Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайырымдылық көмек көрсетті

20.03.2020, 15:43 313 0

Наурыз мейрамы қарсаңында Сырдария ауданының әкімі, «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Руслан Рүстемовтің ұсынысымен «Тұзкөл Мұнай Газ Оперейтинг» ЖШС мен «Жастар мәселелерінің орталығы» жастар қоғамдық бірлестігі әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетті. Нақтырақ айтқанда, серіктестік Тереңөзек кентіндегі «Әлеуметтік дүкенге» 1,5 тонна ұн және 530 келі макарон өнімдерін тегін үлестірді.

«Тұзкөл Мұнай Газ Оперейтинг» ЖШС ұжымы Сырдария ауданындағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға жыл сайын тұрақты түрде қайырымдылық көмек көрсетіп келеді. Серіктестік өкілі Мұрат Исағұловтың айтуынша, аталған игі іс бүгінде дәстүрге айналған.

– Халқымызда «Қайырымдылық – қайырлы іс» деген даналық сөз бар. Біз жыл сайын сырдариялық отбасыларға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерін әкеліп, қайырымдылық көмек көрсетіп келеміз. Бұл біздің әлеуметтік жауапкершілігімізді арттырады. Егер, бір отбасы қолдауымызды сезініп, шынайы қуанса, одан асқан бақыт жоқ. Түптеп келгенде, қайырымдылық бағыттағы жұмыстарды үйлестіру –  сауапты іс. «Әлеуметтік дүкен» көмегін пайдаланатын отбасыларды Наурыз мейрамымен құттықтаймыз, – дейді ол.

«Әлеуметтік дүкен» меңгерушісі, жеке кәсіпкер Мария Сейпулованың айтуынша, бұл жолғы көмек 100 отбасындағы 453 адамға тегін таратылады.

– «Әлеуметтік дүкен» 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Дүкенге жергілікті кәсіпкерлер, шаруашылық төрағалары, одан бөлек мұнай компаниялары, жомарт жандар демеушілік жасайды. Демеушілер әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға ұн, ет, күріш, қант және күнбағыс майын алып беріп, тұрғындардың алғысына бөленуде. Аудан бойынша «Әлеуметтік дүкеннің» қызметін 100 отбасы пайдаланады. Мұнда азық-түлік нарықтық бағадан 30 процент жеңілдікпен беріледі. «Тұзкөл Мұнай Газ Оперейтинг» ЖШС қолдауымен Ұлыстың ұлы күні қарсаңында дүкен қоры азық-түлікпен толықты. Серіктестік ұжымына шынайы алғысымызды айтамыз, – дейді «Әлеуметтік дүкен» меңгерушісі.

Атап өту керек, Сыр өңірінде ұйымдастырылып жатқан қайырымдылық іс-шараларына Баян Егізбаева жетекшілік ететін «Жастар мәселелерінің орталығы» жастар қоғамдық бірлестігі де өз үлесін қосып келеді. Бұл жолы да қоғамдық бірлестік «Тұзкөл Мұнай Газ Оперейтинг» серіктестігімен бірлесе игі істі жүзеге асырды. Ең бастысы, «Әлеуметтік дүкеннен» көмек алатын аз қамтамасыз етілген отбасылар дән риза.

Ақтөре Ибрагимұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: