Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Он айдағы оң өсім

29.11.2021, 12:32 247

Шиелінің ахуалы өзге аудандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.  Экономикасы бір жолға қойылған, кәсіпкерлігі кең өріс алып, өндірісі өркендеген һәм бәріне үлгі болардай-ақ. Бұдан өзге де сан саланың шаруасын құйындай үйіріп әкетіп отырған ауданның басшысы Н.Мақұлбеков БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Жыл соңына дейін атқарған шаруаларының нәтижесін жіпке тізгендей етіп баяндады. Алда азық-түлік сақтау қоймасын салу жоспарда тұр екен.  Әлеуметтік азық-түлік дүкендері де болашақта бой көтермек.

Шиеліде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыру алдыңғы орындағы жұмыстардың бірі екен. Мәселен, биыл 2289 адам мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде тіркелген. Оларға республикалық және жергілікті бюджеттен 40 млн теңге қаржы қаралып, 723 азаматқа гигиеналық құралдар, 55 кресло-арба, 102 тифлоқұрал, 27 сурдоқұрал, 259 протезді ортопедиялық құрал берілген.

Көмір тапшылығын бүкіл өңір сезініп отыр. Алайда шиеліліктер бұл мәселені де шешіп қойыпты. Аудандағы әлеуметтік сала бойынша алдағы жылу беру маусымына барлығы 8739 тонна қатты отын қажет болса, қазіргі таңда ол 100 пайызға шешімін тапты. Кәсіпкер қоймасында әлеуметтік нысандарға берілетін 550 тонна көмір сақталуда. Көмір тасымалдаушы ірі «ЖК Нұрманов» және «ЖК Жаңа тас» ірі мекемелермен көмір бағасын 15 мың теңгеден асырмау жөнінде меморандум жасалған.

Бөлшек сауданың көлемі 60 миллиард теңгеден асқан. Ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша 377 адам оқып, сертификаттарын алған. Жалпы мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауданнан құны 1 млрд 363 млн теңге болатын 500-ге тарта жоба қаржыландырылып, 565 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Инвестиция игілігі де іске асуда. Барлығы 44 жобаның тізімі жасақталып, оның 20-сы іске қосылған.

Аудандағы ауылшаруашылық саласында әзірге айтарлықтай мәселе жоқ. Жетекші егін, мал шаруашылығында биыл да мол өнім бар. Су тапшылығы, қуаңшылыққа қарамастан ауыл еңбеккерлері мол табысқа кенелді. Мұнымен қоса, 29200 тонна сабан, 49900 тонна жем дайындалған. Барлық елді мекендерде ерікті жастар, волонтерлар шөп ору жұмысына тартылды. Аудан көлеміндегі ішкі сұранысты қамтамасыз ету, жем бағасының негізсіз өсуін болдырмау үшін ынтымақтастық мақсатында аудандағы күрішті ақтайтын диірмен басшыларымен меморандум жасалды. Өздеріңізге белгілі, қуаңшылықтан қатты зардап шеккен Арал ауданына шиелілік шаруашылықтардың көмегімен 112 тонна шөп тегін жіберілген.

Ауданаралық маңызы бар автомобиль жолдарының 94 пайызы жақсы жағдайда. Биыл Жиделі арық елді мекеніне кіреберіс 2 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілсе, ауданның «Самара – Шымкент» жолына реконструкция жасалып, аталмыш жол 20-бекет тұсынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистраліне қосылды. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында төрт елді мекеннің 11 ауылішілік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына барлығы 186 млн теңге бөлініп, жолдар жөнделді.

Бүгінде аудан тұрғындарының 97 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Аудандық бюджеттен ауызсу құбыры жүргізілмеген Қосүйеңкі, Қызылқайың және Ақтам елді мекендерін ауызсумен қамту үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Оған 25 млн теңгеден аса қаржы бөлінбек. Енді алдағы 2022 жылы мәселе толықтай шешімін табады.

Аймағымыз бойынша теңдесі жоқ «Сауысқандық» шатқалы туралы атап өткім келеді. Шиелі ауданы, «Еңбекші» ауылдық округіне қарасты Қаратау жотасында 500 гектар жер аумақты таңбалы тас шатқалы алып жатыр. Бұл қазір мемлекеттің қорғауында, «ЮНЕСКО»-ның алдын ала тізіміне енгізілді. Осы ретте қайталанбас мұрамызды одан әрі сақтап, ұрпаққа жеткізу мақсатында арнайы жол картасын әзірлеп, бірқатар жобаларды жүзеге асырамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі Н.Мақұлбеков.

Аудан бойынша білім, спорт, мәдениет пен денсаулық саласы да алда. Он айдағы оң өсім осылайша өрілді. Шиеліліктер  «болашақта бағытты істерге батыл қадам баса береміз» деп сендіріп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: