Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысы негізгі көрсеткіштер бойынша алда тұр

13.09.2023, 15:00 242

HALYQLINE.KZ

Биылғы 8 айдың қорытындысымен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында алдыңғы қатарда. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов атап өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«8 айдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің өсімі тіркелді», – деді Үкімет басшысы.

Атап айтқанда, Сыр өңірінде қаңтар-тамыз айларында құрылыс саласында 145,4%, жеке инвестициялар көлемі бойынша 142,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көрсеткіш 119,8% құрады.

Қуантарлығы, биыл Сыр өңірінде өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім бар. Жылдар бойы мұнай өндірісіне тәуелді болған өнеркәсіптік сектордағы оң динамика басқа өнімдер есебінен қалыптасты.

Аймақта мұнай қорының сарқылуына байланысты кезек күттірмейтін шаралар қолға алынды. Инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беріліп, ауыл шаруашылығы өнімділігін, экспорт көлемін арттыру алдыңғы орынға шықты. Өнім өндіруге ынталы азаматтарға мемлекеттік гранттың, жеңілдетілген несиелердің мүмкіндіктері түсіндірілді.

Мұнан бөлек, Қызылорда облысы құрылыс жұмыстарының көлемі мен бюджетті игеру бойынша республикада екінші орында.

Жиыннан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмаларын орындау жөнінде мәжіліс өткізіп, бірқатар нақты тапсырма берді.

«Өздеріңіз байқағандай, Қызылорда облысы 8 ай қорытындысымен барлық негізгі көрсеткіштерге қол жеткізіп, бірқатар көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарға орнықты. Әсіресе, өңірімізде көп жылдан бері төмен тенденция көрсетіп келген өңдеуші өнеркәсіп көрсеткіші биыл оң динамикаға шықты. Осы жұмысты әрі қарай жалғастыру керек. Мұнай өндіру азайғанына қарамастан, өзге даму мүмкіндіктерін қарастыру қажет», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: