Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ФРИГАНДАР: қоқыс айналасындағы зиялы қауым

30.01.2020, 7:56 2820

Көшеден қоқыс жәшігін аралаған адам көрсеңіз, оны бірден үйсіз-күйсіз немесе тұрағы жоқ босқынның бірі деп ойлап қалмаңыз. Ол күнделікті нәпақасын қоқыстардан табады. Оның өмір сүру «стилі» солай. Қоғам мұндай адамдарды фригандар деп атайды. Біз күнделікті пайдаланған азық-түлігіміздің қалдығын сұрыптамастан тастай саламыз. Ал олар қоқыстағы кәдімгі тағам қалдығын кәделеріне жаратады. Фриганизм дамыған елдерде кең таралған. Қазақстанның тек ірі мегаполистерінде ғана кездеседі. Тамаққа артық ақша жұмсамай, өмір  сүрудің  өзгеше  түрін  таңдағандар  бұл  жолға  қалай  түседі?

ОЛ   КІМ?

«Freegan» термині шамамен 90-жылдары пайда болды. Бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда «free» – еркін, «vegan» – вегетариан сөзінің қысқартылған баламасы. Бұл сөздің авторы – «Against Me» рок-тобының әншісі Уоррен Уокс. Ол 1999 жылы «Неліктен фриган» памфлетін жазып шыққан. Фриганизм әсіресе АҚШ пен Еуропа елдерінде кеңінен тараған. Америкадағы фриганизмнің жақ­таушысы Адам Вайсман арнайы www.freegan.info сайтын ашып, осында фригандар туралы мәліметтер енгізге­н. Вайсманның ойынша, дүние­жүзі халқы тағамды үнеммен, ысырапсыз, қалдықсыз тұтынуы керек­. «Фригандар» күнделікті экономикалық-қаржылық шығындардан бас тартып, адамзатқа күнделікті қажет ресурстарды үнемдеуге шақырады. Өмір сүру принциптеріне сәйкес «фригандықтар» күнделікті тұрмыстық нәпақасын қоқыс жәшіктеріндегі азық-түліктерден айырады. Қара­пайым ғана мысал, көпшілік тамақтанатын орындар мен мейрамханаларда тәулік сайын өте көп мөлшерде азық-түлік өнімдерінің қалдықтары шығарыл­ады. Қоқыстың айналасынан табылатын фригандар солардың арасынан жеуге жарамды тағамдарды тауып жейді. Кейінгі кезде әлемнің әр елінде статистикалық зерттеулер жүргізіп жүрген «фригандар» АҚШ-та бір адамның  тұтынатын азық-түлі­гінің 30-50  пайызы қоқысқа таста­латынын  айтып  дабыл  қағуда.

Бірақ, азық-түлікті жөн-жосықсыз емес, үнеммен пайдаланатын мемлекеттер де бар. Франция алғашқылардың бірі болып, заңнамалық деңгейде тағам өндірісінің қалдықтарымен күресті. 2016 жылы супермаркеттерде сатылымға шықпай қалған өнімдерді қоқысқа тастауға тыйым салып, оларды қайырымдылық ұйымдарына таратып беруді қолға алған. Ал Данияда мерзімі өтіп кеткен тағамдарды сататын арнайы супермаркеттер ашылған. Онда азық-түліктердің бағасы әдет­тегіден 30-50 пайызға арзанға саты­лады. Дамыған елдерде артық өн­дірудің арқасында өнімді сатудың ең аз тиімді әдісі – оларды полигондарға жіберу. Мәселен, дүкен иесіне сапасыз жемістерді сұрыптайтын адамды жалдау­дан гөрі, бір қорап алманы қоқысқа тастау әлдеқайда арзанға түседі. Фригандар осы тұрғыда әлем «ысырапшыларымен» күрескісі келеді.­

ӨЗДЕРІН  ҚАҢҒЫБАС  САНАМАЙДЫ

Қазақстандағы ірі мегаполистер деп Алматы, Астана мен Шымкент қалаларын айтып жүрміз. Тақырыпқа арқау болып отырған фригандар Алматы­ қаласында  бар. Бір қызығы, олар жастар тобы екен. Олар қоқыс жәшіктеріндегі жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді теріп жеп және күнделікті фотосуреттерін әлеуметтік желілерге салып отырады. Бұл топтың негізгі мақсаты – ақша үнемдеу. Жас болса да, олар бұл әрекеттері үшін қымсынбайтын  көрінеді. Тамақтан бөлек, тіпті  қоқыстан тапқан тұр­мыс­тық техника­ларды сатып та үлгерген. Олар өздерін «қаңғыбастардың қатары­нанбыз» деп есептемейді. Фриган­ жастар­ тобының арасында тұрақты жұмысы мен айлық жалақысы бар жігіттер де бар. Олар тек қоқыстан тамақ тауып жеу арқылы тапқан табыста­рына біршама үнем жасайды. Көпшілігі «жарамдылық мерзімі өтіп кеткен» деп тастай салатын тамақ өнімдерінің арасында жеуге жарамды дүниелер  табылатын  көрінеді.

Ал фригандар денсаулықтары жайын­да бас қатырмайды. Өйткені олар қоқыстан тек «жеуге жарамды және денсаулыққа зиян келтірмейтін өнімдерді таңдап, талғап аламыз» деп ақталады.  Шын мәнісінде дәрігерлер қауымы фригандардың денсаулы­ғында қазір байқалмағанмен уақыт өте келе ішек инфекциялары пайда болатын­дығын  айтып  отыр.

АР-НАМЫС  КОДЕКСІ БАР

Олардың  бұлжымас кодекстері мен қатаң ішкі тәртіптері бар. Басты қағида супермаркеттер мен көпқабатты тұрғын үйлердің қоқыстарынан тамақ­танып, соңдарынан тазалап кетуг­е міндетті. Себебі келесі келген фриган үшін еш қиындық туындамауы қажет. Фригандар бірыңғай байлар­ мекен ететін «қымбат» аудандардағы қоқысты араламайды. Жеке бас қауіпсіздігі үшін құнды қағаздар мен құжаттар тасталуы мүмкін аймақтарға да жоламайды. Өйткені өздері­нің ар-намыс кодексі бойынша жабық аумақтардан қоқыс жинауға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, ауаны ластамай, табиғатты қорғау мақсатында жеңіл көлікпен емес, велосипедпен жүруді қолға алған. Фригандар қатарынан түрлі қызмет өкілдерін кездестіруге болады, күзетшілерден бастап, университет профессорларына дейінгі әрқилы тап өкілдері өздерінің әлеуметтік әркелкіліктеріне қарамастан, өздерін  «нағыз  антикапиталистерміз» деп  санайды.

Вегетариандықтар тек ет, балық және жұмыртқаны ғана емес, сонымен қатар сүт өнімдерін де пайдаланады. Бірақ былғарыдан және үлпектен жасалғ­ан киім кимейді. Америка құрама штаттарында фригандарға арналғ­ан арнайы турлар ұйымдастырылады екен. Мәселен, meetup.com сайтында Сиэтл, Лос-Анджелес, Лондон қалаларындағы аралауға болатын қоқыс аумақтары туралы ақпарат беріле­ді екен. Фригандар осы арқылы қажет нәрселерін тауып алады. Ал freegankitchen.com сайтында қоқыс өнімдерінен жасалған заттарға арналған салат рецептілерін табуға болады. Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметтері бойынша Америкада жылын­а 245 млн тонна қоқыс шығарылады, оның 12%-ы – тамақ. Ал Қазақстанда шамамен жылына 5,5 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар  шығарылады.

ФРИГАНИЗМ:  ПАЙДАСЫ  мен  ЗИЯНЫ

Қалай  болғанда да  қара­пайым халыққа қоқыстың айналасында жүргендердің барлығы бірдей нас, көрер көзге тым жиіркенішті болып көрінеді. Дегенмен, өмір сүрудің мұн­дай бағытын таңдаған­дардың барлығы бірдей «БОМЖ» деген сөз емес. Фригандар қоқыс теруді нарықтық­ экономикаға сай өмір сүруді аз да болса жеңілдету түрі деп қарайды. Әркім өзінің керегін тауып жейді. Фриганизмнің артықшылығы неде? Ол күнделікті өмірде тамаққа ақшаны үнемдейді, планетаны қоқыс қалдықтарынан тазартуға үлес қосады және көптеген құнды заттарды табу мүмкіндігіне ие болады. Құнды заттар дегенге сіз де елең ете қалдыңыз ба? Бұл құны көп, бағасы жоғары заттардың бәрі бірдей қоқыстардан табыла береді деген ұғым емес. Фригандар арасында мұндай «оңай олжаға» тап болатындар ілуде біреу екен. Кемшілігі сол – қоқыс айналасында оларды мазақ етушілер көп болады. Қоғамда оларға аяушылық көзқараспен қарайтын немесе керісінше дөрекілік танытып­, тіпті қол жұмсауға дейін баратын­дар да кездеседі. Фригандар мұндай  агрессиялық  күйге  иммунитет қалыптастырып, өздерін дайын­дайтын  көрінеді.

 

ҚОҚЫС   ЖИНАУ – КЕДЕЙЛІК   ЕМЕС

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, қоқысқа тасталған тағамның 30 па­йызы жеуге жарамды. Қазір АҚШ-тың Бостон қаласында фригандықпен үй шаруасындағы әйелдерден бастап университет профессорларына дейін айналысады екен. Сондай-ақ, олар үшін арнайы «Қоқыс асханасы» ашылғ­ан. Байқағанымыздай, экономикалық даму динамикасы жоғары мемлекеттерде фриганизммен педагогтерге дейін айналысады. Жалақысы­ жоғары профессорлардың өзі қоқыс теретін болса, фриганизмнің де қоғам үшін жайлы тұсы болып тұрғаны ғой. Айналып келгенде тұрмыста тиын үнемдегісі келгеннің барлығы фриган­ға айналса да болады. Бірақ, біздің қоғам оны моральдық жағынан қа­былдауға дайын емес. Фриганизмнің де өзінің адамы болар, бәлкім?!

Түйін. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде қазақстандық фриган жастар жиналған «Фриганизм в Казахстане» атымен тіркелген арнайы паблик бар екен. Онда фригандар өздерінің күнделікті «жұмыстарын» жариялап отырған. Олар жас болса да қоқыс қалдығын нәпақаға айналдырғандарына арланбайды. Бір байқалатыны, олардың арасында қазақтардан гөрі өзге ұлттың өкілдері басым. Дамыған елдерде фриганизм тіпті де ұят қылық емес. Ал біздің қазақы менталитетке қоқысқа жолап кету қаңғыбастың  күйін  кешу  түсінігімен  пара-пар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: