Кеше Шиеліде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты жалпыхалықтық акциясы өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шиелі ауданы – тарихы терең, тағылымы мол өлке. Ауданда мемлекеттік қорғауға алынған 42 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде 3-еуі +— республикалық, 37-еуі – жергілікті маңызы бар ескерткіш, ал 2 нысан алдын ала есепке алынған тарихи мәдени мұра объектісі саналады.
Олардың ең көнелерінің бірі – Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер, бұл – біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтан сыр шертетін құнды мұра. Ал Оқшы ата кесенесі – ел тарихының алтын арқауы. Мұнда Оқшы ата, Асан ата, Есабыз әулие, Ғайып ата, Бала би, Досбол би, Қыш ата секілді ұлы тұлғалар мәңгілік тыныс тапқан.
Осындай қасиетті орындардың қадір-қасиетін арттыру мақсатында киелі орындар мен көпшілік зират ететін барлық аумақтарға көркейту-көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ағаш отырғызу, қоршауларды ретке келтіру, жолдарды тазалау және жөндеу секілді жұмыстар да жүргізілді.
Сауабы мол игі іс-шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және жастар белсене қатысты.
Президентіміз «Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге, бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады» деп, жалпыұлттық бағдарлама айналған бастаманың мәнін ашып берді.
Киелі орындарды зират етудің бұрыннан қалыптасқан ережелері бар. Оның ең негізгісі тазалықпен байланысты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген даналық өткенге құрмет көрсетудің маңызын ұғындырады.
Акция аясында аудандағы қасиетті орындар мен зираттардың аумағын тазалау жұмыстарына екі мыңнан аса аудан тұрғыны белсенді қатысты.
Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!