Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Несие алу мерзімін ұзарту неге әкеліп соғады?

10.08.2023, 11:40 196

Халқымыздың 3/1 бөлігі мемлекетке қарыз. Яғни, әрбір үшінші адамда несие бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын, тіпті күн санап өсіп келеді. Алмақтың да салмағы бар демекші, несие  көп пайыз етіп қайтарылатынымен ерекше. Алған қарызыңызды уақытында қайтарып үлгермесеңіз, өсімпұлға ілігесіз. Мұнан бөлек, банк алдындағы «беделіңізге» де сызат түспек. Жалпы, қарыз алып, «қораға» кіргенде ешкім әліптің артын баға бермейді. Сондықтан болар, әрбір 4-ші адам алған қарызын қайтаруды кешіктіреді немесе төлеуден қашып, банк операторларын біраз әуреге салатын көрінеді. Ақша жүрген жерде алаяқтардың да бар екені белгілі. Соңғы уақытта цифрлық әлеуеттің артқаны сонша, смартфоныңыздан 2-3 түймені басып, 2-3 минут аралығында қарыз алуыңызға болады. Рәсімдеуді тез жасау алаяқтардың ісін жеңілдетіп, қарапайым халықтың алдану ықтималдығын жоғарылатып жіберген бе дейсің.

Осыған  байланысты  енді  несие  рәсімдеу  мерзімі  ұзаруы  мүмкін. Бұл адамдардың жауапкершілігін арттырып, қарызды қайтаруға деген жылдамдығын тездетеді деген болжам бар. Осы дүние төңірегінде жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Қазір жұртшылықтың қалтасы қалың, орта таптағы адамдар десек, өтірік болар, бір жалақыны бір айға жеткізе алмай отырғандар да баршылық. Сол үшін қарыз алу мерзімін ұзартпай, керісінше, цифр­лық  әлеуетін  арттырған  дұрыс  екен. Бұл – қаржыгердің  пікірі.

– Несие алуды қиындату халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетіп жіберуі мүмкін. Бұл – менің болжамым. «Неге?» десеңіз, халқымыздың 70-80 пайызы құнды дүниелерді (үй, көлік, т.б. – авт.) қарызға яғни несие рәсімдеп алады. Сонымен қатар, киім-кешек пен тамақ түрлерін де бөліп төлеу мен қарызға алуды әдетке айналдыр­ған. Өйткені, ол қолжетімді. Бүкіл әлем бойынша несие карталары бар. Бұл біздің экономикамыздың дамуына да әсер етеді. Несиесі бар адамдардың саны артқан сайын, мемлекетте орта тап өкілдерінің  жоғарылау  ықтималдығы  артады. Жұмыс ауыстыру азайып, нақты несиені төлеуге деген жауапкершілік те жоғарылайды. Осы тұрғыдан қарағанда, несие алуды қиындату кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұдан бөлек, бұл экономикалық тұрақтылықты тудырады деп ойлаймын. Егер, несие алу қиындайтын болса, онда адамдарда да жауапкершілік азая бастайды. Ал қарыз алушылар саны азайса, экономикалық тұрақсыздық басымдық танытуы мүмкін. Мұндай кезде адамдардың үй-жайлары мен көліктерді сату және өткізу жылдамдығы азайып, сауда-саттыққа да қажеттіліктің толықталмауына да өз зардабын тигізеді. Халықты несиемен қамтамасыз ету қазір тенденциясыз  жүріп  жатыр, – деді  Сымбат  Сағидоллаева.

Қаржыгердің пікірінше орта тап өкілдерінің санын арттыру еліміздің  экономикасы  орныққан мемлекеттердің  қатарына енуіне  ықпал етеді. Бұл үшін қарыз алу мен несие рәсімдеу шарттарын  өзгерту  керек  емес.

– Қазақстан әлемдегі үздік мемлекеттердің қатарына енуді жолға  қойған  ғой,  бұл  ретте  несие  алуды  жеңілдеткен  тиімді деген  дүниені айта береміз. Ол әлемдік тенденцияға үлгеріп, жоғарыға қарай ұмтылу үшін. Өйткені, мемлекетімізде инвестиция құйы­лып, үлкен  үйлер  салынып  жатыр.  Оны  халыққа  ипотекамен немесе несие арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ал несие алу қиындаса, мұндай дүниелер игерілмей қалуы мүмкін. Ал бұл инфраструктураның дамуына  өз  ықпалын  тигізеді, – деп  пікір  білдірді  қаржыгер.

Тағы бір айта кетерлігі, мұндай кезде алаяқтардан өте сақ болу керек. Телефон нөміріңізге келген кодты ешкімге айтпай, елемей қойғаныңыз жөн. Яғни, сіздің шекараңызға келген хаттар мен цифрларды ешкімнің білуіне құқығы жоқ. Бұл да – қаржыгер кеңесі.

Осы тұрғыдан тұрғындардың пікірі әр алуан. Егер, несие берілмесе, тұрмыстық қажеттіліктер мен әлеуметтік жағдай орнық­пайды. Ал бірінің пікірі несие беру азайса, қарызға өмір сүру де азаяр  еді  дейді.

– Өзім үйден бастап, үй жиһаздарын да несиеге, ипотекаға рәсімдегенмін. Тұрақты жұмысым болғандықтан, қарызға өмір сүруді қолай­лы деп есептеймін. Есесіне қажеттіліктерден түгел болмаса да, біршамасынан құтылып үлгердім. Менің ойымша, несиемен өмір сүру – заман  талабы. Солай секілді, – деді  тұрғын  А.Тұрғанбай.

Жалпы, қарыз рәсімдеген уақытта алушылардың толық деректері тексеріледі. Дегенмен, жалған жалақы мен жанама табысты көбейтіп айтқандарда несие болып жатыр. Өзі айтқандай табыс таппайтын адам қарызын қайтіп төлемек? Мұндайда жоғарыдағыларға тағылар сын бар. Ол берешегі бар адамға қарыз бермеу керек дегенге саяды.

– Өз басым несие алу дегенді құп көрмеймін. Артық айтқаным емес, дегенмен, бұл жұртшылықты мәдениетті тонаудың бір түрі ғой. Адамдарға керісінше қарызға жоламай, несие рәсімдемей, депозит­ке ақша жинап, қажетін алуды насихаттауымыз керек. Несие алу мерзімін ұзарту дегенді қолдаймын. Осы іске асса, кедейлік төмендейтін шығар. Адамдардың күнін қарыз төлеуді уайымдаумен өткізгенін қаламаймын. Бізге шыдамдылық пен ыждағат жетіс­пейтін секілді. Әйтпесе қарыз алуды кім құп көрсін? – деді  қала  тұрғыны  Асылзат  Көкен.

Несие алудың жеңілдеуі расында бізді деградацияға алып келе жатқан  секілді. Қолымызда бар қаражат көзді ашып  жұмғанша  судай  ағып  кетеді. Табыста тұрақтылық жоқ. Өйткені, қымбат-қымбат көлік алып, үй-жайға орналасып, жағдайды жасап жатырмыз. Соңында қиналып қалатын өзіміз. Бұл тақырыпқа бейтарап тұрғыдан қарайтын болсақ, халыққа қажеті – пайызсыз несие. Бірақ, бұл мемлекеттің қаражатына қыруар шығын әкелетін болғандықтан, тым құрығанда пайызды азайту қажет. Несие­ні мүлдем тоқтату қажет дегенді қолдауға қауқар жоқ. Бәрібір бір кем дүние алаңдатып тұрады. Сондықтан, несие  алушының бұған дейінгі өтем тарихы мен шынайы табысына шақтап ғана  қарыз  беруге болады. Бірақ, біздегілер мұны сұрағанның  бәріне  бірдей  үлестіру  керек  деп  түсінбесе  екен.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: