Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нұрлыбек Нәлібаев: Құрылыста кірпіш әперетін жұмысшы таппай жатыр

21.10.2020, 16:00 1448

«Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз». Бұл – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбымен халыққа жолдаған Жолдауынан үзінді.

Расында өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру үшін соған сай әрекет ететін ортақ тұжырымның керегі анық. Алдымен қоғамның басты дерті болып тұрған сыбайлас жемқорлық мәселесін жою үшін атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Осы бағытта Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онда тиісті бөлімдердің сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңбұзушылықтарды болдырмау бағытында қабылданған шаралары туралы айтылды.

Сатып  алуда  сыбайластық  бар  ма?

Қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 айындағы қорытынды бойынша 10 млрд 830 млн 301 мың теңгеге 773 өтінім түсіп, конкурс жеңімпаздары анықталған. Оның ішінде пилоттық жобадан тыс орын алған эпидемиологиялық ахуалға байланысты жұмыспен қамту жол картасымен көзделген арнайы тәртіптегі конкурстарға орталықтандырылған түрде бірыңғай ұйымдастырушылармен жүзеге асырылған.

 – Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы 14 млрд 206 млн 421 мың теңгеге 59 конкурс өткізілді. Оның ішінде 4 млрд 730 млн 787 мың теңгенің 24 конкурсы жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында жүргізілді. Барлығы жыл басынан бері мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушыларымен 25 млрд 36 млн 721 мың теңгеге 832 конкурс мерзімінде өткізіліп, жеңімпаздары анықталды. …Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу нәтижесі бойынша ағымдағы жыл ішінде конкурстық комиссияның әрекетіне қатысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық деректері болған жоқ, – деп баяндады қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Мөлдір Тәуіпбаева.

Айта кетейік, бөлім тарапынан жүргізіліп отырған мониторинг нәтижесінде барлық бағдарлама әкімшілік мемлекеттік сатып алу жоспарына енгізілген конкурстар мерзімінде өткізілген. Өз кезегінде бөлім сала ерекшелігін ескере отырып, жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау айына бір рет, құқықтық оқытулар тоқсанына бір рет, жеке қабылдаулар кестеге сәйкес аптасына бір рет ұйымдастырылады.

Құрылыс  қатаң  бақыланады

Ал сыбайластықтың құрығына байланған саланың бірі ретінде құрылыс саласы жиі айтылады. Жиын барысында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы да мінберден көрініп, міндетін атқарды. Баяндамадан байқағанымыз, шаһар келбетіне көрік беретін көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы әлі де жалғасып, халық игілігіне табысталуда.

 – Тұрғын үйлер құрылысы бойынша ағымдағы жылы облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарын аяқтауға бөлінген 1 млрд 910 млн теңгеге сол жағалаудағы №3 тұрғын үй кварталында 14 көпқабатты кредиттік үйлер немесе 640 пәтер пайдалануға берілді. Республикалық бюджеттен 5 млрд 279 млн теңге қаржыға 12 көпқабатты немесе 680 пәтер болатын арендалық тұрғын үйлердің құрылыстары басталды. «СПМК-70» ауданындағы тұрғын үйлер кварталында 11 көпқабатты немесе 480 пәтерлік кредиттік тұрғын үйлер құрылысын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасымен сумен жабдықтау және су бұру бағдарламасымен бөлінген 951 млн теңге қаржыға төмендегі жұмыстар атқарылуда. Қызылорда қаласындағы қолданыстағы кәрізсорғы жүйелеріне (23 дана) қайта жаңғырту жұмыстары, 7 елді мекенде ауызсу тораптары салынуда. Жыл басынан бері бөлімге жеке және заңды тұлғалардан жалпы саны 136 өтініш тіркеліп, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі» Заң талаптарына сәйкес, мерзімінде орындалуда. …Бөлім тарапынан сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңбұзушылықтарды болдырмау бағытындағы жұмыстарға қатаң бақылау орнатылған, – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамұратов.

2020 жылы барлық қаржыландыру көздері арқылы 23 млрд 9 млн теңге қаражат қаралып, бірқатар жұмыстар жалғасын табуда.

Жекелеген  қылмыстар  өршіп  тұр

Комиссия отырысында қала аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстық ахуалды тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстар да тыңдалды.

 – Ағымдағы жылы қала көшелеріне 13 дана «Арқан» жылдамдық өлшеуіш қондырғылары орналастырылды. Есепті мерзімде қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақталды. Атап айтқанда, жалпы қылмыстық құқықбұзушылықтың тіркелуі есепті мерзімде 40 пайызға, яғни 1242 іске төмендеді. Жыл басынан тіркелген қылмыстың 40 пайызын – ұрлық, 20 пайызын алаяқтық қылмыстары құраса, қалғандары – өзге санаттағы қылмыстар. Есепті мерзімде тіркелген қылмыстың кезекші тәулікте ашылуы 57 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғарылады. Ашылмай, мерзімі үзілген қылмыстар 61 пайызға төмендеген. Қылмыстарға жасалған талдау қылмыстардың тіркелуі жылдан-жылға төмендеп отырғандығын көрсетуде, – деп мәлімдеді қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ермек Қасқырбайұлы.

Дегенмен, бұл салада қуанып тұрып, жұбана алмайтын жайттар көптеп кездеседі. Мәселен, кейбір қылмыстар азайғанмен, көбейіп жатқан түрлері де баршылық. Сондықтан болар қала әкімі қалалық полиция басқармасына қатысты арнайы тапсырмалар жүктеді.

 – Атқарып жатқан жұмыстарыңыздың барлығы да дұрыс, бірақ айтылу керек нәрселер бар. Жалпы қылмыстар санаты төмендегенімен, жекелеген қылмыстар өршіп тұр. Онда бұл көрсеткіштің не керегі бар? Кісі өлімі 25, отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 83,3, есірткі қылмысы 34,7, ауыр қылмыстар 80,6, аса ауыр қылмыстар 31, ұрлық 40 пайызға өсім алған. Одан қалды, вандализм мәселесі қайта ушығып жатыр. Осыдан он шақты жыл бұрын болған, одан кейін тыйылып, қайта сипат алып жатыр. Соның барлығы жұмыссыздықтың кесірі. Құрылыста кірпіш әперетін жұмысшы таппай жатыр. Мұнда жастар аллеяны сындырып-бүлдіруде. Жұмыс істеңдер, жұмыссыз жастарды жұмысқа тартыңдар. Қазір кафе-ресторандардың барлығы жабық, жұмыссыз жүргендер тым көп. Тым құрығанда, кірпіш әперуге жарайды, – деді қала әкімі Н.Нәлібаев комиссия отырысында.

Жиын соңында шаһар басшысы бөлім басшылары мен жауапты мамандарға отбасылық жанжалдарға тосқауыл қою, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық құқықбұзушылық сипатындағы әрекеттерді тыю, жастарға тәрбиелік мәні бар дүниелерді ұсыну, арнайы бейнероликтер дайындап, әлеуметтік желілерге жүктеу секілді бірқатар тапсырмалар берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: