«Өзгеге ұқсауға тырысып, өз болмысыңнан айырылу – адамның рухани жұтаңдығының көрінісі».
Халық даналығы
Адам – өз болмысын үнемі іздеумен өтетін тіршілік иесі. Бұл жолда ол не өз жолын табады, не өзгеге қарап бой түзейді. Міне, осы тұста бір сұрақ туындайды, еліктеу – ессіздің ісі ме, әлде бұл қоғам заңдылығы ма? Психология ғылымы бойынша адам өмірге келген сәтінен бастап-ақ еліктеу арқылы үйренеді. Сәби анасының күлкісіне, сөйлеуіне, жүріс-тұрысына еліктеп өседі. Бұл – табиғи, тіпті қажетті процесс. Алайда, бұл процесс жеке тұлғалық сана қалыптасқан соң жалғаса берсе, онда ол рухани дағдарысқа апаруы мүмкін. Қазіргі қоғамда еліктеу тек үйрену мен тәрбиенің құралы емес, ол қоғамдық құндылықтарды жұтатын вирус секілді. Жастар шетелдік жұлдыздарға, әлеуметтік желідегі блогерлерге, атақты тұлғаларға ұқсап бағуға тырысады. Көшірмелік, сән қуу, жасандылық – нағыз болмыстан алыстап бара жатқанымыздың көрінісі. Қазақтың ұлттық киімінен ұялып, шетелдік стильге қызығу, ана тілінен безініп, «тренд» үшін шала ағылшынша сөйлеу – бұлар да еліктеушіліктің ұлт болашағына қауіп төндіретін көріністері. «Өзгенің өмірін сүріп, өз болмысынан ажыраған жан – адасқан адам». Бұл тұжырым бүгінгі қоғамның бет-бейнесіне қарап айтылғандай. Ақпарат пен әсер тасқынына толы заманда еліктеу күнделікті көрініске айналды. Әлеуметтік желідегі образдар, өмір салттары, «жұлдыз» атанған тұлғалар – бәрі де бір сәттік танымалдыққа ұмтылған жандарға бағыт көрсетіп тұрғандай әсер етеді. Бірақ, осы бір бағыт қайда апарады?
БАТЫСҚА БАС ИЮ немесе ТҮП ТАМЫРДАН ТОҚЫРАУ
Қазіргі қоғамда жаһандану үдерісі қарқын алып, түрлі мәдениет пен өмір салттары арасындағы шекара жойылып барады. Бұқаралық мәдениет пен әлеуметтік желілердің ықпалы күшейіп, адамдардың тұтыну әдеттері мен өмір сүру салтына әсер етуде. Бұл жағдай ұлттық болмыс пен дәстүрлі құндылықтарға қауіп төндіруі мүмкін. Еліктеудің ең қауіпті тұсы – ұлттық құндылықтан алыстатуында. Соңғы жылдары қазақтың төл мәдениеті мен ана тілі екінші қатарға ығысуда. Жастар қазақша сөйлеуге ұялады, ұлттық нақыштағы киімдерді «ескіліктің белгісі» деп қабылдайды. Оның орнына ағылшын сөздерін араластырып сөйлеу, батыстық өмір салтын үлгі тұту сәнге айналды. Бұл – ұлттық болмыстың біртіндеп жойылуының белгісі. Тарих ғылымының кандидаты, тарихшы Әлихан Бекбауыловтың айтуынша, жаһанданумен күресу мүмкін емес. Бірақ жаһандануға жұтылып кетпеудің жолы – ұлттық иммунитетті сақтау. Ал ұлттық сана мен рух әлсіресе, ұлттың дағдарысы басталады.
– Жаһандану – әлемдік өркениеттің заңды үдерісі. Бір жағы – ілгерілеу, екінші жағы – жұтылу қаупі. Егер әр халық өз рухани тұғырын бекем ұстамаса, онда ол ақпарат пен мәдениет тасқынының астында қалуы әбден мүмкін.
Ұлттық иммунитет дегеніміз – тіл, дәстүр, дін, дүниетаным, мәдени мұра және тарих алдындағы жауапкершілік. Бұл иммунитет – халықты сыртқы ықпалдан қорғайтын рухани қорған. Алайда соңғы жылдары бұл қорған әлсіреп, жастар арасында ұлттық құндылықтарға деген немқұрайдылық белең алуда. Көбі қазақ тілінде сөйлеуден қымсынады, төл тарихты терең білмейді, ұлттық музыка мен әдебиеттен алшақтап, шетелдік трендтерді өмірінің өзегіне айналдырып алған. Бұл – жаһандану алдындағы әлсіздік емес, рухани шегіну, – дейді ол.
Ал мәдениеттанушы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Аманкелді Жанбатыр еліктеу тенденциясы тек рухани жұтаңдық емес, ұлттық идентификация дағдарысына алып келуі мүмкін дейді.
– Қазіргі таңда батыстық мәдениеттің үстемдігі өз ұлттық болмысымызды көмескі етіп барады. Қазақы мінез, сөз саптау, ойлау жүйесі біртіндеп әлеуметтік желі талаптарының көлеңкесінде қалып жатыр. Еліктеу – еліне емес, еліктегенге сенім артудың белгісі. Бұл тенденция тек рухани жұтаңдық емес, ұлттық идентификация дағдарысына алып келуі мүмкін. Ал ұлттық код жоғалса, ұлт ретінде сақталудың да мәні қалмайды. Сондықтан, шетелдік мәдениетке соқыр сеніммен қарап, өз құндылығымызды менсінбеу – ұзақмерзімді зардапқа әкелетін үдеріс, – дейді мәдениеттанушы Аманкелді Жанбатыр.
ТҰТЫНУШЫ ТАҢДАУЫ – ШЫН ЕРІК ПЕ, ӘЛДЕ БЕЙСАНАЛЫ БАҒДАР МА?
Бүгінгі таңда дүкен сөресінен тауар таңдағанда немесе онлайн жарнаманы шерткенде, біз оны «өзің қаладың» деп ойлаймыз. Таңдау жасалды. Шешім қабылданды. Барлығы еркіндік тәрізді. Алайда, осы еркіндіктің түбіне үңілсек, «бұл менің шынайы қалауым ба?» деген сұрақ көлденең шығады.
Соңғы жылдары маркетинг саласына жаңаша серпін берген, жарнама мен психологияның арасын жалғаған жаңа ұғым пайда болды – нейромаркетинг. Бұл ғылым саласы тұтынушының шешім қабылдау процесін зерттейді. Оның көзінің қайда тоқтайтыны, қандай түске елең ететіні, тіпті музыка естіп тұрған сәттегі реакциясы – бәрі назарда. Жай ғана сөреге қойылған тәтті тоқаш емес, ол тоқаштың иісі, орамасы, жарқыраған түсі – бәрі бірге сіздің сезіміңізді оятуға бағытталған құрал.
Нейромаркетинг маманы Ерлан Жақып бұл процесті былай түсіндіреді:
– Сіз дүкенге кірген бетте фондық музыка, жарық, сөре орналасуы – бәрі де сіздің көңіл күйіңізді қалыптастырып, таңдау жасауыңызға әсер етеді. Бұл – «priming» деп аталатын техника. Яғни, белгілі бір сигнал арқылы миыңызға алдын ала бағдар беріледі. Нәтижесінде, сіз белгілі бір өнімге бейсаналы түрде жақындай түсесіз.
Шын мәнінде, нарық сізге зат емес, эмоция сатады. Сізге ол киім керек емес, сізге сол киімді киген кезде сезінетін бедел керек. Кофе емес – жайлылық керек. Сол эмоцияны тауып берген бренд – сіздің «қалауыңыз» болып шыға келеді. Әлеуметтік желілер де бұл сценарийдің бел ортасында жүр. Instagram-да сәнді таңғы ас, стильді киімдер, гламур өмір салты көрсетілген посттар мен стористер тұтынушының таңдауын көрінбейтін жіппен басқарады. Жарнама емес сияқты, бірақ дәл жүрекке тиетіндей жеткізілген. Бұл – сананы манипуляциялаудың жаңа деңгейі. Мәселе мұнда ғана емес. Бұл таңдау ертең экономикалық емес, мәдениет пен құндылықты тұтынуға да әсер етеді. Қандай киім киеміз, қандай тілде сөйлейміз, қандай тағам тұтынамыз – бәрі де осы жүйелі әсердің бір бөлігі.
Нейромаркетингтің құдіреті сонда, ол тұтынушыға тауар ұсынбайды – тұлға бейнесін сатады. Яғни сіз, шын мәнінде, өзіңіз болғыңыз келетін адамға айналуға тырысып, тауарды сатып аласыз.
Сонда біз кімбіз? Еркін таңдау жасаушы ма, әлде алгоритмдердің жетегінде кетіп бара жатқан бейсаналы көпшілік пе? Бұл сұрақтың жауабы әркімнің өзінде. Бірақ бір нәрсе анық: бүгінгі ақпарат пен әсердің тасқынында саналы болу ең үлкен еркіндікке айналды.
АС МӘЗІРІНДЕГІ АБЫРОЙ: ТРЕНД ТАҒАМДАР СӘН БЕ, САН БА?
Соңғы жылдары тамақ ішудің өзі тұтыну актісінен гөрі мәдениет көрінісіне айналып барады. Жай ғана астың емес, оның қалай дайындалғаны, қандай жерде ұсынылғаны, қандай ракурста суретке түсірілгені маңыздырақ. Бір кесеге құйылған кофе Instagram-дағы эстетика үлгісіне айналып, қарапайым таңғы ас – лайк жинайтын құралға айналды. Енді біреуге: «Бұл пайдалы ма?» деудің орнына, «Бұл тренд пе?» деген сұрақ қойылатын болды.
Диетолог Айгүл Сапарқызы бұл құбылысты тамақтану мәдениетіндегі бетбұрыс деп бағалайды.
– Адамдар бұрын ас қабылдағанда оның құнарлығына, бойға сіңімділігіне мән беретін. Қазір сыртқы безендірілуі мен желідегі тартымдылығы бірінші орынға шықты. Кейде бір тағам түрінің сәнге айналуы – оның денсаулыққа пайдалы екенін білдірмейді. Керісінше, көптеген «сәнді тағамдардың» құрамында жасырын қант, жасанды хош иістендіргіштер, глютамат пен трансмайлар болады. Қазіргі уақытта тұтынушының таңдауы өз санасына емес, желідегі ықпалға сүйеніп жасалады. Тамақтану тәртібіндегі ең үлкен қауіп – трендке еру, ал өз ағзаңды тыңдамау, – дейді диетолог.
Расында да, «авокадо тост», «матча латте», «глютенсіз десерт», «веган чизкейк» сынды тағамдар саламатты өмір салтының символы ретінде ұсынылады. Бірақ көп жағдайда бұл өнімдер – имидж құралына айналып кеткен. Тамақ ішудің өзі енді өзін көрсету әдісіне айналып, калория емес, контент тұтынылатын кезеңге келдік.
Мәселен, кейбір фаст-фуд өнімдері TikTok-та «вирусный» болғаннан кейін тұтыну көлемі күрт артып кеткен. Ал дәл сол өнімнің денсаулыққа әсері туралы ешкім ойламайды. Адамдар бейсаналы түрде сол өнімді жеуді – топқа тиесілі болудың, «артта қалмаудың» белгісі деп қабылдайды.
Тағам – денсаулықтың іргетасы. Бірақ, егер ол жарнама мен эстетика құрбанына айналса, қорек болудан бұрын қауіпке айналуы мүмкін. Ең өкініштісі, жастардың көпшілігі калорияны емес, кадрды ойлайды. Ас мәзірі – асқазанға емес, лентаға арналғандай қалыптасып келеді.
БОЛМЫС – БҰЛТ ЕМЕС, ОНЫ КӨШПЕН ТҮЗЕТПЕЙСІҢ
Қорыта келе, бүгінгі қоғамда адам өзі емес, өзіне ұқсағысы келетін бір бейненің өмірін сүріп жүргендей. Көңілі трендке байланған, санасы алгоритмге тәуелді. Біреудің стилі, біреудің сөзі, біреудің қалауы – бәрі адам таңдауының орнын басып келеді. Бұл – техникалық прогресс емес, рухани регресс. Ал, еліктеу үйренудің бастапқы баспалдағы болуы мүмкін. Бірақ сол баспалдақта тұрып қалу – өсу емес, тығырық. Еліктеуші тұлға – өз болашағын өзге біреудің көлеңкесіне байлаған жан. Ал елін сүйетін, ұрпағын ойлайтын адам көшке ілесіп жүрмейді, көштің бағытын белгілейді.
Жаһандану – тоқтайтын тасқын емес. Бірақ оның суында ағып кетпеудің жалғыз жолы – өз рухани кемеңді дұрыс бағытта ұстай білу. Бұл – ұлттық сана, мәдени түйсік, және ең бастысы – ішкі еркіндік. Таңдауыңды сен үшін біреу жасамасын. Өйткені нағыз бостандық – өзің бола білу батылдығында.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!