бетіне өтіп кеткен сынды бейне­. Адвокат болып, ақша үшін айтул­ы қылмыскерді де қорғап, оның айыбы анық болғанына қарамастан жанын сала қорғаштап, бүкіл тәжі­рибесін, білімін қылмысты ақтауға жұмсап отыр. Бұған не дерсің… Әрине… Барлығы емес қой, араларында  ұстанымына  беріктері де бар… Бірақ, көпшілігі… Е… несін айтасың… Неге бұлай болды… Сонда енді тек ақша құндылығы үстем бола ма… Адамдар  пиғылы  өзгерді…».

Табиғатта жыл шығар мезгілде, көктем шуақ әкелем десе, қыс қасарыса ызғарын төгер арпалысты, өлі­ара сәттер болатыны сынды полковник санасында күдік пен сенім майдандасып жатқан тұста есік қағылды.

– Рұқсат па екен, полковник мырза?­

– Иә… Нұрлан… Кел, жақынырақ отыр.

– Айып етпеңіз полковник мырза, көп күттіріп қойған жоқпын ба?

– Е… Ештеңе етпес… Өзім де осы шамада шаң берер деп отырғам… Ал баянда, шаруа  не  болды?

– Күдіктіні көрші облыстан, тағы да Созақтан таптық. Бұдан бұрынғы ұстаған үйді бірнеше күн аңдып жүріп, қолға түсірдік. Бүгін мана өзіңізге телефон соққан шамада Жаңақор­ғанға  әкелдік.  Бірден   ИВС-ке (Уақытша ұстау абақтысы) апаруға қауіптеніп, жасырын түрде бір үйде ұстап отырмыз. Ертеңгісін РОВД угрооперативнигі Қазыбек Ертаев­ пен УВД угрооперативнигі Асқар­ Сейітов сонда апарады. Бұрын осы күдіктіні екі рет әкеп, ИВС-қа қамадық қой, бірақ тергеушілер істі «Дәлел жоқ» деп қысқартып тастай берді емес пе. Тағы да сондай болып, араға сөз жүріп кете ме деген оймен осылай істеуге мәжбүр болдық. Сосын­  тура  өзіңізге  келе  жатырмын.

– Күдіктінің өзі не дейді?

– Бұрынғысы… Тура өткен жол­ғыдай… Кісі  өлтіргенін  мойындайды. Менің  қорқып отырғаным: Бұрын да дәл осылай бізбен сөйлескенде қылмысын мойындап, тергеу кезінде басқа­ша сайрап, айтқандарынан танып­ шыға келді ғой. Ақыл, бағыт­ беретін­ біреулер бар және олар­дың­ бізбен  қызметтес болуы да мүм­кін. Күдігіміз болғасын осылай істе­дік… Жігіттер түнімен сол үйде ұстайды.

– Бұл жайлы РОВД басшылары біле ме?

– Жоқ. Әзірге Ертаев, Сейітов үшеуіміз ғана білеміз. Бұл жолы бізге мықты, өз ісін білетін, қолы таза тергеу­ші  керек. Әйтпесе  бұл  қанішер­ тағы  да  бостандыққа  кетеді.

– М-м-м… Қиын іс, оқиғаның болғ­анына алты жыл өтіп кетті. Дерек пен дәйек табу да қиын. Кешегі күн­нен сотый отпускаға кетті, ол кісі де көп жылдар бойы қылмысқа қарсы күресіп келе жатқан адам ғой, бізді қолдары анық, мен уақытша оның да міндетін  атқарушымын.

– Полковник мырза, мынау тіпті дұрыс болып кетті ғой онда. Ендігі мәселе тергеушіге тіреліп тұр емес пе?! Тергеу басқармасына бұйрық берсеңіз  болды  ғой.

– Бұйрық берілер ғой… Мана сен хабарласқаннан бері осы істі кімге тапсыруға болар­ екен деп ойлану­дамын. Бұрын барған тергеушілер де тәжірибесіз  емес-ті…

– Полковник мырза, бұл істі ашса – тек Орынбек Асылбаев ғана ашуы мүмкін. Қалалық ГСК (МТК)-да бір­ге қызмет атқардық, ол тергеу бөлімін басқарды, мен тергеуші болдым. Оның жігерлілігі, талапшылдығы, алған  бетінен қайтпайтындығы  тап  осы  жерде  керек-ақ.

– Біздегі важнякты айтып отырсың ба? Биыл «Лучший следовательді» алатын, горпрокуратураның дегеніне көнбей, өз правотасын облпрокурор алдында дәлелдеп шыққан жігіт пе?

– Иә, аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Асылбаевты айтамын.

– Оны біреулер тік мінезді деп жатады­  ғой.

– Бәлкім біреулерге ұнамай қал­ған болар. Бірақ ары да, қолы да таза азамат­тың бірі. Таудағы Карабах соғысы­на қатысқан, жас болғанмен өмір­дің ащы-тұшысын көрген жігіт. Ол барса қылмыстың беті ашылары анық.

– Келістік. Онда ертең Асылбаевты күтіңдер. Біздің машина жеткізіп салар. Айтпақшы ол «Қыздың шұбарындағы» кісі өлімімен айналысып жатқан еді, не істеді екен… Істі жақын­датты ма екен? Сен қазір кейін қайт, жігіттерге айт: Мұқият болсын. Сыртқа ақпарат шығып кетпесін. Тергеуші үлгірсе түсте, үлгіре алмаса түстен кейін барады. Күдіктіні ИВС-қа түстен кейін, бәлкім кешке қарай апарғандарың жөн болар. Кейбіреулер құлақтанам дегенше Асылбаев та барып қалар. Бәлкім, тіпті былай істеген­ жөн сияқты. Күдіктіні алдарқатып сол үйде бола беріңдер, Асылбаевпен кездестіріңдер, бірақ оның кім екенін айтпаңдар. Ол әңгімелес­сін, барлығын жасырын видеоға түсіріңдер. Бәлкім сол тұста тергеуші де ілік болар бірдеңе табар. ИВС-ке содан соң апарарсыңдар. Бұл әрі әлгінің қолдаушыларының бірден әрекетке көшпеуі үшін де керек болар­. Сосын оның Жаңақорғанда екенін өздеріңнен басқа ешкім білмесін, жақтастары «Созақта жүр» деп бейқам жүре берсін, біз үшін осы тиімді. Мен де мындағыларға «Асылбаевты материалмен танысу үшін жібердім» – дермін. Себеп бар ғой оған: Бірнеше рет қаншама күн оперативниктер із кесіп, күдіктіні қолға түсіреді, алып келеді, неге тергеушілер босатып жібереді? Бұл жерде не гәп бар, біздің басқа органдарға іс туралы­ баяндамай тұрып өзіміздің тексеруге құқымыз бар. Осылай істелік, іс бойынша  барлық мате­риал­дар тергеуші барғанша дайын тұрсын. Мен РОВД бастығына да, тергеу басқа­рмасына да осылай айтамын. Ал, іске  сәт!  Жолың  болсын!

Екеуі де орындарынан тұрды. Қылмыспен күрес саласында тер төккен екі азаматтың да санасында осы тұста күдіктен гөрі сенім асқақтай бастаған болатын. Бұл кезде түн жарымы  болған  еді.

(Жалғасы  бар.)

Алдажар  ӘБІЛОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: