Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске қосуды ұсынды

28.10.2026, 11:32 138

Қазақстанда елді мекендерді газбен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағытында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Мемлекет басшысы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық өңірді қамтуы қажеттігін айтты. Оның сөзінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қомақты қаржы бөлініп, көптеген елді мекенге газ және таза ауыз су жеткізіледі.

Президент Үкіметке жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді тапсырды. Аталған тізімге еліміздің барлық аймағындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар енгізілуге тиіс.

— Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады. Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек. Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңа бастаманың тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар кәсіпкерлікті дамытуға және экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, ауқымды құрылыс жұмыстарына көптеген сала мамандары тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы отандық кәсіпорындарға да қосымша мүмкіндік бермек.

— «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін, – деді Президент.

Жолдауда жарияланған бастама аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылып, газ және ауыз су желілерін кеңейту жоспарланып отыр. Ал нақты қандай елді мекендерде құрылыс жүргізілетіні Үкімет әзірлейтін жобалар тізімі бекітілгеннен кейін белгілі болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: