Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мұхтар Шаханов атындағы қор» қоғамдық қоры ресми түрде тіркелді

04.11.2025, 16:35 1546

HALYQLINE.KZ

Жуырда белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Берік Ағыбаев қуанышты хабарымен бөлісті. Ол «Бүгін қуанышты жаңалығыммен бөліскім келеді, «Мұхтар Шаханов атындағы қор» қоғамдық қоры ресми түрде тіркелді! Мені осы қордың төрағасы етіп сайлады», ‑ деді.

Қазақ халқының танымал ақыны, өлеңдері әлемде көп ең көп тілде жарияланған Мұхтар Шахановты тірі аңыз десек болады. Оның өмірбаянын қайталап айтудың өзі артық – атқарған еңбегі халықтың жадында. Елі оның еңбегін елеп, 2022 жылы «Отан» орденімен және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттаған.

М.Шахановтың өмірлік жолы – күрескерлік жол. Дегенмен, осы жолда қазақ қоғамына жетіспей тұрған басты құндылық – Рух десе болады. Міне, осы Рухты қайраған, оны ұштаған ақындар арасында Мұхтар ақынның шоқтығы биік тұр. Сонау «Желтоқсан-1986» көтерілісінің құрбандарын іздеп, олардың өшпес рухын халқына жеткізу үшін де Мұхтар аға тынбай-талмай еңбектенді.

Өзінің өлеңдерінде қазіргі заман рухына жат, бірақ, қоғамда қылаң берген келеңсіз қылықтарды аяусыз сынады…

Жастарды жағымпаздықтан аулақ болуға, асқақ мінезді болуға шақырды…

Ұлттық рухты тұлғалық деңгейде көру керектігін шаршамай айтумен болды – замана шындығын іздеді…

Міне, енді, Мұхтар аға сексеннен асқан шағында өз атына ашылған Қоғамдық Қордың  ресми тіркелгеніне куә болып отыр… Бұл да кімге болса да бұйыра бермейтін Құрмет!

«Мұхтар Шаханов – тірі аңыз. Рухы биік, сөзі от, жүрегі елі үшін соққан тұлға. Бүгінгі қазақ қоғамына жетіспей тұрған басты құндылық – рух. Біз көп жетістікке жеттік, бірақ рухани тұрғыда әлсіреп барамыз. Шахановтай шындықты тайсалмай айтып, ел үшін күйіп-жанатын тұлғалар азайды. Шахановтың кей сөздері қатал көрінгенімен, уақыт өте келе бәріміз түсіндік: ол елін ұйқысынан оятуды көздеді.

Мұхтар Шаханов ағамыздың жанында 18 жылдан бері жүрген шәкіртімін, осындай ұлы тұлғадан адал қызмет етудің, арды сатпай, шындық пен әділдік жолында күресудің мәнін үйрендім. Шаханов мектебі – менің рухани ұстаханам. Бүгін сүйінші жаңалығымызды Сіздермен бөліскім келеді: «Мұхтар Шаханов атындағы қор» Қоғамдық Қоры ресми түрде тіркелді!

Мені осы қордың төрағасы ретінде Мұхтар ағаның өзі батасын беріп, жары Ханшайым апа мен келіні Жаңагүлдің қолдауымен, үлкен сенім артып сайлағанының өзі бір мәртебе болды. Бұл – осы кісілердің алдындағы зор сенім әрі үлкен жауапкершілік. Сенім білдірген баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын!

Бұл қор жай ғана ұйым емес, ол әділдік пен ар-ожданның, рух пен намыстың, шындық пен ұлтқа адалдықтың ұясы болмақ.

Басты мақсатымыз – Мұхтар ағамыздың күрескер рухын өшірмей, келер ұрпаққа жеткізу; елін сүйетін, намысы биік, әділдік пен шындық үшін күресетін жаңа буынды тәрбиелеу. Қазір қоғамда мейірім, әділдік, ұят, намыс, рух сияқты ұғымдар екінші қатарға ысырылып барады. Шаханов мектебі осы құндылықтарды қайта жаңғыртудың бастауы болады деп сенеміз! Бұл жол – ортақ жол. Бірігіп, ел рухын бірге көтерейік. Шаханов рухы – қазақ рухы. Ол мәңгі жасасын!

Қадірлі Мұхтар аға, Сіздің сөзіңіз – ұлттың айнасы, рухтың үні. Біз – сол үнді жалғастыратын ұрпақпыз.

Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз!

Қазақ рухы мәңгі биік болсын!

Қоғамдық қорды ашу кезінде Мұхтар ағамыздың жан жары Ханшайым Шаханова және келіні Жаңагүл Өмірбековамен ақылдаса отырып, қордың ашылу жолында табанды еңбек еттік және осы ортақ мүдде аясында бірлесе жұмыс істеуге кірісеміз! Алла қолдасын!, — деді қор төрағасы Берік Ағыбаев.

Бұл Қор болашақта М.Шахановтың мұрасы Шындық пен Әділдік мектебіне айналуына сөзсіз ықпал ететін болады!

Қорды басқаруды мойнына алған жас саясаткер Берік Ағыбаевқа бұл үлкен жауапкершілікті міндеттейді. Берік те осы үдеден шығады деп сенім білдіре отырып, Қорды ресми тіркеуден өтіп, ашылуымен құттықтаймыз!

Мұхтар Шаханов атындағы Қоғамдық Қор ел игілігіне, ел руханиятына өлшеусіз қызмет етеді деп сенім білдіреміз!

Пікірлер:
  • қазақ халқы ушін өлшеусіз еңбек еткен Мухтар Жахан ушін хорда зерттеу инистиотта қурылыуы керек

Добавить комментарий для ақнар Айбек Отменить ответ

Тағы да оқыңыз: