Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалалықтар да Амал күнін атап өтті

15.03.2024, 8:55 92

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс орталығында «Амал» мерекесі кең көлемде тойланды. Соның бірі А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің жанындағы «Достық» аллеясында өтті, деп жазады Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Аллея аумағы Наурыз нақыштарымен безендіріліп, мерекеге сай ажарлана түсті. Киіз үй тігіліп, келушілерге ұлттық дәм ұсынылды. Жігерлі жігіттер арасында ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Кимешек киген кейуаналар мен ұлттық киімі жарасқан жастар сызылта ән салса, жиналған жұрт ұйымшылдықпен тал отырғызды.

Көпшілікпен бірге қала әкімі Серік Қожаниязов іс-шараға қатысып, Амал мерекесімен құттықтады.

«Ұлт ойшылы Мәшһүр Жүсіптің өзі 14 наурызды көктемнің алғашқы күні деп, «Наурызнама» мейрамының тойлануын жазған. Бізде де биылғы жылы еліміз бойынша 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың онкүндігі аталып өтеді. Осы уақыт аралығында әр күнге ерекше атау беріліп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жан-жақты дәріптеледі және ол дәстүрге айналады. Міне, бүгін сол дүбірлі тойдың беташар сәті. Оразамыз қабыл болып, Амалдан амалға аман-есен жете берейік! – деген тілегін жеткізді.

Бұл іс-шараға қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты басқармасының төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев және қала ардагерлері арнайы қатысты.

Өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қатар бүлдіршіндердің тұсаукесер рәсімі жасалып, қала әкімінің атынан қос бөбекке тарту-таралғы ұсынылды. Қоғам қайраткері Болатбек Пұсырман елдіктің асыл мұраттарын асқақтату, елжанды қасиетті құрметтеу туралы тағылымды ой айтып, батасын берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: