Ғылым және жоғары білім министрі бұл туралы Мәжілістегі баспасөз мәслихатында айтқан.
«Кәсіби мереке күні жұмыстан босатылдық» деген Ай мен планеталар физикасы зертханасының қызметкерлеріне қатысты шуды Саясат Нұрбек былайша түсіндірді.
– В.Г.Фесенков атындағы институт негізі Цифрлық даму министрлігінің құзыретінде. Бірақ ғылым саясатын біздің министрлік айқындайтын болғандықтан, мекеме мамандарымен сөйлесіп, уәжін тыңдадық. Біріншіден, зертхана жабылмайды. Сондай ақпарат тараған еді. Сол Фесенков атындағы институт жанынан 1974 жылы ашылған бір зертхана бар. Сол институттың басшысы биыл 93-ке толады. Ең жас деген ғылыми қызметкер 76 жаста, – деді министр.
Саясат Нұрбектің сөзінше, аталған зертхананың жұмысы көңіл көншітпейді. Ғылыми басылымға мақала жарияламаған, гранттық жобалардан құлаумен болған.
– Гранттық жобаларға үш рет құжат тапсырып, өте алмаған. 2018 жылдан бері бір де бір ғылыми басылымға мақала шығармаған. Біздің де нысаналық бағдарламаларға қатыспаған. Сондықтан, дұрыс түсінулеріңізді өтінеміз. Әсіресе, ғылым саласында жастарға да жол беруіміз керек. Қазір елдегі ғалымдардың ішіндегі жастардың үлесі 46 пайызға жетіп отыр, – деп нақтылай түсті С.Нұрбек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!