Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік тілде іс жүргізудің үлесі басым

12.05.2020, 10:10 864

Ел Тәуелсіздігінің, ұлт дербестігінің негізгі нышандарынын бірі –тілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы әрі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен? Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретінде мәдени тұтастығына ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» деп, ұлттың ең басты құндылығы – тілі екендігін айрықша атап көрсеткен. 

1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, Тіл туралы заңдар Конституцияға негізделеді, осы заңнан тілдерді қолдануға және дамытуға қатысты өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.Сот саласында біркелкі сот практикасын қалыптастыру және сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы қабылданған.

Қазіргі уақытта еліміздің сот жүйесі мемлекеттік тілде іс жүргізуге толықтай көшкенін айта кеткен жөн. Ісқағаздары қазақ тілінде толтырылып, сот процестері мемлекеттік тілде өткізіледі. Мәселен, 2020 жылдың 3 айында Байқоңыр қалалық сотындағы ішкі құжаттардың жалпы саны 58-ді құрады. Оның ішінде мемлекеттік тілде 57 құжат. Яғни, ішкі құжаттардың 98,28 пайызы мемлекеттік тілде.

Сонымен қатар, кіріс құжаттардың жалпы саны 1128-ді құрады. Оның ішінде мемлекеттік тілде 748 құжат. Бұл жалпы кіріс құжат айналымының 66,31 пайызы мемлекеттік тілде екенін көрсетіп отыр.

Байқоңыр қалалық сотында 2020 жылдың 3 айында шығыс құжаттарының жалпы саны 1173-ті құрады. Оның ішінде 849 құжат мемлекеттік тілде дайындалған. Яғни, жалпы шығыс құжат айналымының 72,38 пайызы мемлекеттік тілде жүргізілген.

Одан бөлек, аталған мерзімде Байқоңыр қалалық сотына азаматтық істер бойынша 5 іс және 267 арыз келіп түскен. Оның ішінде 4 іс және 97 арыз мемлекеттік тілде дайындалған. Қылмыстық істер бойынша есепті кезеңде жалпы саны 15 іс түскен. Оның 8-і – мемлекеттік тілде. Әкімшілік істер бойынша есепті кезеңде жалпы саны 14 іс келіп түссе, оның 12-сі мемлекеттік тілде дайындалған.

Мемлекеттік тіл мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу мен іс қағаздарын жүргізу тілі, ол мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылады. Мемлекеттік жергілікті атқарушы және өкілді органдар тілдің дамуы үшін барлық жағдайларды туғызуға міндетті.

Мемлекет құжаттардың қазақ тіліне көшіп, мемлекеттік қызметшілердің ана тілінде сөйлеуі – тіл саясатын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан ауқымды шаралар. Қазіргі уақытта еліміздің әр облысында тіл орталықтары құрылған. Солардың көмегімен біз елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жандандыру керектігін ұдайы есте ұстаған жөн.

Нұргүл НҰРБАЙҚЫЗЫ,

Байқоңыр қалалық сотының жетекші маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: