Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кепілгер болып, кемсеңдеп қалмаңыз…

03.12.2020, 13:00 629 0

Н.Қазиқызының  коллажы

«Несиеге жеген еттің ішек жыртатынын» білсе де, банк алдында қарыздануға құмар халық көп. Жетіскеннен емес әрине, жетіспегеннен. Бүгінде әр қазақстандықтың банк алдындағы орташа берешегі 470 мың теңгеден асқан. Бұл – соңғы бес жылда 180 мың теңгеге өскен факт. Статистика сандарының бұлай «сайрамасқа» тағы амалы жоқ. Өйт­кені тұрақты басатын табалдырығы жоқ, пәтерден-пәтерге көшіп жүргені де, бір басын­да бірнеше жылжымайтын мүлкі бары да банктің алдына келгенде дәрменсіз күйде. ҚР Ұлттық банкінің ресми статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін банктердің құрылысқа және тұрғын үй сатып алуға (ипотекалық кредиттеу) ұлттық валютада берген несиесі 710 млрд 153 млн теңгені құраса, халыққа берген ипотекалық несие­н­ің көлемі 19 трлн 342 млрд 775 млн теңгеге жеткен. Бұл – тек небәрі он айда халықтың баспана үшін алған несиесінің көрсеткіші, жыл соңына дейін тағы қосылады. Одан бөлек, қарапайым жұрттың тұтынушылық несиесі мен қаржылық ұйымдарға қарызын қосыңыз. Күнделікті ішіп-жейтіні мен киер киімін, дәрі-дәрмегін де «қызылды-жасылды» несие карталарымен алып жүргендер жетерлік. Және біздің қазақстандық банктер­дің несиелік пайызы қымбат екені тағы белгілі. Сонда да халық адал еңбегімен тапқан нәпақасын күнкөріске жарата алмай отыр. Сондықтан экономикалық белсенді халық санына бөлгенде ел тұрғындарының банктер  мен  шағын қаржылық ұйымдарға 4  триллион 400 миллиард теңге берешегі бар. Ал оны төлеу мен төлетудің әдісі туралы­ әңгіме тым бөлек. Ал біз бұл санда кепілгер­лік және оның мәселелері туралы талдау жасаймыз.

*    Банк тарапынан қоңырау шалып, танысыңызға іздеу салды ма?

*   Несие тарихыңыз дұрыс болса да, сізге банк қаражат беруден бас тартты ма?

*    Танысыңыздың ипотекалық үйіне немесе көлігіне кепілгер болуға рұқсат бердіңіз бе?

*   Несие алушы кім? Кепілгер кім? Сіз екеуін ажырата аласыз ба?

ТҮГЕНШЕЕВТІ   ТАНИСЫЗ   БА?

Жұмыс уақыты. Несиеге алған телефоным безілдеп қоя берді. Бейтаныс нөмір. Әдетте банк алдында берешегі бар адам таныс емес нөмірдің барлығын банк қызметкері деп қабылдайды. Жауап беру тетігін бастым. Қателеспеппін. Банкте­н хабарласып, маған өте тиімді пайызбен, ең жоғары сомадағы  несие  алуға  болатынын айт­ты.­  Бас   тарттым.

Осындай шалынған қоңырау біреудің жолын ашса, келесі адамның тұрақты табысын кемітіп, несие тарихын бұзуына соқтыруда. Ал несие­ тарихы «қара тізімге» енсе, банктен алдағы уақытта қаржылай несие немесе ипотекалық несие алуға жолы жабылатыны анық. Одан қалды, «Пәленше Түгеншеев сіздің кіміңіз болады? «…» банктен алған несиесін қайтарсын деп айта саласыз ба?» деп қоңыраулататын банк қызметкерлері талайдың есінде­. Бәлкім, біріңіз жауап беріп, біріңіз жауап бермеген боларсыз.

Айзат  МҰСАҒҰЛОВА,  заңгер:

– Жалпы, бұл жағдай кез келген кредит алушының басында бар. Тауар­ түрінде немесе ақшалай несие­ аларда тұтынушыға екі-үш адамның байланысын тастауды сұрайды. Қосымша хабарласу тетігі ретінде. Алайда бұл жерде басты айып негізгі қарызданушыға келіп тіреледі. Өйткені ол танысының не жақынының рұқсатынсыз олардың жеке  нөмірін қалдырып тұр. Сондықтан қай жерде болмасын, біреу­дің жекесіне тиесілі кез келген затты­  немесе  байланыс  деректерін біреуге бермес бұрын иесінен рұқсат сұрау – өте маңызды.

Маңыздысы, біріншіден, ол менеджердің қандай заңға сүйеніп сізге өтініш айтып тұрғанын ойлау. Екіншіден, сіздің жеке нөміріңіз бен аты-жөніңізді өз келісіміңізсіз жақын­ танысыңыздың не жамағатыңыздың банк қызметкеріне беруін­де. Үшіншіден, егер несие алушы қарызын төлеу мерзімін кешік­тірсе, төлей алмаса, онда сенімді тұлға ретінде қалдырған адамдарынан да маза кетеді. Кезек­-кезек қоңырау шалу, Пәленше Түгеншеевті  іздеу…

КЕПІЛГЕР   мен  ҚАРЫЗГЕРДІҢ   ЖАНЫ   БІР…

Қазақ «кемедегінің жаны бір» дейтін. Қазіргі банк тұтынушыларының теңізі – банк, кемесі – несие, ескегі – несие тарихы. Олай деуімізге себеп жоқ емес. Халықтың 70-80 пайызының қолында мил­лион теңге жоқ. Оған дәлел, ҚР Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәлі­меттері. Яғни, 2021 жылы алдын ала есептеу бойынша 30 жастағы азаматтың 2 млн 518 мың теңге, 35 жастағы азамат үшін – 2 млн  961 мың теңге, 40 жастағы азамат үшін – 3 млн 437 мың, 45 жастағы азамат үшін – 3 млн 947 мың,   50 жас­тағы азамат үшін – 4 млн  495 мың, 55 жастағы азамат үшін – 5 млн 84 мың, 59 жастан ас­қан азамат үшін 5 млн 586 мың теңге­ қаражат зейнетақы шотында болса, ол азаматтар шоттағы­ ақшасының жартысын  үй алу, емделу және қар­жы ұйымдарының басқаруына беріп пайдалана алады. Біздің еліміз­де мұндай салым­шы 700 мыңды ғана құрап отыр. Жиған-тергені мен тапқан-таян­ғаны күнделікті күнкөрісі­нен артылм­айтын халық тобы үшін ең ыңғайлысы – кредит алып күн кешу. Осыдан келіп, халықтың сапалы­ өмір сүруі, кедей­шілікті жою, жемқорлық­қа жол жоқтығын айтып, көлгірсиміз, бірақ  нәтиже  жоқ.

Айтпақшы, танысына несие әперіп, оны өзі төлеп жүргендер неме­се керісінше, жақындарын банкке заңды түрде қарыз алушы ретінде тіркеп, ол белшеден келетін қарызды не өзі, не танысы төлемей, банктің көшесінен айналып өтіп жүргендер де баршылық. Бұл – та­ныс­ жайттың бір түрі. Екінші түрі – өзгенің қарызына «өзім жауап бере­мін» деген кепілгер адамдардың өздері қажет кезде банктен көк тиын ала алмай жүр. Миллиондаған соманы бас қатырмай қалтаға салып­ алып, несие тарихының іс­қағазын «қара жіппен тіктіргендер­дің» өзі – бір хикая.

Досбол  АРЫСТАНБЕКОВ,

«Halyk bank» АҚ-ның баспасөз қызметкері:

– Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 21 жасқа толған кез келген азаматы банктерден кредит ресімдей алады. Кредит алу үшін басты­ шарт – ресми түрде жұмыс істеу. Дегенмен, табысын растаған жағдайдың өзінде клиент қомақты сома немесе ипотека, автокредит ресімдеу кезінде табысы жеткіліксіз болып жатады. Дәл осындай жағ­дайда кредит алу үшін банк қосымша кепілгер іздеуді талап етеді. Бұл жағдайда кез келген адам кепілгер бола алады. Яғни, ол кредит алушының жақын танысы, туысы болуы мүмкін. Кепілгерді тапқан күннің өзінде оның да ресми табысы және кредиттік тарихының дұрыс болуы шарт. Банкпен келісімшартқа отырғанн­ан кейін кепілгерге дәл кредит  алушының міндеті жүктеледі. Яғни, алдағы уақытта негізгі қарыз алушы кредитін өтей алмаған жағдайда, онда келісімшартта көрсетілген  кепілгерден  банк қарыз соманы өндіреді. Сол себепті кепілгер болу, бұл өз атыңызға кредит­ алғанмен тең жауапкершілік екенін ұмытпау қажет. Ал егер тіпті кепілгер болуға шешім қабылда­саңыз, онда кредиттің пайыздық мөлшерлемесін, төлем кестесі мен сомасын, тұрақсыздық айыбы сын­ды­ басты шарттарымен танысып шығыңыз. Келісімшартты мұқият оқыңыз. Егер шарттармен толықтай келіссеңіз және ай сайынғы соманы алдағы уақытта негізгі қарызгер береш­егін төлемеген жағдайда өзіңіз төлеуге қаржылық жағдайыңыз жете ме, соны есепке алыңыз. Тағы  бір  ескеретін  жағдай, егер сіз кепілгер болсаңыз, онда алдағы уақытта  өз  атыңызға қомақты несие­  алу мүмкіндігі көп жағдайда шек­теледі. Банк сіздің өзге кредит бойынша кепілгер екеніңізді білген соң, тәуекелге бармай несие ресімдеу­ден бас тартады. Онымен қоса, негізгі қарыз алушы да, кепілгер де несие мерзімін кешіктірсе, онда екі тараптың да несие тарихына әсер етеді.

КЕПІЛГЕР  ДЕГЕН  КІМ  ЖӘНЕ  ЖАУАПКЕРШІЛІГІ  ҚАНДАЙ?

Адамға ең әуелі жан қайғы. Бұрынғылар амандасқанда «мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын. Қазір шыны керек, «кредитіңді уақытылы төлеп жатырсың ба?» деп сұрайды. Өтірік деп көріңіз. Әрине, рас. Өйткені әр қазақтың бас қайғысы баспана болған заманда­ төрт қабырғаны да банк арқылы қарызға алып отырғандар жетіп артылады, кезекте тұрғаны қаншама?!

Жыл сайын тұрғын үй бағдарламалары көбеюде. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25», «Шаңырақ», «Әскери өнім», «Баспана», «Өз үйім», тағысын тағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың баспаналы болуына мүмкіндік беріп отыр. Бірақ, бастапқы жарна 10-20 пайыз аралығында толық­тырылуы керек. Әрі қарай­ғы өзіндік заңды қадамдарымен құжат ресімделеді. Егер салымшының немесе несие алушының ресми айлық табысы жетпесе, қосалқы салымшы тартуына тура келеді. Яғни, кепілгер. Осы тұста кепілгердің кім екеніне тоқтала кетсек.

Кепіл етуші тұлға туралы ҚР Азаматтық Кодексінің «Кепілдік және кепіл болушылық» тарауында тайға таңба басқандай жазылған. Нақтылай түссек, дәл осы кодекс­тің 330-бабында «Кепiл болушы­лық бойынша кепiл болушы басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап­ беруге мiндеттенедi» делінген. Ал кепілдік беруші мен кепіл болушының жауапкершілігі қандай? Сала маманының сөзіне кезе­к  берейік.

Айзат  МҰСАҒҰЛОВА,

заңгер:

– ҚР Азаматтық Кодексінің 332-бабында «Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер шартта өзгеше белгi­ленбесе, тек заңды талапты ғана қамтамасыз етедi. Кепiлдiк берушi мен кепiл болушы, егер олар әрекет қабiлетсiздiгi туралы өздерiне күнi бұрын белгiлi болған борышқорға кепiл болса, ал несие берушi бұл мән-жайды бiлмесе, жауапкер­шiлiктен босатылмайды. Екіншіден, кепiлдiк берушi несие берушi алдында, егер кепiлдiк шартын­да өзгеше белгiленбесе, борыш­қор сияқты айыпақы, сыйақы (мүдде) төлеудi қоса алғанда, борышты өндiрiп алу жөнiндегi сот шығындарын және борышқордың мiндетте­менi орындамауы немес­е тиiсiнше орындамауы салдарынан туындаған несие берушi­нiң басқа да зияндарын төлеуде тап сондай көлемде жауап бередi. Үшіншіден, кепiл болу­шы несие берушi алдында, егер кепiл болушылық шарттарында өзгеше көз­делмесе, кепiл болушылықта көр­сетiлген сома шегiн­де жауапты бола­ды. Қосалқы жа­уапкершiлiктi мойнына алған кепiл болушыға талапт­ар қойылғанға дейiн несие берушi бұл талапты борышқор қанағаттандыратындай, атап айтқанда, қарсы талапты есепке алу және белгiленген тәр­тiп бойынша борышқордың мүлкi­нен ақы өндiрiп алу арқылы ақылға қонымды шаралар қолдануға тиiс» делінген. Демек, қарыз алушы мен кепіл­гер кредит бойынша төлемесе, онда банк талап арызбен сотқа жүгінуге және олардан сот тәртібі­мен берешекті өндіріп алуға құқы­лы. Банктің борышты өндіріп алу жөніндегі барлық іс-әрекеті қарыз алушыға да, кепілгерге де бірдей қолданылады  деген  сөз.

КЕПІЛДІК  ЕТКЕН  НЕСИЕСІН  ТӨЛЕП  ЖҮРГЕНДЕР  ДЕ  БАР

Екінші деңгейлі банк арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тұрақты түрде қаржы құйсаңыз, баспана­лы болуға жол ашылады. Ипотека­лық тұрғын үйлердің дені осы банк арқылы жүзеге асыры­лады. Баспанаға қол жеткізу қадамдарының бірінде де осы кепілгер немес­е қосалқы салымшы тарту мәселесі алдыңыздан шығады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жеке тұлғаның кепілдігімен тұрғын үй  сатып  алуға, үйге жөндеу жұ­мыстарын жүргізуге, жер телімін сатып­  алуға  несие  береді.

Айжан  АРАЛБАЙҚЫЗЫ,

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»   АҚ-ның Қызылорда облы­сы­ бойынша  филиалы бизнесті  дамыт­у  бөлімінің  бастығы:

– Егер салымшы несие алатын болып, бірақ айлық табысы ай сайын­  төлейтін несиенің сомасына жетпесе, онда кез келген бір немесе­ екі қосалқы заемшы тартуға  мүмкіндігі бар. Бұл жерде тағы айта кетерлігі, несие бойынша тек Қазақстан Республикасының 18-65 жас аралығындағы тұрақты табысы бар азаматтары ғана кепілгер атана алады. Егер бір адамның табысы жетсе, онда бір ғана адамды тіркей алады. Ал кепілгер (гарант) болатын болса, қарыз алушының ай сайын төлей­тін ақысының төленуіне толықтай жауапты. Мәселен, қарыз алушы 70 мың теңге несие төлеу керек болса, оның табыс шығындарын шегергенде кепілгердің де айлығынан тура осындай 70 мың теңге қалу керек. Егер оның табысы жетпес­е, басқа адам гарант болуға тиіс. Яғни, қосалқы заемшыда жетпей­ тұрған сомасына адам тарт­са, гарант болған адамға несие­ алушымен бірдей талап қойы­лады. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады, сол себепті осындай шартпен банк алдындағы борышын өтеп жатқан қосалқы салым­шы да, кепілгер де бар. Негізгі қарыз алушы төлей алмаған жағдайда осы екі тұлға арқылы несие­  төлетуге  негіз  бар.

ШАРИҒАТ  НЕ  ДЕЙДІ?

Ал шариғатта қарыз алу да, беру де күнәға баланады. Несие туралы экономикалық, заңдық, әлеуметтік мәселелерге тоқталдық. Енді шариғат заңдылығына көз  жүгіртейік.

Жеңіс  ӘБИБУЛЛАҰЛЫ,

ҚМДБ-ның «Шариғат және пәтуа» бөлімінің Қызылорда об­лысындағы  өкілі:

– Шариғатымызда несие алу және несие беруге қатаң тыйым салы­нғаны мәлім, әрине өте қатты мұқтаждық болмаса. Өкінішке қарай, бүгінгі күнгі мұқтаждық шариғат­ айтып отырғандай мұқтаждық емес, «ұят болады» деген мұқ­таждық болып отыр. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарға бір заман­ келеді, сонда кісі малын халалд­ан әлде харамнан алғанына еш мән бермейтін болады» – дегенінің­ куәсі болып отырмыз. Әрине, шариғатымызда тыйым салын­ған нәрсеге ортақтасу, оған қолқаласу, себепші болу, серіктес болу, тіпті  кепілгер  болудың  өзі сол күнәлі іске ортақтасу болып табы­лады. Шариғатымыз күнәлі іске емес, сауапты істерге кепілгер болуға­  шақырады. Мұндай жағдайда бір айта кетеріміз, Құранда Алла тағала­ «Талақ» сүресінің 2-аятында: «…Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. Оған Алла ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда ол оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында Алла әр нәрсеге бір өлшеу қойған» делінген. Сондықтан барлық нәрсе бір Аллан­ың қолында. Ризықты беруші Алла болғаннан кейін, күнә жасап, ризығымызды керісінше тарылтып алмауымыз керек. Шынайы түрде сол нәрседен қорқатын болсақ, Алла өзі тығырықтан шығар жол береді. Тек сауапты, жақсы істерге ғана кепілгер­  болайық.

НЕСИЕ  ДЕ,  МҮЛІК  ТЕ   СІЗГЕ   БҰЙЫРМАЙДЫ

Рас, өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Біреудің несиесін келісіммен төлеген бір басқа, түрлі әдіспен қақпанына түсіретін алаяқтардың құрбаны болып жүргендер де баршылық арамызда. Пенде түзу жүрем дегенмен бұралаң жол оны жаңылыстырмай қоймайды. Кім біледі, мүмкін сіз де алдағы уақытта жақын-жуы­ғыңызға кепілгер болып қаларсыз. Сондайда нені есте сақтау керек­, қандай жауапкершілік жүктейсіз, басатын қадамыңыз қандай  болмақ?

Ең біріншіден, кез келген адам кепілгер бола алады дегенмен, қазіргі заманда етене таныс емес адамға кепіл болудың өзі қорқынышты. Мұнымен келісесіздер деп ойлаймын. Егер сізге банктік қарыз бойынша кепілгер болуды ұсынса, алдымен логикаға салып, жауапкершілікті сезініңіз. Өйткені сіз қарызгермен бірдей міндетті мойныңызға «жүктеп» тұрған үшінші тұлғасыз. Қандай да бір жағдайларға  байланысты  несиені сіз төлеген жағдайда да ешқандай несиеге де, мүлікке де ие бола алмайсыз­. Өйткені сіз тек кепіл болуш­ы ғанасыз. Жай ғана өз табысы­ңыздың белгілі бір бөлігін біреудің банк алдындағы борышын өтеумен шектелесіз. Сондықтан ең бастысы, қаржылық сауаттылықты арттыру. Сақ болайық, сақтанайық, ойланайық!

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: