Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Карантиннің кесірі…

30.04.2020, 11:27 693

Төтенше жағдай жарияланғалы 1,5 айдан асты. Төрт қабырғада жата-жата жалыққан жұрт әлсін-әлсін әлеуметтік желіде жазба қалдырып, ой бөлісуде. Кейбірі осы уақытты құр жібермей кітап оқып, рухани  жаңғырып жатқан көрінеді. Дегенмен,  бес саусақ бірдей емес. Ел болған соң есерсоқтар да кездеседі. Біз төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзған қазақстандықтар туралы­ айтпақпыз. Яғни, жария­ланған ескертулерді елемей, тәртіп бұзғандар.

Қарапайым жұрттан бұрын төтенше жағдай режимін Қызыл­ордада алғашқылардың бірі боп ауыл әкімі бұзды. Естеріңізде болса, шиелілік шенеунік карантин кезінде ауылында той өткізуге жол берген. Одан қалды сол тойдың басы-қасында өзі жүріпті. Кейіннен ол қызметінен  босатылды.

Ал Павлодар қаласында балконда кәуап пісірген азамат жазаға тартыл­ды. Тұрғын бұл іс-әрекетін телефонға түсіріп, әлеуметтік желіде­ жүктеген. Құзырлы орган қызметкерлері желіккен жігітті дер кезінде анықтап, қолға түсірді. Балконда от жағып, кәуап пісіргені – өрт қауіпсіздігі ережелеріне қайшы келіп, басқа тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері кебаб ұнататын адамды ҚР ӘҚБтК 410-бабы (өрт қа­уіпсіздігі талап­тарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін) бойынша әкімшілік  жауап­қа  тартты.

Карантин кезінде Тараздағы сұлулық салон­ының қызметкері төтенше жағдай режимін бұз­ған. 25 жастағы шаштараз төтенше жағдай режиміне қарамастан, жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркіменстандық бес азаматтың шашын қыс­қартып беріпті. «Аталған құқық­бұзушылықты полиция қызмет­керлері жаяу патрульдеу кезінде анықтады. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін шаштараздың иесіне, шеберге және бес азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Қызмет көрсету кезінде шебер мен тұтынушы арасында жақын және ұзаққа созылатын байланыстың болуын­а байланысты карантин кезінд­е мұндай кәсіпорындардың қызметіне  қатаң  тыйым  салынады» деп  жазды  polisia.kz.

Ескертуді елемегендер қатарында ақтөбеліктер де бар. Ресми ор­ганның мәліметіне сенсек, төтенше жағдай режимін бұзған бес ер адам ұсталды. Коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын жүр­гізу барысында полицейлер қала моншаларының бірінде облыс орталығының 5 тұрғынын анықтаған. Режим бұзған адамдар деструктивті діни ағымның жақтаушылары болып­ шықты. Монша иесіне және бес клиентке  ӘҚБтК-нің 476-бабы (төтенше жағдай режимін бұзу) бойын­ша әкімшілік хаттама толтырылды. Мамандандырылған әкім­шілік соттың үкімімен монша иесі мен клиенттер әкімшілік жазаға тартылды.­

Жазаға тартылғандардың арасында танымал әншілер де бар. Алматыда­ белгілі әнші Ернар Айдар карантин режимін бұзғаны үшін ұсталды. Әнші және тағы 12 адам бір бөлмеге жиналып, ұтыс ойынын өткізген. Ең қызығы, ұтысқа ойнатпақ болған 4 автокөлік те бір күнге жалға  алынған  боп  шықты.

– Ұстауды экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері жүргізді. Негізгі өндіріс – осы бөлімшеде. Поли­ция, өзінің юрисдикциясына сәйкес, бұл жағдайда қамауға алынған адамдарға карантин режимін бұзғаны үшін шаралар қолдануға құзырлы. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына  сәйкес  әкімшілік хаттамалар толтырылды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған аудан­аралық  әкімшілік  сотына   жіберіл­ді, – деді Медеу аудандық Полиция басқа­рмасының басшысы Болат Тотыбаев.­

Айтпақшы, төтенше жағдай кезінд­е елімізде қылмыс саны әжептәуір азайыпты. Ұсталғандардың дені – ескертуді  елемегендер.

Естеріңізге сала кетейік, 11 мамырда жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталады. Десе де, президент сақтық шараларын сақтауды тапсырды.

Құқық-ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: