Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс орталығын көгалдандыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асады

20.02.2024, 8:25 139

HALYQLINE.KZ

 

Кеше Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев брифинг берді. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында өткен жылы 267 көшеге әртүрлі жөндеу жұмысы жүргізіліп, 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ал биыл 50 көше жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, Жаппасбай батыр, Қожа Ахмет Яссауи, Е.Көшербаев көшелері 4 жолаққа кеңейтіледі, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейін жаңадан жол салынады. Сонымен қатар, 47 көшеге жаяу жүргіншілер жолы түседі. 54 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. 21 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 19 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады және 16 үйдің қасбеті жаңартылады, – деді Жеңісбек Исламұлы.

Өткен жылы көпірлер құрылысы бойынша ауқымды жобалар жүзеге асты. Атап айтқанда, Белкөл кентіндегі, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірлері, Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына көлік пен жаяу жүргіншілерге арналған көпір пайдалануға берілді. Биылғы жылы да бұл бағыттағы іргелі істер өз жалғасын табуда. Соның бірі, «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының бойында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысы бастау алады.

Сондай-ақ, Әйтеке би көшесі (Желтоқсан көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін) Ы.Жахаев көшесі (Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін) абаттандырылады. Ал өткен жылы құрылысы басталған Орталық алаңды абаттандыру жұмыстарын биылғы жылдың жаз айларында аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кету керек, халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында 2022 жылы 150 жаңа автобус сатып алынса, өткен жылы тағы 50 үлкен сыйымдылықтағы көлік қалалық және қала маңындағы бағыттарға қосылды. Осы жылы 100 жаңа автобустың ел игілігіне берілуі жоспарланса, соның 70-і өткен аптада табысталды.

– Биыл жаңадан «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылды. Бұл мекеме тікелей қаланы аяқ сумен қамтамасыз етумен және көгалдандырумен айналысады. Нәтижесінде алдағы уақытта облыс орталығын көгалдандыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асатын болады, – деп қорытындылады бөлім басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: